Сахара шөл даласын бірнеше онжылдықтардан кейін бірінші рет су басты. Оған нөсер жауын себеп болған.
The Independent басылымының мәліметі бойынша, табиғи апаттан Алжир мен Мароккода 20 адам мерт болған. Сондай-ақ су басу салдарынан жергілікті шаруалар да зардап шегіп жатқан көрінеді.
Тасқыннан әсіресе Марокконың оңтүстік-шығысындағы аудандарға аса көп залал келген. Құм пен оазистарды жарып өткен су фермерлердің өнімдеріне, сондай-ақ әртүрлі құрылыстарды шайып кеткен. Ең көп зардап шеккен Тата қаласында екі күн ішінде жауған жаңбыр бір жылдық нормадан асып түскен. Марокконың бас метеорологиялық басқармасының хабарлауынша, мұндай жауын-шашын бұрын болмаған.
Ғалымдар мұндай климаттық феноменттің себебін әлі анықтай алмайды, дегенмен оған Атлантикадағы дауыл маусымының әсері болуы мүмкін дейді. Сондай-ақ олар 2100 жылға қарай мұхиттардың жылынуы салдарынан Сахара ылғалды аймаққа айналып кетуі мүмкін деген болжам жасап отыр.
Бұған дейін БҰҰ-да Оңтүстік Еуропаның шөлді аймақтарында климат өзгеруі мүмкін екенін мәлімдеген еді.
Фото: gazeta.ru