Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауынан кейін Үкіметтің отставкаға кететінін мәлімдеді. Мемлекет басшысы бұл туралы Atameken Business телеарнасының тілшісі Саяна Санақованың сұрағына жауап берген кезде айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Президенттің сөзінше, Үкімет қазіргі уақытта Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындап, барынша жедел жұмыс істеп жатыр. Алайда әлемдегі бәсекелестіктің күшеюіне байланысты нарықтағы сын-қатерлерге тиісті деңгейде төтеп беру маңызды.
«Әлбетте, Үкімет отставкаға кетеді. Үкімет құрамында бірқатар өзгеріс болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент қазіргі Үкіметтің жұмысына алаңдауға немесе оны сынауға негіз жоқ екенін атап өтті. Оның айтуынша, министрлер мен Үкімет басшысы өз міндеттерін қолдан келгенше атқарып отыр.
Мемлекет басшысы кадрлық өзгерістердің үнемі болып тұратынын айтып, мұндай шешімдер Үкімет жұмысына тың серпін беруі керек екенін жеткізді.
«Мәселе біреуді орнынан босатуда емес. Мен жай сылтаумен жұмыстан шығаруға қашанда қарсымын», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев кадрлық ауыс-түйістер нақты жұмыс нәтижесіне байланысты жасалуы қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, жаңғыру үдерісі үздіксіз жүруі тиіс және бұл процесті алға жылжытуда Үкімет маңызды рөл атқарады.