«AMANAT»: Түлкібас ауданы бойынша жыл сайын 500 жас жұмыспен қамтылмақ
Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық сайлауалды штабының мүшелері Түлкібас ауданының жастарымен кездесті. Жиын барысында жастардың қоғамдағы рөлі, алдағы уақытта оларға жасалатын мүмкіндіктер мен қолдау іс-шаралары сөз болды.
- Елімізде 6 миллионнан астам жас болса, оның 640 мыңға жуығы біздің өңірде. Біз түрлі сауалнамалар және белсенді жастармен кездесу арқылы бұл саладағы мәселелермен танысып, оларды шешуге күш салып келеміз.
Мәселен, былтыр облыста 17 мыңнан астам жұмыссыз жас тіркелген болса,
бұл мәселені шешудің нақты жолдарын сайлауалды бағдарламамызда ұсынып отырмыз. Ең алдымен жоғары оқу орындары мен колледждердің бағдарламаларын елдегі кәсіпорындардың сұраныстарына сәйкес дайындауды қолға алып, елдегі 180 колледждің шеберханалары мен зертханаларын заманауи жабдықтармен және білікті кадрлармен қамтуды, білім беру бағдарламаларын толығымен жаңартуды қолға аламыз. Облыстағы техникалық және кәсіптік білім алушылардың саны 37,5 мыңға дейін арттырылмақ. Облыста «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасушылардың саны артып, 11 мыңнан асатын болады. Оның ішінде Түлкібас ауданы бойынша жыл сайын 500 жас жұмыспен қамтылмақ. «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы арқылы жыл сайын 3,5 мыңнан астам жас маман жұмыспен қамтылса, оның 200-ге жуығы Түлкібас ауданының жастары болады. Студенттердің стипендиясын көтеру де жоспарымызда бар. Бір сөзбен айтқанда, «AMANAT» партиясы әрдайым жастарға ерекше көңіл бөледі, - деді кездесуде сөз алған облыстық штаб төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев.
Сондай-ақ, жиында штаб мүшесі Жандос Әзімбай кәсіп бастаймын деген жастар үшін «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылатынын айтты. Оның айтуынша, бұл жоба аясында ауыл азаматтарына 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беру жоспарланған.
Ауданның белсенді жастарымен өткен кездесуде Алтынсары Дүйсенбекұлы бастаған бір топ кандидаттар мен сенімді өкілдер де сөз алып, елімізде жастарды қолдау бағытындағы шаралардың көбейіп, елімізді дамыту жолында тың реформалар жүргізіліп жатқанын баяндады. Ал, жастар көкейдегі сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Сонымен бірге, аға буын жастарға алдағы сайлаудың мән-маңызын түсіндіріп, саяси додада "AMANAT” партиясын қолдауға шақырды.
Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған "AMANAT" партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді.