"Еуропада дүние-мүлкі бар қазақтарға санкция салынуы мүмкін"
Экс-дипломат Қазбек Бейсебаев Қазақстандағы адам құқықтары жайлы Еуропарламенттің резолюциясы Еуропа елдерінің Қазақстанға көзқарасы өзгергенін көрсетті дейді. Сарапшының айтуынша, Еуропа елдері үшін Қазақстан Солтүстік Кореяға жақын мемлекет болып қалды.
– Еуропарламент таяуда Қазақстандағы адам құқықтарының ахуалы туралы резолюция қабылдады. Резолюция міндетті сипатқа ие емес, яғни ондағы ұсыныстарды орындау-орындамау мемлекеттің өз еркі. Олай болса, осы жолғы резолюцияның әсері бола ма?
– Әрине, әсері болады. Былай қарағанда, Еуропарламент резолюциясы міндетті емес, қабылдау-қабылдамауды өзіміз шешетін құжат сияқты болып көрінеді. Алайда Еуропарламент деген 27 ел, Еурокомиссия деген үкіметі бар. Еуропарламент мұндай құжат қабылдаса, ол міндетті түрде Еурокомиссияға хабарланады. Әлбетте, Еурокомиссия мұны есепке алады. Қатаң шара қабылдамайтын шығар, бірақ бұрынғыдай да болмайды. Тұңғыш президент Еуропа елдерін аралайтын, 2018 жылы Брюссельге сапармен барды. Енді мұндай сапарлар қысқартылады. Біз енді Еуроодақ үшін Солтүстік Коеряға ұқсас елміз. Бұрын Қазақстанда осындай проблема бар, мынаны орындаңыз деп ұсыныс айтатын. Ал осы жолғы құжатты қатаң, салиқалы, тіпті қатыгез деп айтуға болады.
Қазақстан 2010 жылы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болды. Жалпы, Еуропа бізге ол кезде демократия бағытында тұрған мемлекет ретінде қараса, қазір басқаша қабылдайды. Сондықтан резолюция тікелей әсер етпесе де, Еуропа елдерінің бізге көзқарасы өзгерді, олар үшін Солтүстік Кореяға жақын мемлекетпіз.
– Бұған дейін Еуропарламенттің бірде-бір депутаты санкция туралы айтпаған. Осы жолы Еуропарламент мінберінде санкция жайы қозғалды. Мұның астарында не жатыр? Санкция қабылдануы мүмкін бе?
– Еуропарламент Еурокомиссияға санкция туралы ұсыныс жасайды. Бірақ біз Еуропаға қарсы қандай бір әрекетке барғанымыз жоқ. Сондықтан санкция қабылданады деп айта алмаймын. "Санкция қабылдаймыз" деген әзірге ұсыныс қана. Бірақ расында да, санкция туралы бірінші рет айтылып жатыр. Демек, Еуропарламенттің ұстанымы өзгеріп жатыр. Бізге басқаша қарай бастады. Егер адам құқықтарын таптауды тоқтатпасаңыздар, санкция саламыз дейді. Санкцияның түр-түрі болады. Бұл мемлекетке емес, белгілі бір тұлғаларға салынатын санкция болуы мүмкін. Жасыратыны жоқ, белгілі тұлғалардың мүліктері Еуропада. Мүмкін, осы тұлғаларға санкция саламыз деген емеуріні шығар. Мүмкін, олар көшеміз десе, қабылдамай қояды. Қысым жасаса, бәлкім, Еуропа банктеріндегі есепшоттарын бұғаттауы мүмкін. Жалпы, Еуропа елдерінде бізге әсер ете алатын тетіктер бар.
– Резолюцияға реакция білдірген сыртқы істер министрлігі бұл құжат шын мәнінде елдегі адам құқықтарының жағдайын бұрмалап көрсетеді, оған теріс ағымдағы саясаткерлер бастамашы болды дегендей пікір білдірді. Мұндай реакцияға қандай баға береді?
– Енді олар одан басқа не айтады? Басқа қандай жауап болады? Дұрыс демейді ғой. Олар "бізді жақсы көрмейтін саясаткерлер қабылдады, біздің жаулар оларға мәлімет берді" дейді. Ал енді мынаны қараңыз. Дулат Ағаділдің асына барғандар қудаланды ғой? Қудаланды. Митингіге шыққандардың ұсталғаны рас қой? Рас. Жовтис жетекшілік ететін ұйым мен өзге үкіметтік емес ұйымдарға салықшылар шара қабылдады ғой? Қабылдады. Сыртқы істер министрлігінің реакциясы түсінікті. Егер СІМ-дікі дұрыс болса, олар брифингіге журналистерді шақырып, "бізде ешкім қудаланған жоқ, Дулат Ағаділдің асына келгендер ұсталмады, Жовтистерге салықшылар шүйлікпеді" деп айтсын. Олай айта алмайды ғой. Расында, кей ұйымдар тіркеле алмай жатыр. Кей адамдар түрмеде отыр.
– Әңгімеңізге рахмет!
Оқи отырыңыз: Евгений Жовтис: Митинг қудалайтын шенеуніктерге санкция салынуы мүмкін