Алексей Навальный Мәскеуге ұшып келе жатыр
Ресей оппозициялық саясаткері Алексей Навальный Берлиннен Мәскеуге ұшып келе жатыр. Оны күтіп алу үшін жүздеген адам Внуково әуежайына жиналды.
Алексей Навальный Берлиннен Мәскеуге ұшатын ұшаққа міне бергенде оны ондаған тілшілер қол соғып қарсы алды. "Мен үйге қайтып оралуға құқығы бар Ресей азаматымын". - деді Алексей Навальный тілшілерге берген сұхбатында.
"Мәскеуге ұшып келген соң сізді тұтқынға алады деп қорықпайсыз ба?" деген тілшіге А.Навальный: "Мені тұтқындай ма? Ол мүмкін емес нәрсе", - деді.
Навальный мінген ұшақты Flightradar сайты (әуе рейстерінің ұшып келе жатқан бағытын көрсететін сайт) арқылы 60 мың адам бақылап отыр.
Ресей ақпарат құралдары Внуково әуежайына жиналған жүздеген адамды ОМОН мен полиция жасақтары сыртқа ығыстырып жатқан видеосын жариялады. Полиция әуежайда тек билеттері бар азаматтар ғана қалуы керек дейді. Бұған Навальныйдың жақтастары "Фашистер!" деп айғайлады. Сыртқа ығыстырылып шығарылған адамдарды полиция ұстап жатыр.
Навальныйдың жақтастары Любовь Соболь, Руслан Шаведдинов пен Константин Котов, Анастасия Кадетова, Илья Пахомов пен Алексей Молокоедов ұсталды.
Навальный мінген ұшақ Внуково әуежайына Мәскеу уақытымен кешкі 19:20-да қонуы тиіс. Навальныйды жақтастары ғана емес, полиция, прокуратура және жазаны орындау жөніндегі федералды қызметі күтіп алмақ. Жазаны орындау жөніндегі федералды қызмет Навальныйға іздеу жариялап, елге оралған жағдайда қамалатынын ескерткен.
Навальный Берлиндегі Шарите ауруханасына 22 тамыз күні Ресейде уланған соң жеткізілді. 20 тамыз күні Томскіден Мәскеуге ұшқан әуе рейсінде Навальный халі күрт нашарлап, ұшақ Омбы әуежайына қонды. Саясаткерді жедел жәрдем жергілікті ауруанаға жеткізген. Навальный комада болған. Берлиндегі Шарите ауруханасына жеткізілген Навальный "Новичокпен" уланған делінді.