Шабуылға ұшыраған Берденовтің жағдайы белгілі болды
Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің жағдайы белгілі болды

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің жағдайы белгілі болды, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, Руслан Берденовке операция жасалған, өміріне қауіп жоқ.
"Шымкент әкімінің орынбасары оқ жарақатымен қалалық ауруханаға түсті. Оған шұғыл операция жасалды. Операция барысында қан кету тоқтатылды, зақым қалпына келтірілді. Өміріне қауіп жоқ", - деп жазылған хабарламада.
Мәліметке сүйенсек, оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланады. Шенеунік дәрігерлердің тұрақты бақылауында және қажет медициналық көмекті алып жатыр.
Еске салайық, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды.
Полиция мәліметінше, қылмысты жасаған күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Берденов туралы не белгілі?
Ол 1985 жылы 6 наурызда Шымкент қаласында дүниеге келген. 2006 жылы менеджмент мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 2009 жылы КИМЭП университетін Іскерлік басқару магистрі (MBA) дәрежесімен бітірді.
Еңбек жолын 2005 жылы "Алматы құс" ААҚ ("Сеймар" тобы) компаниясының бөлшек сауда директоры қызметінен бастады.
2007 жылғы ақпан - 2010 жылғы шілде Procter & Gamble компаниясының бас логистикалық үйлестірушісі.
2010 жылғы шілде - 2012 жылғы қараша Eastcomtrans ЖШС жылжымалы құрамды жалдау бөлімінің бастығы.
2012 жылғы қараша - 2018 жылғы мамыр "Ақ ниет" ЖШС бас директоры.
2018 жылғы қараша - 2019 жылғы сәуір "Ақ ниет" ЖШС байқау кеңесінің мүшесі.
2019 жылғы сәуір - 2023 жылғы наурыз Aq niet Group байқау кеңесі төрағасының орынбасары.
2023 жылғы 29 наурыздан бастап Respublica партиясының партиялық тізімі бойынша VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі.
2023 жылғы наурыздан бастап VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып Respublica партиясының партиялық тізімі бойынша сайланды.
Биыл Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Фото: parlam.kz