"Қожағапанов факторы". Қызметінен алынғандарға неге жаңа қызмет беріледі?

Елнұр Бақытқызы

  • 13.09.2021

Ерлан Қожағапановтың қызметтен кетуінен жаңа қызметке тағайындалуы тез болды. Бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі арада жарты сағат өтпей жатып су жаңа қызметке барып, Мәминнің кеңесшісі болды. Кеңесші Қожағапановқа көп күттірмей "Астана"  футбол клубы директорлар кеңесінің қызметін қосақтап берді.

"Қожағапанов қызметінен кетті" дегенде көпшілік мәдениет және спорт министрлігінде спорт саласына жауапты болған шенеунікті Олимпиададағы Қазақстан құрамасының сәтсіз өнері үшін жазалаған шығар деп топшылаған. Сәуірде ғана вице-министр болды демесеңіз, Қожағапанов "Олимпиада аяқталған соң ондағы сәтсіз өнерді талқылап, қорытынды шығарамыз", тіпті бұл істе "министрді айыптау негізсіз" деп Райымқұловаға араша түскен.

Қандай да бір қателікке жол берген немесе өзі басқарған саланы дағдарысқа ұрындырған шенеунікті қызметтен алып, ізін суытпай басқа қызметке тағайындау – Қазақстан үшін үйреншікті нәрсе. Мысалы, берісіне үңілсек, Маңғыстау мен Қызылорда өңірінде қуаңшылық жайлап, мал жаппай қырылғанда қызметінен босатылған ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров көп ұзамай "Азық-түлік келісімшарты" корпорациясы" ұлттық компаниясының" басқарма төрағасы қызметіне барды.

Маңғыстауда қуаңшылықтан мал қырылып, мұнайшылар ереуілі толассыз жалғасып жатқан тұста сол облыстың әкімі қызметінен кеткен Серікбай Тұрымов сенатқа депутат болып кетті.

Арысына барсақ,  Арыс қаласын қалпына келтіру аяқталмай жатып, Лондон төрінен қазақстандықтарға видео сәлем жолдаған сол уақыттағы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жастарды "Қазақстанда жұмыс істеп, әлемді аралауға" шақырған. Әбдірахымовті әкім қызметінен алу үшін арнайы келген президент әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаев әкімнің жүріс-тұрысы әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып, "Әбдірахымовқа көрсетілген саяси сенім сарқылды" деген.

Алайда бір жарым айдан кейін Әбдірахымов премьер-министрдің кеңесшісі қызметіне барды. Биыл қаңтарда Әбдіраымов мәдениет және спорт министрі қызметіне тағайындалды.

Бұрынғы президент Назарбаев 2019 жылдың қаңтарында Бақытжан Сағынтаев үкіметті басқарғанда "үкімет пен министрлер емес, қорқақсыңдар. Шешім қабылдарда аяқ-қолдарың қалтырайды" деп сөгіп, "жұмыстан кетіңдер" деп кескен. Көп ұзамай Сағынтаев үкімет отырыстарының бірінде үкімет таратылғанын мәлімдеді. Арада бір жеті өтпей жатып Сағынтаев мемлекеттік хатшы болып тағайындалды. Бұл лауазымды небәрі үш апта атқарған соң, ол  президент әкімшілігінің жетекшісі қызметіне барды, ал үш айдан кейін Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды.

Қызметінен босатылып, басқа қызметке барған шенеуніктердің қатарында Ерболат Досаев, Тамара Дүйсенова, Серік Әбденов пен өзге шенеуніктер де бар.

Қандай да бір қызметті дұрыс атқара алмай креслосымен қош айтысқан, тіпті президенттен сын естіген шенеуніктерге неге жаңа қызмет беріледі? Мұның астарында не жатыр? Malim.kz мұны сарапшылардан сұрап көрді.

Дос Көшім, саясаттанушы:

"Бір бастық болса, өмір бойы бастық болып өтеді"

– Бұл таңғалатын нәрсе емес. Бұл Совет кезінен бері келе жатқан жағдай. Себебі шенеуніктердің бәрі дерлік Совет үкіметінде болған коммунистік партия басшылары. Ол уақыттағы тәсіл – егер бір бастық болсаң, өмір бойы бастық боласың. Мысалы, аудандық атқару комитетінің басшысы болсаң, одан кеткен соң аудандық партия комитетінің басшысы боласың. Қысқасы, бізде осы жағдай Совет кезінен бері сақталған.

Басқа жақта президент болған адамның радиода комментатор немесе басқа жерге кеңесші болуына таңғалмаймыз. Ал бізде ондай мүмкін емес сияқты. Бір бастық болдың ба, өмір бойы бастық боласың. Бұл қоғамдағы кеңес үкіметінен бері келе жатқан заң.

Екіншіден, бұл – халықты алдау. Себебі адамды жұмыстан шығарған уақытта оны лауазымға сай келмейді, әйтпесе белгілі бір қателіктер болған соң шығарды. Бірақ ең қызығы, бізде ол адамды неліктен жұмыстан шығарғаны жазылмайды. Мысалы, Дариға Назарбаева кезінде сенат төрайымы қызметінен кеткен уақытта президент оны неліктен шығарғаны туралы бір ауыз сөз айтпады. Бұл тап бір мемлекеттік құпия сияқты. Шындығында, ол мемлекеттік құпия емес, керісінше, ашықтықтың белгісі. Өйткені олар халық қызметшілері, олардың кету себебін халық білуі керек. Сондықтан шенеуніктерді жұмыстан шығарғанда себебі айтылуы керек. Қылмыс жасады ма, зейнет жасына жеткен соң кетті ме, әлде денсаулығы себеп пе, бәрі ашылып айтылуы керек. Айтылмаған соң халық бал ашып отырады.

Үкімет қызметкерлері мафияның бір түрі сияқты, өздерінше бір мафия. Олардың көп нәрсесін халық білмеуі керек, ал біліп қойсақ, олардың түрлі тәсілдері бар.

Тағы бір қызығы, бізде совет кезінен бері келе жатқан сөгіс беру тәсілі бар. Сөгіс беру деген ешбір елде жоқ. Бұл – шенеунікті қылмысынан алып кету, құтқару. Сөгістен ештеңе болмайды, одан еш нәрсе шықпайды.

Мұның бәрі әділетті қоғамға жат тәсілдер. Оны биліктің өзі де жақсы біледі. бірақ бірін-бірі қорғаштап, түрлі сылтау арқылы халыққа шетін көрсетеді де, бірін-бірі жанжақтап алып шығады, сөйтіп, ол адам ертең тағы бір жерден шығады.

Қазбек Бейсебаев, экс-дипломат:

"Билік жоғарыда, халық төменде"

– Бізде жауапкершілік жоқ. Үндістанда каста деген бар. Бізде де баз біреулер үнемі жоғарыда жүреді, министр болады, кейін сенатор , содан кейін әкім қызметін атқарады. Ал біз, қарапайым халық төменде жүрміз. Кемемен салыстырсақ, кемедегі палубада  әдемі киім киген, шампан ішіп, әңгімелесетін шенеуніктер жүр. Ал біз кеменің астында отырмыз.

Шенеуніктер өздерін ақсүйектен жоғары, пайғамбардан кем емес санайды. Мәселе шықса да, оған жауапты біреу басқа қызметке барды.  Өйткені жүйе сондай. Жүйе қандай болуы керек? Бәсекелестік болуы тиіс. Мысалы, сайлауға шықтық, кім жеңсе, қызметке сол баруы керек. Алайда бізде ондай жоқ, жүйеден тыс адамға билікке баруға жол жоқ.

Қожағапанов вице-министр қызметіне жақында ғана барған еді. Мүмкін, халықтың наразылығын басу үшін оны жазықты еткен шығар.

Ал былайша бізде ешкім ештеңеге жауап бермейді. Спортты былай қойғанда, ауыл шаруашылығы, экономикада да сондай жағдай. Қуаңшылықтан бұрын малға алдын ала азық дайындамаған министрді орнынан алды да, одан жақсы қызметке жіберді. Жауапкершілікке тартқан да жоқ. Осының бәрі жүйенің шіріген астарын көрсетеді.

Айдар Әлібаев, ЖСДП төрағасының орынбасары:

"Қожағапанов бұл қызметте көп тұрақтап қалмайды"

– Бұл отыз жылдан бері келе жатқан нәрсе. Өйткені әркімнің  артында оны қолдайтын клан тұр. Клан мақсаты – сол шенеунік клан немесе корпоративті топ я болмаса жерлес топтың мүддесіне жұмыс істеуі үшін сол адамды қолдау. Сөйтіп, әр шенеунік сол клан немесе корпоративті топқа үлес қосады: ақшаға жол ашады немесе өзіне жақындары қызметке тағайындайды я болмаса тендерді жеңуге көмектеседі. Сол клан шенеунік  миға қонбайтын әрекетке барса, мысалы, мас күйінде рөлге отырып, аялдамадағы адамдарды қағып кетсе немесе үлкен сомадағы парамен ұсталса, яки ішіп алып ресторанда төбелес шығарса ғана қолдамауы мүмкін. Яғни кінәсін жуып-шаюға болмайтын, ісі жария болып кеткен жағдайда онымен қош айтысады.

Қожағапанов фамилиясы айтылған жерде белгілі бір оқиғалар қоса жүреді. Меніңше, ол бұл қызметте көп тұрақтап қалмайды, оны көп ұзамай алып тастайды. Бірақ оның да артында біреулердің тұрғаны анық.

Шын мәнінде, мұндай ойындар қызықсыз. Түк бітірмейтін шенеуніктің орнын тура сондай шенеунік басады. Нәтижеде мемлекет пен жұрт үшін ештеңе өзгермейді. Себебі билікке бөтен адамдарды жолатпайды.

 

 

Байланысты жаналықтар

Дәурен Абаев қызметінен кетті

25.04.2024

Байден Украинаға 61 миллиард долларлық көмек беретін заңға қол қойды

25.04.2024

«Дүрбелең тудырып байбалам салады»: Президент блогерлерге ескерту жасады

25.04.2024

Әлемнің әр түкпірінде түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатыр – Тоқаев

25.04.2024

Президент мемлекет қаржысы қатаң үнемделетінін айтты

25.04.2024

Тоқаев KIA корпорациясының президентін қабылдады

23.04.2024
MalimBlocks
Дәурен Абаев қызметінен кетті

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы бас хатшысы Сергей Лебедев Атқару комитетінің ұжымына өзінің жаңа орынбасары – Қазақстан Республикасының өкілі Нұрлан Сейтімовті таныстырды.

Байден Украинаға 61 миллиард долларлық көмек беретін заңға қол қойды

Заңға қол қойған АҚШ президентінің сөзінше, Украинаға арналған көмек бірнеше сағатта межелі жеріне жөнелтіле бастайды. Бұл туралы BBC агенттігі хабарлады. 

«Дүрбелең тудырып байбалам салады»: Президент блогерлерге ескерту жасады

Оның салдары халқымыздың абырой-беделіне нұқсан келтіреді.

Әлемнің әр түкпірінде түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатыр – Тоқаев

Оның айтуынша, біз жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына куә болып отырмыз.

Президент мемлекет қаржысы қатаң үнемделетінін айтты

Тасқынның зардабын жою үшін бюджет шығыстары қысқартылатын болды.

Тоқаев KIA корпорациясының президентін қабылдады

Хо-сунг Сонг Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қостанайдағы автомобиль шығаратын толық циклді зауыт құрылысының барысы туралы мәлімет берді.