Қытай Коммунистік партиясының (ҚКП) құрылғанына 105 жыл толуына орай өткен кең көлемдегі салтанатты іс-шарада ұлты қазақ дәрігер Оқас Сүлейменге Қытайдың ең жоғары партиялық марапаты «1 шілде» ордені табысталды, деп хабарлайды Malim.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.
Марапатты ҚКП Орталық комитетінің бас хатшысы, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мемлекет пен қоғамның дамуына ерекше үлес қосқан тұлғаларға жеке өзі тақты. Биыл бұл мәртебелі орденге ие болған 8 адамның қатарында отандасымыздың есімі де аталды.
Оқас Сүлеймен - өмірін шекаралық өңірдегі тұрғындардың денсаулығын жақсартуға арнаған жанкешті дәрігер. Ол 40 жылдан астам уақыт бойы ат үстінен түспей, дәрі қобдишасын жанына серік етіп, шалғайдағы малшылар қауымына медициналық көмек көрсеткен.
Дәрігер Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Тарбағатай аймағына қарасты Шәуешек өңірінің Дөрбілжін ауданы мал шаруашылығы ауруханасында ішкі аурулар бөлімінің бас дәрігерінің орынбасары болып жұмыс істеген.
1975 жылдан бері: 100 мыңнан астам науқасқа ем-дом жүргізген;
Бірнеше мың: ауыр халдегі пациенттің өмірін сақтап қалған;
3 200-ден астам: нәрестенің дүниеге келуіне көмектескен.
Ауылдық денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін ол бұған дейін де «Ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің үздік қызметкері», «Қытайдың 1 мамыр еңбек медалі» және «Ұлттар бірлігі мен прогресінің үздік қайраткері» сияқты мемлекеттік наградалармен марапатталған.
Мәртебелі марапатты иеленген Оқас Сүлеймен өз әсерімен бөлісіп, дәрігерлік қызметтің жауапкершілігі туралы былай деді.
«Бұл біз атқаруға тиісті кәдімгі күнделікті жұмыс қана. Дәрігер болудың шынайы мәні де осы. Сонымен қатар, мен партия мүшесімін. Ал партия мүшесі де, дәрігер де ешқашан толықтай зейнетке шықпайды. Тіпті зейнет демалысына шыққаннан кейін де біз халыққа қызмет етуді жалғастыра береміз», - деді ол.
Марапат 2017 жылдың 22 шілдесінен бастап қолданысқа енді. Ол 5 жылда бір рет Қытайдың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан партия мүшелеріне табысталады.Марапат тағайындалғаннан бері оған барлығы небәрі 37 адам ие болған.