freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

ОПЕК елдері мұнай өндіруді тәулігіне 1,66 млн баррельге арттырды

Экономика
ОПЕК елдері мұнай өндіруді тәулігіне 1,66 млн баррельге арттырды
Gulf Today

Мұнай экспорттаушы елдер ұйымына (ОПЕК) мүше мемлекеттердің шикі мұнай өндіру көлемі шілдеде алдыңғы аймен салыстырғанда тәулігіне 1 млн 659 мың баррельге артып, 23 млн 632 мың баррельге жетті, деп хабарлайды Анадолу.

ОПЕК-тің мұнай нарығы туралы ай сайынғы есебіне сәйкес, өткен айда өндіріс көлемінің ең жоғары өсімі Иракта тіркелді. Елдегі мұнай өндірісі тәулігіне 665 мың баррельге артып, 2 млн 621 мың баррельге жетті.

Одан кейін Сауд Арабиясы тұр. Бұл елде өндіріс тәулігіне 590 мың баррельге өсіп, 7 млн 352 мың баррель болды. Кувейтте көрсеткіш 393 мың баррельге артып, тәулігіне 1 млн 845 мың баррельге жетті.

Ал мұнай өндірісі ең көп төмендеген елдер – Нигерия мен Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ). Нигерияда тәуліктік өндіріс 37 мың баррельге азайып, 1 млн 546 мың баррельді құрады. БАӘ-де өндіріс 30 мың баррельге төмендеп, 3 млн 780 мың баррель болды.

Осылайша, ОПЕК елдерінің шілдедегі шикі мұнай өндірісі алдыңғы аймен салыстырғанда тәулігіне 1 млн 659 мың баррельге өсіп, 23 млн 632 мың баррельге жетті.

Сонымен қатар ОПЕК елдері мен ұйымға кірмейтін бірқатар мұнай өндіруші мемлекеттерден құралған «ОПЕК+» тобының жалпы тәуліктік мұнай өндірісі осы кезеңде 1 млн 424 мың баррельге артып, 37 млн 655 мың баррельді құрады.

ОПЕК биылғы мұнай сұранысы бойынша болжамын төмендетті

ОПЕК биыл әлемдік мұнай сұранысының өсуіне қатысты болжамын төмендетіп, келер жылға арналған болжамын керісінше жоғарылатты.

Ұйымның есебіне сәйкес, биыл әлемдік мұнай сұранысы былтырмен салыстырғанда тәулігіне шамамен 580 мың баррельге артып, 105 млн 740 мың баррельге жетеді деп күтіледі.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) кірмейтін елдерде биыл мұнайға сұраныс тәулігіне 610 мың баррельге өсіп, 59 млн 820 мың баррельге жетеді деп болжанып отыр.

Ал ЭЫДҰ елдерінде сұраныс тәулігіне 40 мың баррельге азайып, 45 млн 910 мың баррель болады деп күтіледі.

Келер жылы әлемдік мұнай сұранысы биылғы көрсеткішпен салыстырғанда тәулігіне 2 млн 160 мың баррельге өсіп, 107 млн 900 мың баррельге жетеді деген болжам бар.




 


 

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу