Қытайда алаяқтық орталықтарын бақылауымен аты шыққан ең ірі қылмыстық әулеттердің бірі – Бай әулетінің төрт мүшесі өлім жазасына кесілді, деп хабарлайды Malim.kz.
ВВС басылымының жазуынша, Бай әулеті мен олардың сыбайластары Мьянма аумағында орналасқан ауқымды қылмыстық желіні басқарған. Атап айтқанда:
- алаяқтық колл-орталықтары мен казино жұмыс істеген 41 жабық кешенді бақылауда ұстаған;
- әулет басшысына тікелей бағынатын қарулы топ құрған;
- кешендер ішінде ұрып-соғу мен азаптаулар жүйелі түрде жүргізілген;
- ұйымдастырылған қылмыстар салдарынан Қытайдың алты азаматы қаза тауып, бір адам өзіне қол жұмсаған, ондаған адам ауыр жарақат алған.
Жалпы сот Бай әулетінің 21 мүшесі мен олардың серіктестерін алаяқтық, кісі өлтіру, ауыр дене жарақатын келтіру және өзге де қылмыстар үшін кінәлі деп таныды.
Сот үкімі және әулет басшысының өлімі
2025 жылдың қараша айында сот Бай әулетінің бес мүшесін өлім жазасына кескен. Олардың қатарында қылмыстық кланның басшысы Бай Суочэн де болған. Алайда ол үкім шыққаннан кейін көп ұзамай аурудан көз жұмған.
Айта кетейік, өткен аптада Қытай билігі алаяқтыққа қарсы ауқымды науқан аясында Мин әулетінің 11 мүшесін де өлім жазасына кескен. Бұл қылмыстық топтардың әрекеттерінен Оңтүстік-Шығыс Азияда мыңдаған қытайлық жапа шеккен.
Ұлттық қауіпсіздікке қатер
Бай, Мин және өзге де қылмыстық әулеттер бақылауындағы скам-орталықтар ел қауіпсіздігіне үлкен қатер төндірген. Олар негізінен Мьянманың шекаралас Лауккай қаласында орналасқан, сондай-ақ казино, жезөкшелік индустриясы мен онлайн-алаяқтықты басқару үшін пайдаланылған. Бірнеше жыл бойы интернет алаяқтықты жүйелі түрде жүргізіп, Қытай азаматтарын басты нысанаға айналдырған. Қытай билігінің қылмыстық кландарды жоюға бағытталған бұл науқаны трансұлттық алаяқтыққа қарсы күресте шешімді ұстанымын және азаматтарды киберқылмыстан қорғауға деген ниетін айқын көрсетеді.