«51 жыл сырлас болдым»: Нұрғали Нүсіпжанов Нұрғиса Тілендиевке арнап әсерлі жазба жариялады

Өнер иесі композитордың өзін еркелетіп, «Нұрғаш» деп атағанын еске алды

Сабина Асқарқызы

  • 22.01.2025

Жақында 87 жасқа толған қазақтың әйгілі әншісі Нұрғали Нүсіпжанов Instagram парақшасында композитор әрі домбырашы Нұрғиса Тілендиев туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.

Ол 51 жыл бойы бірге шығармашылық жолда болған Тілендиевке деген сағынышын жеткізіп, ерекше әсерлі жазба қалдырды.

Ауруханадағы ой-толғам: «Сәулелі сәттерім, шуақты шатарым». Нұр Аға - менің мәңгілік сағыныш, мұңыма айналған алтын жүректі асылдардың ішіндегі айрықша асыл адам. Аяулы ағаммен 51 жыл сырлас болдым, 51 жыл мұңдас болдым, 51 жыл сапарлас болдым. Достығымыз бір туған бауырлыққа ұласқан бақытты ұрпақтармыз. Жарықтық менің кір жуып-кіндік кескен Алтын Емелімді мысыр шаһарынан артық көретін. Анамның ақ дастарханынан талай дәм татып, ауылыма барып аунап-қунап та қайтатынбыз, дейді әнші.

Өнер иесі композитордың өзін еркелетіп, «Нұрғаш» деп атағанын еске алды.

Тумаса да туған ағатайымдай қорған болды, мейіріне бөледі, қамқорлығын да аямады. Мені еркелетіп: «Нұрғаш» деуші еді. Бірер күн көрмей қалса: «Аңсатып, сағындырып қайда жүрсің, тез жет», деп қоңырау соғатын. Аға сөзі екі рет қайталанбайды, тіпті талқыланбайды. Обалы нешік, ол кісінің бір сөзін екі еткен кезім болған емес. «Жет» деді ме, өліп-тірілсем де жетем. Филармонияда кездесеміз. «Отырар Сазының» репитициясы қызып жатады. Тұғырына қонған қырандай Нұр ағаң қырағы еді ғой. Есіктен енгенімнен «коронный әндерімен» оркестрді дүркіретіп ала жөнеледі. «Сарыжайлау» дейсіз бе, «Өз елім» дейсіз бе, «Алатау» дейсіз бе, қойшы әйтеуір менің даусыма арнап жазған әндерін бір-бір әуелетіп айтқызып, айызы қанған соң ғана құшағына ыстық ықыласпен қысатын. Сонда: «Қайда жүрсің адалым-ау, жалғызым-ау», деп маңдайымнан өпкенде, екі көзінен аққан жас кеудесін жуып тұратын, деп жазды Нұрғали Нүсіпжанов өз естелігінде.

Нұрғиса Тілендиев екеуінің үйінде жалғыз бала болғанын да атап өткен.

Нұр аға да, мен де бір-бір қара шаңырақтың жалғыз, жарым қара сирақ балаларымыз ғой. «Адалым-ау, жалғызым-ау» деп аға егілгенде, іштей мен де езілетінмін. Жалғыздың жалқы көңілін асылы жалғыз ғана айтқызбай ұға алса керек-ті, ұғына алса керек-ті… Жасырып, жаба тоқып қайтейін, бұл күнде жүрегім жараланса,жаным жадап-жүдесе, Нұр ағам ойға оралады. Жанарыма ыстық жас үйіріледі… «Қалай болғанда да, Нұрғиса Тілендиевтің: «Адалым-ау, жалғызым-ау» деген екі ауыз сөзін мен ешбір атақ-даңққа айырбастай алмайтынымды анық білем. Сөз басында айтқанымдай, Нұр ағаңды алтынға балаймын. Мен мүмкін сол алтынның жәй ғана сынығымын. Нұр Ағам тау болғанда, бәлкім сол таудың бір етегімін. Ота алдында ардақты Ағама құрмет сезіммен есеп беруді інілік ізетім деп ілтипат таныттым, деп жазды ол.

Фото: instagram.com/nurgali_nusipzhanov_official 

Байланысты жаналықтар

Нұрғали Нүсіпжанов Мейрамбек Бесбаевқа бата берді

15.01.2025

88 жасқа толған Нұрғали Нүсіпжанов Еңбек ері атағын ала алмай жүр

06.01.2025

Нұрғали Нүсіпжанов аурухана жатып, Асанәлі Әшімов екеуі туралы әсерлі жазба жариялады

06.12.2024

Нұрғиса Тілендиев - композитор, дирежер, Халық қаһарманы

25.09.2024

«Арманы – ұлды болу». Роза Әлқожа Нұрғали Нүсіпжановтың басты өкініші туралы айтты

15.07.2024

Шындықты айту да өнер!

01.05.2021
MalimBlocks
Нұрғали Нүсіпжанов Мейрамбек Бесбаевқа бата берді

Аңыз әнші ізбасары ашқан радиода қонақ болған.

88 жасқа толған Нұрғали Нүсіпжанов Еңбек ері атағын ала алмай жүр

2 жылдан соң 90 жылдығын тойлайтын аңыз әншіні көпшілік құттықтап жатыр

Нұрғали Нүсіпжанов аурухана жатып, Асанәлі Әшімов екеуі туралы әсерлі жазба жариялады

Өнер иесі қазақ руханиятына үлес қосу үшін үлкен миссиямен дүниеге келгенін айтады

Нұрғиса Тілендиев - композитор, дирежер, Халық қаһарманы

Даңқты композитор, дирижер, Қазақстанның Халық қаһарманы Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев 1925 жылы 1 сәуірде, Алматы облысы Іле ауданы Шилікемер ауылында дүниеге келген. 1998 жылы Алматыда дүниеден өтті.

«Арманы – ұлды болу». Роза Әлқожа Нұрғали Нүсіпжановтың басты өкініші туралы айтты

Нұрғали Нүсіпжановтың сахнада жүргеніне биыл 70 жыл толады екен.

Шындықты айту да өнер!