Қазақстанда тұратындардың бәрі «қазақ» болуы керек пе? Депутат не дейді, халық не дейді? 

"Бірте-бірте қазақтар  өз жерінің қожайыны болудан қалады".

Олжас Қасым

  • 04.05.2023

Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның Қазақстан халқы ассамблеясында айтқан «Қазақстан азаматтары ұлтына қарамастан, «қазақстандық» емес, «қазақ» деп аталуы керек» деген ұсынысы қызу талқыға түсіп жатыр.  Депутат азаматтардың төлқұжаттарынан «ұлты» деген жолды сызып тастап, «қазақ» деп қалдыруды ұсынған еді.     


Айдос Сарым бұл пікірін  Қазақстандағы этнодемографиялық жағдайдың күрт өзгергенін, алдымызда мемлекет халқын біріктіретін міндет  тұрғанымен түсіндірді. «Енді талқылаулар жүргізіп, қазақтың кім екенін, олардың тарихи жауапкершілігі қандай, халықты қалай біріктіретінімізді қайта қарауымыз керек. Дүние жүзіндегі адамдар біз туралы не айтады? Орыс текті қазақтар, корей текті қазақтар деген ұғым бар. Әркім өз қалпында қалады. Бірақ ұлттық болмысы қазақ болуы тиіс», – дейді депутат. 

Оның айтуынша,  қазір қазақтардың өзі ел алдындағы тарихи жауапкершілігін түсініп, мойындағаны маңызды. Олар өздерін ұлтшылдығы езілген азшылық сияқты ұстауды қойып, айналасындағылардың барлығын біріктіру миссиясын алуы қажет. Сонымен қатар, бұл процесс, азаматтардың тіл, ұлт және мәдени қажеттіліктеріне нұқсан келтірмей өтуі керек.

 «Елдің жас ұрпағы өз болмысын тағы да дәлелдеп, қазақ болғысы келетінін алға тартады. Мұны ескеру керек. Біз төлқұжаттарда ұлтты көрсетпеуді ұсынамыз, жай ғана Қазақстан Республикасының азаматы деп жазылады. Ішкі құжаттарда, жеке куәліктерде ұлтты көрсетуге болады», - деген болатын Айдос Сарым. 

Аталмыш мәселе халық арасында түрлі пікір туындатып отыр. Журналист Гүлмира Сарбасова мұны Айдос Сарымға қазақ халқына тым «жанашыр» жандардың бірі айтса керек деп топшылапты.  Ал ол ойланбастан мұны жаһанға жария қылды деген пікірде. Сарбасова егер Қазақстандық азаматтардың төлқұжатына «қазақ» деп жазылса, аннан қашқан, мыннан қашқандарға жол ашып береміз. Бұл ұлттық тұтастыққа сына қағатын жайт деген байламын байқатты.     «Әлдекімдер оның аузымен қулық жасағысы келіп отырған секілді. Мұндай қулық-сұмдық сонау Әбілқайыр мен Екатерина ІІ заманынан бері бар. Шахматты ойнайтындар маттың ғана емес, паттың да бар екенін біледі. Бізді пат жағдайына жеткізбеңіз, Айдос мырза! Американдық деген сияқты қазақстандық деген де ұғым бар. Бұл - түсінікті. Түсініксіз болып отырғаны, Айдос Сарымның еліміздегі өзге диаспора өкілдерінің барлығын қазақ деп жаздыру керек дегені. Бұл адасу ғана емес, нағыз ақымақтық. Шет елден келген, мобилизациядан қашып келген, бізден қыз алған, қыз берген қаншама адам жүр елімізде»,-дейді ол. 

Таяқтың екі ұшы бар дегендей, азаматтар бұл мәселенің де зардап-зиянын  түсініп дабыл қағуда. «Мемлекеттің діңгегі, ұйытқысы боламыз дегенмен де бірте-бірте қазақтар  өз жерінің қожайыны болудан қалады».   Қоғам белсендісі Айнаш Мұстояпова осылай дейді.  Оның айтуынша,  біртұтас азаматтық ұлт құруға деген ұмтылыстың бұған  ешқандай қатысы жоқ. Ұлт бірлігіне басқа жолдармен де  қол жеткізе аламыз.   Осы маңызды кезеңде  қажетті жұмыстың орнына бізге ресми тәсіл ұсынылды.

«Қазақтар- мемлекетті  құраушы ұлт. Қазақстанда тұратын басқа этностардан айырмашылығымыз -  бізде басқа жер, басқа ұлттық мемлекет жоқ. Ал біз екі ғасыр бойы өз есімінен, болмысынан айырылған, тілі, мәдениеті қалпына келтірілгенге дейін, тұншықтырылған елміз.  Сондақтан, сыртқы экспансияның  қаупі жойылғанға дейін қазақ деп атаймыз, жазамыз. Әзірге бізде  отаршылдықтың салдары азаймай тұр».

Қоғам белсендісі бұл әрекетті отарлаушылар мен коммунистердің тәжірибесін қайталап, бізге тағы бір лақап ат таңумен байланыстырады. Оның пікірінше, ұлт бірлігі біртұтас тарихқа, тілге, құндылықтарға негізделген. «Неліктен ҚХА Өткен жылдар бойы бұл мәселені  көтермеді? Неліктен ассамблея  тарих, тіл мәселелері бойынша үлкен пікірталастар туралы айтпады, адамгершіліктің жалпыадамзаттық құндылықтарын, заңның үстемдігі мен оның алдында  барлығының теңдігін, әлеуметтік әділеттілікті және елдің барлық азаматтары үшін тең мүмкіндіктерді жақтамады немесе насихаттамады? Конституцияны айналып өтіп, Парламентте өкілдік ете отырып, ҚХА өкілдері шешімі біртұтас азаматтық ұлттың қалыптасуына ықпал ететін проблемаларды өзектендіру мүмкіндігін пайдаланбады?».   

Айнаш Кәрімқызының айтуынша,  бірнеше жылдан бері шенеуніктер мен журналистер қазақтарға «қазақстандықтар» деп атауға  тырысып келеді. Шетелде бізді қазақ деп атап жүрсе де,  ел ішінде БАҚ бізге «қазақстандық» атауын таңады. «Бұл ақылға қонымсыз.  Өз кезегінде бұл «жаңашылдық»   еліміздің басқа этностары арасында қазақтарды адасттыруға  деген ұмтылыс, қазақтардың мемлекет құраушы рөлін өшіріп, олардың қазақ жерімен ата-баба байланысын бұлдыратады. Аталған қадам  басқа этностардың өкілдеріне қажет емес екеніне сенімдімін - бұл билікке қажет» дейді.  Сол себепті, қазақ өзінің этникалық және ұлттық ерекшелігін сақтап қалуы керек. 

Желі қолданушылары  қазақтар француз немесе америкалықтар секілді азаматтық тұрғыдағы ұлт боп қалыптасу үшін ең әуелі қазақи ұлтшылдықтың жаңғыртуы қажеттігін айтады.    

 Естеріңізде болар, 2021 жылы Өзбекстан мемлекеті жаңа төлқұжат үлгісінде «ұлт» атауын «Өзбекстан» деп жазған  болатын. Өзбекстанның жаңа төлқұжат үлгісі шу тудырған «қазақстандық ұлт» туралы бұрынғы  пікірталастың қайта өршуіне түрткі  болған-ды. Сол кезде  Берік Әбдіғалиұлы бастаған азаматтар «қазақстандық ұлт» идеясына қарсы болған азаматтарға   ренішін білдірген.

«Бiр қызығы, «Қазақстанда бiр ғана қазақ ұлты бар» деп сɵйлейтiн азаматтар мəселенiң тереңiне үңiлмей, осындай шешiм қабылдауға қарсы шығып, тоқтатып тастады. Нəтижесiнде, жүз шүршiт болса, оларды ɵзiмiз мiндеттеп, этникалық тегiн жазғызып, есiне салып тұратын төлқұжат қалды бiзде», — деген болатын  саясаткер.

Еске салайық, Назарбаев билігі кезінде «Қазақстандық ұлт» идеясы көтеріліп, ол «Қазақстан-2030» стратегиялық жоспарына енген еді. Бұл идеяны айтқан Берік Әбдіғалиұлы болды. Артынша, Мұхтар Шаханов, Амангелді Айталы сынды азаматтар «Бұл жолмен жүрер болсақ, келешекте қазақ халқы өз Отанында ұлт ретінде мемлекет басқару билігінен айырылады. Себебі, американдықтар сияқты ұлттық мәселе әркімнің жеке отбасылық шаруасы болып қалары хақ. Сондықтан да мұндай утопиялық идеяларға жол беруге болмайды» деп ұсынысты орта жолдан тоқтатқаны белгілі.    

Мәселен,  Германия, Түркия елдері   төлқұжатына  сол мемлекеттің негізін қалаған ұлттың атын жазады. Ал Қазақстанда төлқұжатта ұлтты көрсету әркімнің өз еркінде.   Бірақ, халықтың басым көпшілігі  біздің енді ғана ұлттық мемлекет құрып келе жатқан ел екенімізге екпін түсіріп,  сондықтан маңызды мәселенің геосаяси, моральдық-психологиялық астарына үңілуге шақырып отыр.  

Байланысты жаналықтар

Премьер-министр Украинадағы жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізді

22.11.2024

Fitch Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін растады

16.11.2024

Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Президенттері энергетикалық жүйені интеграциялау жөніндегі келісімге қол қойды

13.11.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады

11.11.2024

Қазақстан хоккейден алғашқы Азия чемпионатының жеңімпазы

10.11.2024

Қазақстанға Ресей Президенті Путин келеді

07.11.2024
MalimBlocks
Премьер-министр Украинадағы жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізді

Тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау, көлік қатынасының қауіпсіздігі, денсаулық сақтау объектілерінің қызметі және басқа да мәселелерге назар аударылды

Fitch Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін растады

Қазақстан рейтингін сыртқы буферлер ұстап отыр

Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Президенттері энергетикалық жүйені интеграциялау жөніндегі келісімге қол қойды

Құжат Еуропа елдері мен басқа да нарықтарға жол ашады

Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Президент Қазақстан мен Польша арасындағы байланыс дамып келе жатқанын атап өтті

Қазақстан хоккейден алғашқы Азия чемпионатының жеңімпазы

Шешуші ойында ұлттық құрама Жапонияны ұтты

Қазақстанға Ресей Президенті Путин келеді

Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары 27 қарашаға жоспарланған