Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы алты айында жолаушылар тасымалы 5,5 пайызға өсіп, барлық көлік түрімен 979,4 миллион адам қатынады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының деректерінде айтылды, деп хабарлайды Malim.kz..
Жолаушылардың басым бөлігі автокөлікпен жүрген. Алты ай ішінде автобус, такси және өзге де автокөлік түрлерімен 962,7 миллион адам тасымалданған. Теміржол қызметін 9,2 миллион, ал әуе көлігін 7,4 миллион жолаушы пайдаланған.
Осы кезеңде жүк тасымалының көрсеткіштері де оң динамика көрсетті. Ел бойынша жүк айналымы 2 пайызға артып, 255,8 миллиард тонна-километрге жетті. Бұл өндіріс, сауда және логистика салаларындағы белсенділіктің сақталғанын аңғартады.
Өңірлер арасында жолаушылар айналымының ең жоғары өсімі Қостанай облысында тіркеліп, көрсеткіш 62,7 пайызға жетті. Ал жүк айналымы бойынша Жетісу облысы көш бастап, өсім 16,3 пайызды құрады. Мамандар мұны көлік инфрақұрылымының дамуы мен өңірлердегі экономикалық белсенділіктің артуымен байланыстырады.