Маска режимі қайта оралуы мүмкін
Ауру жұқтырғандар саны тәулігіне 100 адамға дейін жетіп отыр
Елімізде карантиндік шектеу шаралары қайтадан күшейтілуі мүмкін. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты. Ол коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында осы жағдайды талқылайтынын жеткізді.
«Әзірге жағдай күрделенген жоқ. Алайда науқастар көбейетін болса, маска тағу режиміне қайта оралуымыз мүмкін», - деді Ералы Тоғжанов. Ол мұндай шешімді коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия қабылдайтынын ескертті. «Қазір ауру жұқтырғандар саны тәулігіне 100 адамға дейін жетіп отыр, сондықтан мәселе жоқ емес. Карантиндік шараларды күшейту мәселесін ведомствоаралық комиссияның отырысында көтереміз. Тек маска тағу жөнінде емес, жалпы шаралар туралы», - деп мәлімдеді ол. Осы орайда вице-премьер қазақстандықтарға коронавирусқа қарсы вакцинацияның қаншалықты маңызды екенін тағы да еске салды.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, 627 адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр. КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында 5 адамның жағдайы ауыр.