Бала өлімі, сотталған мұғалім: НЗМ-дағы жайттарға қатысты Аймағамбетов не деді?
Сотталған шетелдік азамат мектепке қалай жұмысқа орналасты? Тергеу әлі жалғасып жатыр.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Назарбаев зияткерлік мектебінде орын алған бала өліміне және сотталған шетел азаматының қалай жұмыс істегеніне қатысты сұраққа жауап берді.
Алматыдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы 27 қазанда өз-өзіне қол жұмсаған болатын. Достарының айтуынша, ұл бала мектептегі кешке юбка киіп барған, сондықтан сынып жетекшісінен сөз естіген. Тіпті, мұғалім оны психологқа апарған көрінеді. Артынан бала қайтыс болды.
Мән-жайды толық зерттеу үшін мектепке Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғасы Иманғалиев жіберілген.
«Ол ұстаздар ұжымымен кездесіп, психологиялық қызмет жұмысымен танысты. Қазіргі таңда бұл жайт бойынша құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізуде. Сондықтан, сот-медицина сараптамасының қорытындысын күту керек», – деп жауап берді министр журналист жолдаған сауалнамаға.
Екінші жайт сотталған шетел азаматтының Назарбаев зияткерлік мектебінде қалай қызмет еткеніне байланысты. Бұған дейін «Не молчи» қоры зияткерлік мектепте жұмыс істейтін шетелдік мұғалім Ли Эшвард әйеліне қол көтергені жайлы ақпарат таратты. 2017 жылдың мамыр айында Кардифф Корольдік қылмыстық соты оның оқытушылық қызмет атқаруына тыйым салыпты.
«НЗМ ақпаратына сәйкес, Ұлыбритания азаматы Дэвид Ли Эшфорд Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қызметкері емес. Мұғалімнің жұмысқа қалай қабылданғанын білу үшін қызметтік тексеріс басталды, ол әлі жалғасып жатыр», – деп түйіндеді Аймағамбетов. Сондай-ақ, мектеп оқытушыларының құжаттары тексеріліп жатыр екен.
Аделаида Ауеспекова
Фото: © Sputnik / Владислав Воднев