"Қонаев туралы деректі фильм қазақты біріктірді"

Елнұр Бақытқызы

  • 02.06.2021

Ақын, кинорежиссер Ербол Жұмағұл екі күн бұрын әлеуметтік желідегі парақшасында Дінмұхамед Қонаев туралы деректі фильмнің түсірілімін жалғастыру үшін халықтан асар жасап, көмек көрсетуді сұрады. Себебі 2020 жылдың күзінен бері өз бастамасымен Дінмұхамед Қонаев туралы деректі фильмді құрылтайшылар ақшасына түсіріп жүрген Ербол Жұмағұл құрылтайшының бірі аяқ астынан шешімін өзгертіп, жобаны қаржыландырудан бас тартты дейді. Қонаев туралы фильмге жылу жиналып жатқанын естіген халық екі күнде 3 миллион теңге аударып үлгерген. Ербол Жұмағұл Дінмұхамед Қонаевқа деген ілтипат пен сүйіспеншілік халықты біріктіре алғанын айтады.

– Дінмұхамед Қонаев туралы фильмге тоқталсаңыз. Қонаев туралы фильм түсіру идеясы қалай келді?

–  Дінмұхамед Қонаев жайлы деректі фильм түсіру идеясы 3-4 жылдан бері ойымда жүрді. Себебі соңғы 30 жылда Димекең туралы жақсы деректі фильм шыққан жоқ. Қонаев туралы Youtube-те 8 деректі фильм бар. Өз деректі фильмімді түсірер алдында сол фильмдерді қайталамас үшін оларды зерттеп, қарап шықтым. Біз Димекеңнің образы басқаша шығуы үшін оған басқа қырынан қарап, оның  алып тұлғасын ашқымыз келеді. Оның қандай ғалым, ұл болғанын көрсеткіміз келеді. Дінмұхамед Қонаевтың әкесі Меңліахмет Қонаевтың аудиосын таптым. Бұл – еш жерде жарияланбаған архив материалы.

Димекең туралы фильм түсіру – жеке бастамам. Оны жеке студияда түсіріп жатырмыз. Бұған мемлекеттің қатысы жоқ.

Фильм түсіру идеясын пісіргеннен кейін екі құрылтайшы табылды. Сөйтіп, былтыр қыркүйектен бастап фильм түсіре бастадық. Құрылтайшының бірі ақшаны берді де, екіншісі "ақша бермеймін" деп шешімін өзгертті. Осылайша қаңтардан бастап басқа жобалардан түскен ақшаны Қонаев туралы фильмге салып жүрдім. Бірақ сол ақша біткен соң қобалжып қалдым. Өйткені фильмді жазда түсіру керек. Жазда түсіріп үлгермесем, фильм тағы бір жылға қалады. Ал бір жылға шегерілсе, қазір жұмыс істеп жүрген топ тарап кетеді. Оларға жарты жыл күте түр деп айта алмаймын ғой. Жарты жылдан кейін оларды таба аламын ба, таба алмаймын ба, тағы белгісіз. Оның үстіне түсірілім ырғағы бар. Біз 45 күнді түсіріп біттік. Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Тоқтар Әубәкіров, Рауза Қонаев пен Диар Қонаевтардан сұхбат алып түсірдік.

Сосын қаржы біткен соң,  екі айдай ақша іздеп жүріп қалдым. Қалталы кісілермен кездесіп,  презентация жасап түсіндіріп жүрдім. Ақыры қол созып шаршадым. Шаршағаннан кейін Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшамда фильмге ақша жинап, асар жасау туралы пост жаздым. Бұл жазба көп реакция жинады. Қазақ оянып, Димекеңнің аруағы үшін фильмге ақша аудара бастады. Екі күннің ішінде 3 миллион теңге жиналды. Дінмұхамед Қонаевтың қоры 500 мың теңге берді. Осылайша фильмге қажет 20 миллион теңгенің бестен бірін таптық деуге болады.

Ербол Жұмағұл, фото Ербол Жұмағұлдың Facebook парақшасынан алынды

– Халық жан-жақтан картаңызға ақша аударғанда хабарлама жазып жатқан шығар? Сізге ерекше әсер еткен хабарламалар бар ма?

– Иә, адамды тебірентетін сөздер жазады. Бірі 50 мың, енді бірі 100 мың, кейбірі 150 мың, бір адам тіпті 300 мың теңге жіберді. Жалпы, қалың қазақ 200 теңге, 150 теңге, 300 теңге жіберіп, жылы сөз, лебіз, батасын жазып жатыр. Бұл маған ары қарайғы ізденісіме үлкен шабыт береді.

"Бұл фильм шығуы керек" деп 270 теңге жібергенде, жылағың келіп кетеді. Бұл ақшаны жіберген адам "Мерседес" мінген емес, өзің сияқты қалың қазақтың бірі екенін түсінесің. Тиын санап жүрген қазақ болса да, Димекеңнің аруағына бағыштап 200-500 теңге болса да аударып, үлес қосып жатыр. Халықтың бірігіп, асар жасап жатқаны сезіліп тұр. Мұның әсері керемет.

Кеше "Жұмысың абыройлы болсын, Ербол. Қойшылардан" деп 88 мың теңге аударып жіберіпті. Айдаладағы қойшылар фильмге ақша жинап, үлесін қосып жатқаны да тебірентеді.

19, 20 жастағы студенттер де шама-шарқынша ақша салып жатыр. 130 теңге салып жіберген студент "студент болмасам, 130 мың теңге берер едім" деп жазыпты. Бірақ бұл да біреудің 130 мың теңге бергенінен еш кем емес.

– Фильмге ақша жинау әлі қанша уақыт жалғасады?

– Құдай қаласа, ақша 7-8 күнде жиналатын шығар. Тағы бір қалталы кісілер хабарласып жатыр. Қажет сома жиналып біткен соң, сосын ақша жинауды жауып тастаймын. Артынша есеп беремін. Картаға түскен ақшаны фирмамның есепшотына аударамын. Өйткені ақпан айынан бері түсірілім тобындағы адамдарға жалақы қарызбын. Екінші режиссер, атқарушы продюсер, фильм директоры, оператордың жалақысы төленбеді. Өзім бұл фильмнің режиисері, сценарий жазушы және продюсермін. Сценарий мен режиссура үшін өзім де ақша алмадым. Өзіме ақшаны ең соңында төлеймін.

Бастапқыда фильм бюджетінде актер болған жоқ. Бірақ фильмді түсірер алдында Құдай сәтін келтіріп, актер табыла кетті. Содан кейін өз ақшамды актерге жұмсадым. Сөйтіп, бюджет өсіп кетті. Өйткені актер астанадан келеді. Оған ұшаққа билет алу керек, тұратын жері тағы бар. Актер бар болған соң, жүргізушіні қостық. Содан гример керек болды. Гример тартқан соң, парик керек. Актерді түсіргеннен кейін пиротехник керек. Мұның бәрі ақша.

Бұл жеке студияда өз бастамамызбен түсіріліп жатқан фильм. Мемлекеттің тапсырысы емес.

– Әдетте мұндай фильмді түсіретіндер мәдениет министрлігіне, "Қазақфильмге" барып ақша сұрайды...

– Мемлекетпен жұмыс істеп көрдім. 2013 жылы "Қазақфильмде" "Кітап" деген көркем фильм түсірдім. Оның тұсаукесері Пусан қаласындағы Азия кинофестивалінде өтті. Фильм Рамазан кезінде барлық телеарнада көрсетіліп жүр. Бірақ фильм прокатқа жіберілмеді, ал менің бұл фильмге құқығым жоқ. Сондықтан мемлекетпен жұмыс істеуден бас тарттым. Себебі мемлекетпен жұмыс істеу ыңғайсыз.

Оның үстіне мемлекет саған ақша берсе, "ананы түсір, мынаны түсірме" деп айта бастайды. Немесе мемлекетпен жұмыс істейтін режиссерлер өздеріне өздері шектеп, цензура қоя бастайды. Ал бізге шындық керек. Жалпы, Қонаев туралы ғана емес, кез келген фильмді түсіргенде ішкі бостандық керек. Мемлекетпен істесең, ішкі бостандық болмайды.

Жалпы, киноға өнер ретінде қараймын. Қонаев туралы фильмде үлкен шығармашылық ізденіс болады. Бұл жай ғана архив пен кадр сыртындағы дауыстан тұратын деректі фильм емес. Димекең туралы бұған дейін түсірілген фильмдерде кадр сыртындағы мәтін мен архивті ұра салған. Ал менің фильмдерімде кадр сыртындағы дауыс жоқ. Сұхбат беретін адамдар арқылы тақырыпты ашуға тырысамын. Архив деректерін фильмде бергенді ұнатпаймын.

Мысалы, ашаршылық дейміз. Бірақ көзі ашық, білімге бет бұрған кез келген қазақ Голощекин кім екенін, ашаршылықта қанша қазақ қырылғанын, бұл геноцид пе, жоқ па, оның бәрін жақсы біледі. Сондықтан Ашаршылық туралы фильм түсірсек, нәубет бүгінгі қоғамға қалай әсер етті, жемқорлық, адамдарға сенбеу, өзіне сенбеу сол ашаршылық салдары ма дегенді зерттеп, түсіру керек. Ал баяғыдағы архивті қайта әкеп, деректерді оқып беру кімге қызық? Ал бізде сол архив негізінде жасай салады. Немесе Майя Бекбаева сияқты ернін бояп, қысқа юбка киіп, 1937 жылы атылған Алаш арыстары туралы фильмде сөйлеп тұрады. Бұл деректі фильм емес, телерепортаж. Ал біз бір деректі фильмді бір жарым жыл түсіреміз.

– Фильм түсіріліп аяқталған соң, одан белгілі бір пайда түсе ме?

– Пайда болғанда, түсірілім тобына жалақы төлеймін. Әркім өз жұмысының ақысын алуы керек. Бірақ, әрине, бұл ондай үлкен пайда емес. Бұл жердегі басты пайда сауап шығар. Қазірдің өзінде фильм пайдасын тигізіп жатыр. Ол – митинг біріктірмеген қазақты осы жоба біріктірді.  Екі күнде 800-ге жуық адам ақша аударды. Бәлкім, фильмді көктемде аяқтап, тұсаукесерден кейін шағын прокатқа жіберетін шығармыз.

– Жобаға 800 адам ақша аударды, халық оянды деп жатырсыз. Бұл немен байланысты?

– Бұл халықтың Қонаевқа ілтипаты, сүйіспеншілігі, алғысы. Әрине, өзім фильмге ақша жинаймын деп жазсам, мұндай реакция болмас еді. Мұның бәрі Димекеңнің аруағы. Қазір мұражайға айналған Қонаев тұрған пәтерге балалар, жастар, студенттер барады. Неге? Өйткені қоғамға Димекеңдей кейіпкер жетіспей тұр. Соңғы отыз жылда ондай кейіпкер пайда болған жоқ. Халық сондай кейіпкерлерді аңсайды.

Редакциядан: Дінмұхамед Қонаев туралы деректі фильмнің көрерменге жол тартуына көмектесемін деушілер Ербол Жұмағұлдың "Каспи голд" картасына ақша аудара алады: 4400 4301 2988 5205

Фотолар Ербол Жұмағұлдың Facebook парақшасынан алынды

Байланысты жаналықтар

Бейбіт митинг қантөгіске ұласады деп ойламадық - дәрігерлер Қаңтар қырғынын еске алды

28.01.2022

Тәуелсіздік күні бүгін тойлануы тиіс

25.10.2020

Дос Көшім: Қазақ жерін өзінен басқа ешкім қорғамайды

24.12.2020

"Министр Біртанов отставкаға кетуі тиіс"

27.04.2020

"Шетелде жүргендер елге келмесін деген дұрыс емес"

25.03.2020

Сол кеткеннен мол кеттім, бір доза - бір жылдық тәуелділік - бұрынғы нашақордың әңгімесі

29.04.2022
MalimBlocks
Бейбіт митинг қантөгіске ұласады деп ойламадық - дәрігерлер Қаңтар қырғынын еске алды

Тәуелсіздік күні бүгін тойлануы тиіс

Дос Көшім: Қазақ жерін өзінен басқа ешкім қорғамайды

"Министр Біртанов отставкаға кетуі тиіс"

"Шетелде жүргендер елге келмесін деген дұрыс емес"

Сол кеткеннен мол кеттім, бір доза - бір жылдық тәуелділік - бұрынғы нашақордың әңгімесі