9 наурыз күні Нью-Йорк – Ташкент рейсі кезінде бір жолаушының жағдайы күрт нашарлап, ол есінен танып қалған, деп хабарлайды Malim.kz tengrinews.kz-ке сілтеп.
Ұшақтағы 246 жолаушының ішінде жалғыз дәрігер – қазақстандық травматолог Ерсін Жүнісов болды. Ол жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, борттағы Wi-Fi арқылы Астанадағы кардиоаритмолог дәрігер Аян Әбдірахмановпен байланысып, кеңес алып отырған.
Ұшақта медициналық құрал-жабдық өте аз болғанымен, дәрігер жолаушының жағдайын бақылап, оған оттегі беріп, қан қысымы мен пульсін үнемі тексеріп отырған. Шамамен 10 сағаттан кейін жолаушының жағдайы тұрақтанып, ұшақ Ташкентке сәтті қонды.
Ерсін Жүнісов дәрігерлерге жедел көмек көрсету дағдыларын үнемі жетілдіріп отыруды, ал жолаушыларға ұшар алдында денсаулық жағдайына мұқият қарауды ұсынды.