Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Назарбаевтарды қудалау басталды ма? – «Болаттың базарын» басқарғандарды іздеп жатыр

Саясат
Назарбаевтарды қудалау басталды ма? – «Болаттың базарын» басқарғандарды іздеп жатыр
Көрнекі сурет / Фото ашық дереккөзден алынды

Алматыда орналасқан «Алтын Орда» базарының бұрынғы басшылығына іздеу жарияланды. Бұл туралы Алматы облыстық Полиция департаменті Kaztag.kz-ке хабарлаған. Халықаралық іздеуді Алматы облысы Қарасай ауданы Криминалдық полиция басқармасы жүргізіп жатыр.

Аты аталғандардың төртеуі де бір бап – Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190 бабы, яғни, алааяқтық бойынша ізделіп жатыр. Олар:

-  Данияр Әпдіғапаров – 1982 жылы туған;

- Жұмадин Патов – 1982 жылы туған;

- Қанат Жақаев – 1984 жылы туған;

- Айдос Нұрқалиев – 1986 жылы туған.

«Қарасай аудандық полициясы қазір аталғандарды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамау бойынша жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр», - хабарламада.

«Алтын Орда» дегенде ең алдымен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың аты аталады. Назарбаев бұл базарға «KURYLYS LTD» ЖШС арқылы иелік етіп келгені былтыр ресми хабарланған. Қаңтар оқиғасынан кейін «Алтын Орда» айналасында әңгіме көбейіп, ақыры, базарды қайта құру туралы айтылған.

Қоғам бейресми түрде бұл базарды «Болаттың базары» атап кеткен. Құзырлы органдар былтыр базарда көлеңкелі бизнес жүргізіліп келгенін айтып, оның иесіне айыппұл да салған.

2013 жылы Болат Назарбаев «Алтын Орданы» қарамағына алып, BN ALTYN ORDA LTD кәсіпорнын құрған. Бүгін іздеу жарияланған Данияр Әбдіғапаровтың осы компания негізінде құрылған Altyn Orda QazTrade Ltd компаниясының директоры ретінде көктемде аталған. Мамыр айында осы Әбдіғапаров президентке видеоүндеу жасап, базардың жаңа әкімшілігінің ісін «полный бандитизм» деп атаған.

Ол видеоүндеуінде базарды басқа біреудің атына күш көрсету арқылы («компания заңгерін ұрлап әкетіп, құжатқа күштеп қол қойдырған») аударып алғанын айтып шағымданған.

Ал, ақпан айынан бастап базардың иесі саналатын Данияр Әлпиев сәуір айында отбасына қауіп төніп тұрғанын, қылмыстық топтар тарапынан қысым көрсетіліп жатқанын айтып, президентке үндеу жасаған. Ол бұл базардың негізін қалаушы Алтынбек Әлпиевтің ұлы ретінде өзін базардың заңды иесі санайды. Осыдан кейін қос Даниярдың арасындағы тартыстың соңы тынышталып қалғандай болған.

Өткен аптада «Тұңғыш президент – Елбасы» туралы заңның күшін жою туралы Парламенттің шешімінен кейін, қоғам мен кейбір БАҚ-тарда экс-президент пен оның отбасын тергеп-тексеру бастала ма деген сұрақ пайда болған. Тұңғыш президент туралы заң жойылған соң, оның өзі барлық артықшылығынан айрылып, ал, отбасы қудалауға түсуі мүмкін екені айтылған. «Алтын Орданың» бұрынғы басшылығына іздеу жариялануы – аурулы «кіші Назарбаевтың» қудалануының және бүкіл «отбасының» тергеп-тексерілуінің басы болуы мүмкін бе?..

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу