Адасқандарды «адастыру». Ақтаулық шенділер не қарап жүр?

Ақтаулық көпбалалы аналар облыс әкімдігінен 25 мың теңге даулап жүр.

  • 15.09.2021

Әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы аналар жаңа оқу жылы қарсаңында әр баласы үшін берілетін 25 мың теңгені ала алмадық деп мұң шағады.  Оған себеп, оларға қолында құзыры бар әр мекеме әр түрлі сөйлейді. Осыдан келіп, онсыз да бітпейтін күнделікті күйбелең тірліктен шақшадай бастары шарадай болған аналар облыс әкімдігіне талап қойып келген.

Олай істейтін жөндері де бар. Мектепте оқу басталып кеткен, ал әлеуметтік төлемақыдан үміт аналар балаларына әлі мектеп формасы мен оқу құралдарын алмаған. Олар бұл қаражатт жылда тамыз айының соңына дейін алып жүрсе, биыл сабақ басталғанына екі апта өтсе де ақша әлі қолдарына тимеген.

«Ақтаудағы №19 мектепте төрт балам оқиды. Бір қызым студент, төрт балам мектеп жасында, кіші балам екі жаста, бізге әлеуметтік көмек ауадай керек.  Алайда 25 мың теңге бізге берілген жоқ. Балалардың заттарын алу үшін ақша жетпейді. Жолдасым жұмыссыз. «Күміс алқа» иегерімін. Көз бойынша мүгедектік тобындамын. Басқа мектептерде бұл төлемақы беріліп жатыр. Мектепке дейінгі даярлық тобына барған баламызға керек-жарағын әпереміз деп шығынға баттық. Қазір барлық заттардың бағасы қымбат. Сондықтан 25 мың теңгені бізге берсін. Әкімшілікке сол үшін талап етіп бардық. Бізге келгенде құжаттан мәселе туындап, «ананы тапсыр, мынаны тапсыр» деп жатыр. Бір күнде шыққан заң деп айтады. Ондай заң жоқ. Қалалық білім бөліміне барғанмен нәтиже жоқ. Сол үшін әкімшілікке келдік. Балаларды сабаққа барымен жіберіп отырмыз. Студент қызым ақылы бөлімде оқиды. Барымызды соның оқуына төледік», -дейді көпбалалы ана Ақбөпе Бойдақова malim.kz тілшісіне.

Наразы топпен бірге келген ана Сәуле «Жолдасымның еңбекақысы 50 мың теңге, балам бірінші топ мүгедегі, өзім үшінші топтамын. Баламыз үшін 25 мың теңгені берсе деймін. Бұл төлемақы аз қамтылған отбасыларға берілуі тиіс. Мұнайлы ауданындағы ауылдарға төленді. Ал Ақтаудағы №19, 29 мектеп оқушыларына әлі бермей отыр. Мектеп бізден мектеп формасын талап етуде. Тиісті ақшаны төлемеді. Басқа мектептің көпбалалы отбасыларына бұл қаражатты төлеген. Директор уақытша отырмын деп сылтау айтады. Әлеуметтік педагог «Совбезге» сілтейді. Оларға барсақ атаулы әлеуметтік көмек жеткілікті дейді. Мектеппен есептесек, аз  қамтылған деп отыр. Бар құжатты қабылдап алып, енді «жарамсыз» деп таныды. 18 тамызда құжатты қабылдап алған еді. Енді келіп басқаша айтып отыр. Мектеп жағы білмейміз, шеше алмаймыз деп отыр», -дейді.

Әр мекемеден осындай қарама-қайшы түсінік пен шығарып салма жауап естіген аналармен Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Әбілқайыр Байпақов  жолыққан. Ә.Байпақов бұл мәселені қалалық білім бөлімінің және жұмыспен қамту орталығы басшыларымен қарастырып, істі заң аясында дұрыс шешуді  тапсырған. Олар «барлық кінә мектептің құжаттарды дұрыс қабылдамағандығынан» деп мектеп пен жұмыспен қамту орталығынан милары ашып келген аналарды қайтадан сол жаққа  жіберген.

«Көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы бірінші кезекте жұмыспен қамту орталығынан отбасы санатын дәлелдейтін анықтаманы мектепке тапсыруы керек. Осыдан кейін бала басына берілетін 25 мың теңгені алу туралы өтінімді мектепке беруі тиіс» депті қалалық білім бөлімінің басшысы Б.Сарымқызы алдына келген аналарға.

Былай қарасаңыз, айтқаны заңды. Алдына келген тұрғынды қабылдады, айтқанын тыңдады, білген кеңесін айтып шығарып салды. Бірақ, мәселе сонымен шешілді ме? Осындай қарым-қатынастың екінші жағы бар емес пе?

Қазір қоғамда көпбалалы ана туралы жағымсыз, жиіркенішті образ қалыптасып кетті. Көпбалалы ана деген сұраншақ, қит етсе әкімшілікке жүгіретін, алақан жайып ойбай салатын, тұрақтылықты шайқаушы, берекені кетіруші топқа айналды. Ал оған кім кінәлі? Шындығына келгенде, көп жағдайда жергілікті жердегі билік пен әкімдік қызметкерлері кінәлі. Солардың жұмысының жүйесіздігінен көпбалалы аналар Ақордаға жүгіріп жүр емес пе? Әрине, олар заңды біле бермейді. Құжат толтыру ретінен бейхабар. Бірақ, олар заңды жатқа білуге, құжатты тастай толтыруды, әр мекеменің есігі мен тесігін жатқа білуге міндетті де емес. Дегенмен, осындай жандарға, онсыз да қымбатшылық пен жоқшылықтан қажып, бір тиынды бір тиынға қоса алмай жүрген әлеуметтік жағынан қорғалмаған топқа заңмен берілетін көмектердің дер кезінде берілуін үйлестіру, ұйымдастыру, бақылау жергілікті жердегі мемлекеттік органдардың, сондағы ақжағалы бастықтардың міндеті емес пе! Ал олардың істеп отырғаны анау. Алдарына келген жанға дұрыс кеңес бермей, жан-жаққа сабылтып жұмсап қойып, жанын күйдіру. Бала бағумен басы қатып жүрген аналар мұндайда не істейді? Бүгін әкімдікке, ертең Ақордаға жүгіреді, басқа не істейді?!

Жанкелді Қаржан, Ақтау қаласы

Байланысты жаналықтар

Маңғыстау шенділері Н.Ноғаевтан сөгіс естіді (видео)

29.09.2021

50 мың теңгелік бір реттік көмекті кімдер алады?

13.10.2020

Өскеменде өрттен қаза тапқан бес қызға ас берілді

07.02.2020
MalimBlocks
Маңғыстау шенділері Н.Ноғаевтан сөгіс естіді (видео)

50 мың теңгелік бір реттік көмекті кімдер алады?

Өскеменде өрттен қаза тапқан бес қызға ас берілді