Біртұтас ұлтқа, берекелі елге қызмет ететін билік қалыптасуда

Дихан Қамзабекұлы, академик: Біртұтас ұлтқа, берекелі елге қызмет ететін билік қалыптасуда
– Ең алдымен Президенттің әр Жолдауын зиялы қауым мен қоғам, оның ішінде білім саласының азаматтары жауапкершілікпен күтеді. Себебі Жолдау елдің саяси жүйесіне тікелей әсер ететінін білеміз. Осы жолы бірінші екпін экономикалық мәселелерге түскенін білдік. Салық пен бюджетке қатысты жаңа кодекс даярлау ұсынылды. Қоғамның жігіне қарай салықты белгілеу маңызды шарт. Мұның астарында «қалай байлықты ұлттың игілігіне айналдыра аламыз?» деген сауал жатқаны анық. Білім саласында қызмет етіп жүргеннен кейін өзімізді қоғамның екі арадағы дәнекері санаймыз. Сондықтан әрбір мәселе ой елегінен өткізгеніміз абзал.
Жолдауда гидрология саласының артта қалып отырғаны айтылды. «Су алтыннан қымбат болар» уақытқа жақындағанымыз анық екенін ұқтық. Мемлекет басшысы осыны назардан тыс қалдырмай, Су кеңесін құруды ұсынды. Біз мұны ерекше қабылдадық. Ендігі іс жүйелі атқарылуы тиіс.
Айналып келгенде, елдің нақты даму секторы, мемлекеттік басқаруды қайта жандандыру жолға қойылғанын білдік. Негізгі ой – жаңа саяси құрылымға негізделген, әлеуметтік экономикаға негізделген әлеуметтік мүмкіндіктерді ашу. Білім саласы да айтусыз қалмады. Балабақшадағы тәрбиешілерден бастап, қазір өзекті болып тұрған жатақхана жайы тілге тиек болды. Әлемдік тәжірибелер ескерілді. Жоғары оқу орындарында медицина факультеттерін ашу көп елде бар. Осының қажеттілігі ашық сөз болды. «Самұрық қазына» АҚ-ның 7 пайыз табысы «Қазақстан халқына» қорына аударылып тұратыны қуантты. Өйткені сол қор арқылы ел үлкен игілік көреді.
Биыл күзде өткелі тұрған Президент сайлауына қатысты шешім көпшілік үшін тосын, күтпеген жаңалық болды. Қаңтар оқиғасын, оның алдындағы оқиғалар мен қазіргі сын-қатерлерді ойласақ, бұл да жан-жақты есептеп барып айтылған шешім. Қоғам бұны тереңінен түсінеді деп есептейміз. Ел дамып, жаңғырар алдында мемлекеттік сенім мен кепілдік керек. Жолдауда осы аңғарылды. Біртұтас ұлтқа, берекелі елге қызмет ететін билік қалыптасудың жолында келеміз. Барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асады. Мемлекет басшысы қоғамдағы сұрақтарға айқындап қарап отыр.
Қаңтар оқиғасынан кейін істі болып, қамалған азаматтарға рақымшылық жасалды. Бұл амал биліктің қоғамға деген ілтипатын көрсете бастайды. Бәріміз ел өткенінен сабақ алуымыз керек. Игі істің бәрі қоғамдағы адамдардың жүрек көзін ашады.