Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысында Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді өндіріске енгізудің маңызды мәселелері қаралды.
Үкімет басшысы цифрлық трансформацияның мемлекеттік басымдық екенін атап өтіп, биыл IT қызметтері экспортының көлемін 1,2 миллиард долларға дейін ұлғайту жоспарланғанын жеткізді. Осы мақсатта елде Alem.ai халықаралық орталығы мен Венчурлық инвестициялар қоры іске қосылып, нарыққа әлемдік деңгейдегі ірі технологиялық компаниялар келе бастады.
Инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін шетелдік азаматтарға он жылға дейін тұруға рұқсат беретін «Алтын виза» жүйесі енгізіліп, Президент Цифрлық кодекске қол қойды. Жиында жасанды интеллектінің энергетика және коммуналдық шаруашылық салаларындағы нақты тиімділігіне де назар аударылды. Мәселен, электр желілері мен жылу құбырларын тексеруде цифрлық диагностиканы қолдану шығындарды айтарлықтай үнемдеп, ақауларды анықтау дәлдігін арттырған.
Сонымен қатар Олжас Бектенов Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Beeline Kazakhstan сияқты ірі компания жетекшілерімен жеке кездесіп, алдағы стратегиялық әріптестік пен әлеуметтік маңызы бар цифрлық жобаларды іске асыру тетіктерін пысықтады. Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға инвесторлар көтерген барлық ұсыныстарды ескере отырып, бірлескен жұмысты жандандыру тапсырылды.