Қазақстанда шағын кәсіпкерлікті банктер арқылы қаржыландыру көлемі бір жылда 30 пайыздан аса артқан. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша шағын бизнеске берілген несие көлемі 9,1 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 32,7 пайызға немесе 2,3 трлн теңгеге көп, деп хабарлайды Malim.kz Ranking.kz деректеріне сүйеніп.
Жалпы, Қазақстан экономикасына банктер берген кредит көлемі бір жылда 16,8 пайызға өсіп, 45,4 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде кәсіпкерлікке бағытталған несие көлемі 19,5 трлн теңгені құрады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 19,9 пайызға жоғары.
Кәсіпкерліктің үш санаты ішінде несие көлемі ең жылдам шағын бизнесте өскен. Шағын кәсіпкерлікке берілген несие 32,7 пайызға артса, орта бизнес бойынша өсім 28,6 пайыз, ал ірі бизнес бойынша 3,8 пайыз болды.
2026 жылғы 1 шілдеде орта бизнеске берілген несие көлемі 3,3 трлн теңге, ірі бизнеске берілген несие 7,1 трлн теңге болған.
Осылайша, банктердің кәсіпкерлікке берген кредиттерінің ішінде шағын бизнестің үлесі шамамен 47 пайызға жетіп отыр