Бүгін Үкімет отырысында Президент Тоқаев мемлекеттік сатып алудан бастап, цифрлық дамуға дейін сынға алды. Malim.kz мемлекет басшысы жасаған ескертпелер мен берген бағаларының мән-мазмұнын сарапшылардан сұрап көрді.
Саяси сарапшы, PhD докторы Жандар Асан Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген мәселелер жүйелі реформалардың жаңа кезеңіне бет алғанымызды көрсетеді деп есептейді.
— Бүгінгі Үкімет отырысы формальді есеп беру форматынан қарағанда, нақты жауапкершілік пен нәтижеге негізделген басқару моделіне көшу талабын айқын көрсетті. Президенттің сөзінен байқалатыны, енді бастамашылдықты сырттан күту емес, Үкімет пен әкімдердің өздері батыл шешім қабылдап, оны дер кезінде іске асыруы тиіс. Бұл – мемлекеттік басқарудағы философиялық бетбұрыс,
— дейді ол.
Сарапшының айтуынша, Мемлекет басшысының «Самұрық-Қазына» қоры мен ұлттық компанияларға қатысты сыны — квазимемлекеттік сектордың тиімділігіне қоғам тарапынан бұрыннан айтылып келе жатқан сұрақтарға берілген саяси жауап.
— Ұлттық компаниялар мен қорлар экономиканың драйвері болуы керек, ал шын мәнінде олар көбіне әкімшілік инерциямен өмір сүріп келеді. Президенттің басқару құрылымын қайта қарау, басшылық құрамның жауапкершілігін арттыру туралы айтқандары – жай сын емес, нақты реформалық сигнал. Бұл секторды жаңғыртпай, сапалы инвестиция мен жоғары технологиялы өндіріс туралы айту қиын, — дейді Жандар Асан.
Сарапшы бюджет саясатына қатысты тапсырмалар да ерекше мәнге ие екенін атап өтті.
— Бюджет қаржысының «игерілуі» емес, оның нақты нәтижесі бағаланатын кезең басталуы тиіс. Президент цифрлық теңгені пайдалану арқылы бюджеттік ашықтықты арттыруды нақты механизм ретінде көрсетті. Бұл – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып қана қоймай, қоғамның мемлекетке деген сенімін күшейтетін қадам, —
дейді ол.
Оның пікірінше, бүгінгі отырыстың басты мәні Үкіметке уақыттың тығыз екенін, ал қоғам нақты нәтиже күтетінін ашық жеткізуінде.
— Мемлекет басшысы айқын айтты: енді баяу ойлану, жауапкершілікті бір-біріне ысыра салу кезеңі аяқталды. Егер қойылған талаптар толық орындалса, бұл Қазақстанның бәсекеге қабілетті ел ретінде жаңа деңгейге көтерілуіне негіз бола алады, -
деп түйіндеді Жандар Асан.
Ал мәжіліс депутаты Ерлан Саиров болса, Президенттің бүгінгі Үкімет отырысында айтқан сын-пікірі — реформаның неліктен кезек күттірмейтін стратегиялық қадам екенін және бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын қалай қамтамасыз ететінін көрсетеді дейді. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанның мемлекеттік бюджетінің 40 пайызы тікелей әлеуметтік салаға бағытталады. Бұл — орасан зор қаражат. Ол зейнеткерлер мен студенттерді қолдауға, балалардың біліміне, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен көпбалалы отбасылардың мұқтаждығына жұмсалуда. Депутаттың айтуынша, мемлекет тарапынан бөлінетін әрбір теңге көздеген мақсатына жетіп, нақты көмекке зәру азаматтардың қолына тиюі тиіс.
Ерлан Саировтың пайымдауынша, әлеуметтік саланы толық цифрландыру — әділеттілік принциптеріне жетудің бірден-бір жолы. Жүйе цифрлық форматқа көшкенде ғана қаржының бөліну процесі мөлдір болады. Бұл мемлекеттік қолдаудың нақты кімге және қалай барып жатқанын ашық көруге мүмкіндік береді. Осылайша, «Әділетті Қазақстан» қағидаты аясында көмекке мұқтаж жандардың құқығы қорғалмақ.
Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев Президент бастаған реформаның негізгі бағыттарына тоқталып, Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттырудағы білім мен көлік-логистика саласының маңызын атап өтті. Сенатордың пайымдауынша, бүгінгі таңда әлемдік экономика түбегейлі өзгеріске ұшырап, «білім экономикасы» дәуіріне қадам басты. Ендігі кезекте тек табиғи ресурстарға сеніп отыру жеткіліксіз. Кез келген саланың тиімділігін арттырып, табыс табу үшін өндірісті ғылыммен тығыз ұштастыру қажет. Президент ұсынған жаңа үлгінің де басты өзегі осы – ғылыми жаңалықтарды нақты секторға енгізу арқылы бәсекеге қабілетті мемлекет құру дейді сенатор. Оның ойынша, өнеркәсіп пен инвестиция тарту мәселесі де енді жаңаша сипат алуы тиіс. Ғалиасқар Сарыбаевтың айтуынша, бұрынғыдай шикізатты тек экспортқа шығарумен шектелуге болмайды. Ендігі мақсат – елде өндірілетін шикізатты толық өңдеп, оны дайын өнім ретінде әлемдік нарыққа ұсыну. Бұл тәсіл ел экономикасының ішкі қуатын нығайтып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді.
Сенатор темір жол мен автожол инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығын да баса айтты. Қазақстанның географиялық орналасуы Қазақстан үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Еліміз бір жағынан – Қытай, екінші жағынан – Ресей сияқты алып нарықтардың ортасында орналасқан. Сонымен қатар, Еуропа елдеріне шығар жолдың тоғысында тұрғанымыз тағы бар. Осыған байланысты сенатор көлік логистикасын, әсіресе жүк тасымалын реттеу мен сақтау ісін заман талабына сай жолға қоюды ұсынды. Егер Қазақстан халықаралық транзиттік әлеуетін толық пайдалана алса, бұл ел бюджетіне қосымша табыс әкелетін негізгі драйверлердің біріне айналады деп есептейді сенатор.
Әсем Рамазан, Айбын Атабай, malim.kz