Еліміздің мектеп басқару жүйесінде кадр тапшылығы күшейіп отыр. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мәліметінше, қазіргі таңда республика бойынша 490 мектеп директорының орны бос тұр. Бұл туралы ол өңірлік білім басқармалары басшылары қатысқан кеңейтілген алқа отырысында айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Министрлік деректеріне сәйкес, директор жетіспеушілігі әсіресе Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында айқын сезіледі. Бұл өңірлерде мектеп басқаруға лайық кәсіби кадр табу барған сайын қиындап келеді.
Әр бес үміткердің төртеуі талаптан өте алмайды
Кадр тапшылығының негізгі себептерінің бірі – үміткерлердің басқарушылық құзыретінің жеткіліксіздігі. 2025 жылы өткен тестілеу нәтижесі бойынша, мектеп директоры лауазымына үміткерлердің небәрі 21 пайызы ғана сынақтан сәтті өткен. Яғни бес кандидаттың төртеуі талапқа сай келмеген.
Министрлік осыған байланысты басқа өңірлерден тәжірибелі менеджерлерді тарту мүмкіндігін де қарастырып жатыр.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, басқарудағы әлсіздік тек әкімшілік мәселелермен шектелмейді. Ол білім сапасына, мұғалімдер арасындағы кәсіби ахуалға және жалпы мектеп ішіндегі климатқа тікелей ықпал етеді.
Сонымен қатар соңғы кәсіби бағалау қорытындысы алаңдатарлық: мұғалімдердің 52,62 пайызы белгіленген білім шегінен өте алмаған. Ең төмен көрсеткіш Түркістан, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында тіркелген.
Бұл деректер білім беру жүйесінде жүйелі проблемалардың бар екенін аңғартады.
"Жоба саны емес, нәтиже маңызды"
Алқа отырысында министр формалды есепке негізделген тәсілді сынға алды.
"Өкінішке қарай, әлі күнге дейін білім сапасын нақты нәтиже арқылы емес, жүзеге асқан жобалардың санымен өлшейтін басқарушылар бар. Бізге қағаз жүзіндегі көрсеткіш емес, оқушы білімінің нақты өсуі керек. Шынайы нәтижеге тек ашық талқылау мен бірлескен шешім арқылы жетеміз", – деді министр.
Директор – өмір бойғы лауазым емес
Бұған дейін министр мектеп директорларын екі оқу жылына ғана тағайындау туралы бастама көтерген еді. Бұл ұсыныс қоғамда қызу пікірталас тудырды. Депутаттар табысты жұмыс істеп жүрген басшыларға қызметін жалғастыруға мүмкіндік берілуі тиіс екенін айтты.
Алайда министр өз ұстанымын нақты білдірді:
"Мектеп директоры – өмір бойы отыратын орынтақ емес. Бұл – белгілі бір мерзімге жүктелетін басқарушылық миссия".
Министрдің айтуынша, халықаралық тәжірибеде бұл мәселе әлдеқашан шешімін тапқан. Мысалы, Сингапур мен Финляндияда директорлар ротациядан кейін де білім саласында жұмысын жалғастырады – ментор, әдіскер немесе басқару бойынша сарапшы ретінде.
Қазақстанда да осындай модель енгізу жоспарлануда. Себебі орта білім беру жүйесінде 400 мыңға жуық мұғалім еңбек етеді. Солардың арасынан басқарушылық әлеуеті жоғары мамандарды іріктеу – басты міндет.
Ұсынылып отырған жаңа тәртіп бойынша:
- директор алғашында 2 оқу жылына тағайындалады;
- жұмысы оң бағаланса, өкілеттігі тағы 2 жылға ұзартылуы мүмкін;
- алайда бір мектепті 4 оқу жылынан артық басқаруға рұқсат етілмейді.
Бұл өзгерістер мектеп басқару жүйесіне жаңаша серпін беріп, жауапкершілік пен тиімділікті арттыруға бағытталған.