Ислам Әбішев мерзімінен бұрын босап шықты

Malim Админ

  • 03.06.2021

Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетінің экс-төрағасы Ислам Әбішев Нұр-Сұлтан қаласының апелляциялық алқа соты шығарған қаулысымен бүгін мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шықты. Бұл туралы Malim.kz-ке адвокат, құқық қорғаушы Абзал Құспан хабарлады.

"Бұл мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығару бойынша жасаған төртінші әрекетіміз еді. Апелляциялық алқаның қаулысы жарияланған сәттен бастап күшіне енеді. Яғни Ислам Әбішев қазіргі сәттен бастап ресми түрде бостандыққа шықты", - деді Абзал Құспан.

65 жастағы Ислам Әбішев 31 мамыр күні колониядан ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Адвокат Абзал Құспанның айтуынша, Ислам Әбішев әлі де ауруханада, оған пневмония деген диагноз қойылған.

"Ислам Әбішевке телефон соғыс хабарластым. Ол емдеу курсы тағайындалғандықтан, ауруханада жата тұрамын деді. Қазір ем алып жатыр", - дейді адвокат.

Астанадағы ауданаралық қылмыстық сот 2020 жылдың ақпанында су ресурстары комитетінің экс-төрағасы Ислам Әбішевті 5 жылға, ал дүниежүзілік қазақша күрес федерациясының вице-президенті Серік Түкиевті 4 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарып,  өмір бойы мемлекеттік қызмет пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқаруға тыйым салған. Сот "оларды ірі көлемде пара алуға оқталды" бабы бойынша кінәлі деп тапты.

Ислам Әбішев сотта өзіне тағылған айыпты мойындамай, қылмыстық іс тапсырыспен ұйымдастырылғанын мәлімдеген.

Ислам Әбішев 2019 жылдың 14 наурызынан бері қамауда отырды.

Бұған дейін Ислам Әбішевті мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығару жөніндегі өтінішті қараған сот бұл өтінішті қанағаттандырмаған.

Сөйтіп, оның адвокаты астана қаласы сотының Ислам Әбішевті мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығарудан бас тартқан шешімнің үстінен апелляциялық шағым түсірген. Апелляциялық шағымды қарау мерзімі бірнеше мәрте шегеріліп, ақыры 3 маусым күні қаралып, шешім шықты.

MalimBlocks
Абзал Құспан Шораевтан жала жапқаны үшін кешірім сұрады