Бергей Рысқалиевтің ұлының Ұлыбританиядағы бизнесі
Атырау облысының экс-әкімі, Қазақстан сотының шешімімен сырттай 17 жылға сотталған Бергей Рысқалиевтің ұлы Аслан Рысқалидің Ұлыбританияда бірнеше компаниясы бар. Malim.kz ашық дерек көздерге сүйеніп, Рысқалиевтің ұлы немен айналысатынына үңіліп көрді.
31 жастағы Аслан Рысқалидің Ұлыбританияда үш компаниясы бар. Оның екеуін Б.Рысқалиевтің ұлы жақында тіркеген. Үш компанияның да құжаттарында компания директоры Аслан Рысқали Ұлыбритания азаматы ретінде көрсетілген.
Аслан Рысқали. Фото Аслан Рысқалидің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды
Аслан Рысқалидің MBIL Developments Limited компаниясы 2021 жылдың 11 қаңтарында тіркелген. Ашық дерек көздегі мәліметке қарағанда, бұл девелоперлік саладағы компания. MBIL Developments Limited құрылыс жобаларын дамытады. Девелоперлік команиялар құрылыс нысандарын жөндеу, реконструкциялау, құрылыс идеяларын іске асыру, нысандардың нарықтағы бағасын өсіру тәрізді қызмет көрсетеді.
Компанияны тіркеу туралы мәліметте MBIL Developments Limited-тің капитал көлемі 100 фунт стерлингке тең екені көрсетілген. Компания Ұлыбритания астанасы Лондонда New Cavendish көшесі 64-үйде тіркелген. Асылы, бұл мекенжайда компанияларға агент қызметін көрсететін Harris&Trotter бухгалтерлік компаниясы орналасқан. Harris&Trotter компанияның салығын төлеп, есеп-қисабы мен аудитін жүргізеді, корпоративті қаржы бойынша кеңес береді.
Аслан Рысқалидің MBIL Developments Limited компаниясы құжаттарында дәл осы Harris&Trotter компания агенті ретінде көрсетілген.
New Cavendish көшесі 64-үйде Аслан Рысқалиге тиесілі тағы бір компания – MBIL UK limited орналасқан. Компания 2020 жылдың 21 желтоқсанында тіркелген. Ашық деректерге қарағанда, компания "классификацияларда аталмаған басқа қызмет" көрсетеді. Бұл компанияның да агенті – Harris&Trotter бухгалтерлік компаниясы. MBIL UK limited капитал көлемі –100 фунт стерлинг.
Аслан Рысқалидің MBIL Developments Limited және MBIL UK limited жаңадан құрылғандықтан, әзірге компанияның табысы мен салығы туралы мәлімет жоқ. Бұл мәлімет 2021 жылдың аяғы, 2022 жылдың басында жарияланады.
Бергей Рысқалиевтің ұлының тура осы мекенжайда Native Plot limited компаниясы атты үшінші компаниясы да тіркелген. Компания былтыр 8 сәуірде Aquila Meloria деген атпен құрылған. 13 қаңтарда компания атауы Native Plot limited болып өзгерді. Native Plot limited те "классификацияларда аталмаған басқа қызмет" көрсетеді. Native Plot limited директоры – Аслан Рысқали. Ал компанияның 51 пайызы Аслан Рысқалиге, қалған 49 пайызы оның қарындасы Әсел Рысқалиге тиесілі. Компанияның бір жылдағы табысы мен салығы туралы мәліметтер сәуір айының 21-іне дейін жариялануға тиіс.
Malim.kz Аслан Рысқалидің компаниялары туралы ақпаратты назарда ұстайтын болады.
Бұған дейін Ras Aitamyn Telegram-арнасы Аслан Рысқалидің Ұлыбританиядағы өмірі, сүйікті қызы болған танымал блогермен әлем елдерін аралаған саяхаттары мен компаниясы туралы мәліметті жариялаған болатын. Бір кездері әлеуметтік желіде өте белсенді болған, Youtube-те влогтар жариялап жүрген Аслан Рысқали бір жарым жылдан бері әлеуметтік желіден қол үзген.
Оқи отырыңыздар: Бергейдің блогер баласы – Ұлыбританияның азаматы
2020 жылдың маусым айында Қазақстанның жоғарғы соты Бергей Рысқалиев пен оның жақындарына тәркіленген дүние-мүліктің бір бөлігін қайтарып берген. Рысқалиев пен оның жақындарына дүние-мүлікті қайтару туралы кассациялық шағымды жоғарғы сотқа бас прокуратура түсірген болатын.
Ratel.kz басылымы бас прокуратура Бергей Рысқалиевке төрт ЖШС-дағы үлесін, Нұр-Сұлтан, Атырау және Ақтөбедегі үш жер учаскесін, Атыраудағы үйді, сондай-ақ, Алматыдағы жерасты гараждарын қайтаруды және Андорра князьдігіндегі 13 миллион 602 мың АҚШ доллар сомасындағы банк шоттарына салынған тыйымды жоюды сұраған.
Ал Аманжан Рысқалиевке Атыраудағы жер учаскелері мен Ақтөбедегі үйлерді, сонымен қатар, екі ЖШС-дегі үлесін, Бергей Рысқалиевтың әйеліне Атыраудағы бірнеше тұрғын емес үй-жайды, сонымен қатар бірнеше ЖШС-нің жарғылық капиталындағы үлестің жартысын, Аманжан Рысқалиевтің әйеліне Атырау қаласының орталығындағы 2 пәтер мен жер учаскелерін қайтаруды сұраған.
Жоғарғы сот бас прокуратураның шағымы бойынша оң шешім шығарғанымен, бұл туралы ресми мәлімдеме жасамады.
Атырау облысының экс-әкіміне 2013 жылы "аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын жымқырды және және қылмыстық топ құрды" деген айып тағылған. Тергеу бес жыл жүрді. 2019 жылы Қазақстан соты Бергей Рысқалиевті 17 жылға, оның ағасы Арманжан Рысқалиевті 16 жылға сырттай соттап, дүние-мүліктерін тәркілеген.
Мақаланы көшіріп басуға болмайды!