Қазақстан энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Ресейдің 1 мамырдан бастап қазақстандық мұнайды Германияға экспорттауды тоқтатуы мүмкін екені туралы ақпаратқа пікір білдірді, деп хабарлайды malim.kz.
Аймақтық экологиялық саммит аясында Ерлан Ақкенженов бұл ақпараттың рас болуы мүмкін екенін атады.
«Бұл ақпаратты мен бейресми дереккөздерден алдым. Ресей Федерациясы тарапынан ресми мәлімдеме әзірге болған жоқ. Бірақ бейресми ақпараттарға сүйенсек, бұл рас болуы мүмкін. Мамыр айында бізде “Атырау-Самара” бағыты арқылы транзит жоспарланған, одан әрі Дружба мұнай құбырымен өтіп, Шведт зауытына жеткізілуі тиіс еді. Алайда мамыр айына көлем нөл болып тұр. Ресей тарапы, тағы да бейресми деректер бойынша, қазақстандық мұнайды айдауға техникалық мүмкіндік жоқ екенін айтып отыр. Бұл, бәлкім, Ресей инфрақұрылымына жасалған соңғы соққылармен байланысты болуы мүмкін», - деді министр.
Оның айтуынша, әріптестерімен сөйлескен, және техникалық мәселе шешілгеннен кейін қазақстандық мұнай транзиті қайта жанданады.
«Әрине, біз барлық көлемді басқа бағыттарға қайта бөлеміз. Оның ішінде Каспий құбыр консорциумы (КТК) құбыры, басқа да бағыттар, сондай-ақ Қытай бағыты бар. Жоқ, мұнай өндіру көлемін қысқарту қарастырылып отырған жоқ. Бізде бұл көлемдерді басқа маршруттар арқылы тасымалдауға мүмкіндік бар. КТК бойынша жағдай тұрақты, бәрі қалыпты жұмыс істеп тұр», - деді ол.