Тоқаевтың Қырғызстанға сапары: Әуезовті ұлықтау, Назарбаевтан бас тарту

Назарбаев барам деп алдап кеткен Әуезовке Тоқаев барды

  • 22.07.2022
Қазақстан президенті Қ.Тоқаев Әуезов бюстінің алдында тұр / Фото: azattyq.org

Кеше ғана Қырғыстанның Шолпан-Ата қаласында Мұхтар Әуезовке бюст қойылды. Бюст Ыстықкөл жағалауындағы Әуезовтің музей-үйінің алдына орнатылған. Бұл шараға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстанның экс-президенті Роза Отынбаева қатысқаны туралы айтылған.   

Жалпы, Әуезовтің музей-үйінің қараусыз қалғаны туралы бұрын-соңды аз-кем айтылып қалып жүретін. Бұл үйдің орнын Әуезовке кезінде Қырғыз ССР билігі сыйлаған және құрылыс жұмыстарын Әуезовтің өзі қадағалағаны айтылады. Әуезов өмірінің соңына қарай 1959-1961 жылдары осы үйде тұрған да. Жазушы қайтыс болған соң, ұрпақтары бұл үйді Шолпан-Ата мұражай қорына берген. Кейін музейге айналдырған.

Дегенмен, бұл үй Тәуелсіздік кезеңінде күтімсіз қалып, бір бұрышын кітапханаға айналдырып, қаланың балансында ұстап отырған. Қазақстан Жазушылар одағы басшылары бір рет барып, Қазақстан билігіне айтып, музейдің жағдайын жақсартуға атсалысамыз дегенмен, соңы сұйылып кеткені айтылатын. Бір мәрте Құрманбек Бакиевтің президенттігі кезінде Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев екеуі келеді деп, Шолпан-Ата жұртшылығы арнайы дайындық та жасаған. Бірақ, соншама дайындыққа қарамастан, президенттер келмей қалып, іс-шара өтпей қалыпты.

Қырғыз жазушысы, Әуезовті ұстаз тұтатын Шыңғыс Айтматов та бір рет келіп, музей-үйді мемлекет басшыларына айтып, жағдайын түзеймін дегенмен, оның уәдесі де орындалмапты. Президент атаулыдан Отынбаева ғана бір келіп кетіпті. Сөйткен музей-үйге Қазақстан билігінің жолы әйтеуір бір түсіпті.  Орта Азия басшыларының кезекті саммитіне қатысу үшін барған Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазушыға қойылған бюсттің ашылуына қатысуы, әрине, қалыпты жағдай ретінде қабылдануы керек. Қазақтың ұлы жазушысы тұрған, аяқталмай қалған «Өскен өркен» романы жазылған үйге бару, қолдау көрсету, дамыту – биліктің міндеті саналуға тиіс. Бірақ, бұрын 30 жыл ішінде Назарбаев аттап баспаған, келем деп, келмей кеткенін ескерсек, Тоқаевтың бұл сапарына ерекше мән беруге де болады.

Н.Назарбаевтың 2005 жылы Рух Ордода қойылған ескерткіші / Фото: kaztag.kz

Тоқаевтың Шолпан-Атадағы қазақтың ұлы жазушысына құрмет көрсетуіне ерекше мән беруге болатын тағы бір оқиға болды. Тоқаевтың осы сапары туралы сөз болып жатқанда, бүгін Қазақстан БАҚ-тары Қырғызстандағы тағы бір ескерткіш туралы жарыса жазды. Ол Назарбаевтың ескерткіші. Бірақ, ескерткіштің ашылуы емес, алынып тасталғаны туралы ақпарат.

«Нұрсұлтан Назарбаев ескерткіші Ыстықкөлдегі "Рух Ордодан" алынып тасталды. Ескерткіш көлге жақын – арықтардың оң жағында орналасқан болатын. Ол 2005 жылы 65 жыл толуына орай тұрғызылған. "Рух-Ордоның" жаңа суреттерінде ескерткіш көрінбейді. Ескерткішті бір жылдан астам уақыт бұрын алып тастаған сияқты, себебі ол жақта былтыр демалғандардың видеосында ескерткіш жоқ», - деп жазды KaktusMedia сайты.

Ыстықкөлдің жағасындағы Назарбаев ескерткішін Әуезовтің ескерткішімен айырбастау Назарбаевтан Қырғыз билігінің бас тартқанын көрсете ме, Қазақстан билігінің бас тартқанын көрсете ме?..

MalimBlocks
Қырғызстанда көл тасып, 160 адам қауіпсіз жерге көшірілді

Табиғи апатқа толассыз жауған жауын-шашын себеп болған