Қарағандыда даулы тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтатылды

Қарағанды облысы әкімдігі Орталық саябақ маңындағы даулы құрылыс жобасын тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
"Қоғамда бұрынғы «Фэнтези» саябағы аумағында жүргізіліп жатқан құрылысқа қатысты пікірталас жалғасуда. 21 сәуірден бастап менің тапсырмаммен барлық құрылыс жұмыстары тоқтатылды. Құрылыс компаниясы бұл туралы ресми түрде хабарланды", – деді әкім.
Аталған жобаға жергілікті тұрғындар қарсы шыққан болатын. Олар қала инфрақұрылымына түсетін салмақтың артуына алаңдаса, кейбірі саябақ пен жасанды көлдің жойылып кетуі мүмкін екенін айтып, наразылық білдірді.
Құрылыс жүргізуді жоспарлаған BI Group компаниясы бұған дейін парктің жанына тиесілі 5 гектар жерді жекеменшік тұлғадан сатып алғанын хабарлаған. Компанияның айтуынша, бұл аумақта соңғы 10 жылдан бері тозығы жеткен ғимараттар, жарықтандыру мен инженерлік желілер болмаған.
Жоспар бойынша, бұл жерге көпқабатты тұрғын үй, қонақүй кешені, кеңсе ғимараттары мен саябақ аймағы салынуы тиіс еді.
Алайда BI Group бұл жердің 2 гектарын — нарықтық құны 1,5 млрд теңге – қалаға сыйға тартып, ол аумақ саябақтың құрамына кіріп, Арбат аймағы ретінде көркейтіледі деп уәде берген. Сонымен қатар, құрылыс салушы компания экологиялық өтем ретінде 4700 ағаш отырғызуға міндеттелген.
Енді құрылыс толық тоқтап тұр. Әкімдіктің шешімі қала тұрғындарының даусын ескергенінің белгісі деуге болады.
Фото: pixabay.com
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
