Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысында Құрылтай сайлауын өткізу туралы арнайы Жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді. Президенттің айтуынша, жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі елдің қоғамдық-саяси дамуындағы жаңа кезеңге жол ашады. Ал алдағы сайлау ашық, адал және әділ бәсеке қағидаттарына сай өтуге тиіс, деп хабарлайды Malim.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың басты заң шығарушы орган ретінде барлық бағыт бойынша сабақтастықты және институционалды дәстүрді сақтап, жылдар бойы қалыптасқан бірегей парламенттік мәдениетті жоғалтпай, оны одан әрі дамытуға баса мән беруге тиіс екенін айтты.
— Еліміздің жоғары өкілді органы Құрылтайдың негізгі мақсаты — баршаға бірдей мүмкіндік беретін әділетті Қазақстанды құру ісіне атсалысу және осы бағытта белсенді жұмыс істеу. Бір палаталы өкілді орган өзінің заңнамалық миссиясын табысты орындай отырып, қоғамда заң мен тәртіп, еңбексүйгіштік, тазалық, қоршаған ортаны қорғау сынды мызғымас құндылықтарды орнықтыра түсуге барынша ықпал етеді деп сенемін, — деді Президент.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі — ұлт тағдырына тікелей әсер ететінін тарихи оқиға екенін атап өтті.
— Тұғырына қонған Ата заңымыз аса ауқымды қоғамдық саяси үдерістер кезеңіне жол ашады. Осыған орай мен бірқатар маңызды құжатқа, соның ішінде Құрылтай сайлауын өткізу туралы арнайы Жарлыққа қол қоямын. Осыған сәйкес, партиялар арасындағы бәсеке де жандана түседі. Біз жасампаз ел ретінде осы саяси науқанды да жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Алдағы сайлауда ашық, адал және әділ бәсеке болуға тиіс. Қазақстан халқы — қоғамда жасалып жатқан түбегейлі өзгерістердің негізгі қозғаушы күші. Азаматтарымыз елдің ертеңіне бей-жай қарамай, шешуші сәтте таңдау жасауға қабілетті екенін айқын көрсетіп келеді. Бұл жауапкершілігі жоғары, бірлігі бекем, рухы және мәдениеті биік ұлттарға ғана тән қасиет, — деді Қ. Тоқаев.
Президент жаңа кезең — жаңа мүмкіндіктер уақыты екенін, депутаттардың бірқатары Құрылтайға өтіп, ел игілігі жолында еңбек ете беретінін жеткізді.
— Сайлауға қатысу — елдік істен шет қалмау деген сөз. Осы ретте жұртымыз алдағы саяси науқанға белсене атсалысады деп сенемін. Құрылтай жаңа тұрпатты Қазақстанның маңызды символы. Сондықтан оның құрамына нағыз отаншыл, бастамашыл әрі мемлекетшіл тұлғалар, яғни тек үздіктер ғана кіруі керек. Себебі халық реформалардың қаншалықты нәтижелі болғанын дәл осы Құрылтайдың қызметіне қарап бағалайды. Осындай маңызды сәтте мен тағы бір мәрте Сенат пен Мәжілістің басшылығына және депутаттарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Себебі сіздер мемлекетіміздің игілігі үшін адал әрі қажырлы еңбек еттіңіздер. Жұрттың мұң-мұқтажын батыл көтеріп, ұлт мүддесін бәрінен биік қоя білдіңіздер, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салсақ, биыл 1 қыркүйектен бастап жаңа Парламент — Құрылтай өз жұмысына кіріседі.
Ата заңның 94-бабына сәйкес, Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді, бұған дейін қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының қолданысы сол мезгілден бастап тоқтатылады. Республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке — Қазақстан Республикасының Конституциясы күні деп жарияланады.
Нақтырақ айтқанда, жаңа Конституцияның 95-бабында 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес қалыптастырылған Қазақстан Республикасының Парламенті өз өкілеттігін 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тоқтататыны жазылған.
Ал Конституция күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай сайлауын жариялайды және ол екі ай ішінде өткізіледі. Бірінші шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайдың келісімімен Вице-Президентті тағайындауға тиіс.