Бәйдібек ауданының халық таңдаған жаңа әкімі жұмысын бастады

  • 07.11.2023

5 қараша күні пилоттық режимде өткен әкім сайлауының Бәйдібек ауданы бойынша сайлау қорытындысымен Бәйдібек ауданының әкімі болып Нұрмаханов Ерлан Заипұлы сайланды. Өңір басшысы бұған дейін ауданды басқарған Ержігіт Шәріпбековке аудан дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, жаңа бастамаларына сәттілік тіледі. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жаңа басшыны аудан активіне таныстырып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттерді іске асыру бойынша жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

–  Жаңа басшыға үлкен жауапкершілік пен маңызды міндеттер жүктеліп отыр. Аудан экономикасы мен жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын көтеру бағытында жаңа жобалар күтеміз. Ауыл шаруашылығы мен туризм саласын дамытуға, инвестиция тарту бағытына басымдық берген жөн. Бәйдібек ауданында экотуризмді, зиярат туризмін дамытуға мүмкіндік көп. Жаңа өндіріс, жұмыс орындарын ашу керек. Халықпен бірлесе отырып, қордаланған мәселелерді жедел шешуге күш салады деп сенемін, – деді Дархан Сатыбалды.

Ерлан Нұрмаханов 1973 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Алғабас ауданы, Шаян ауылында дүниеге келген. 1996 жылы Қазақ химия-технология институтын – инженер-құрылысшы, 2005 жылы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін – заңгер мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1994 жылы баспа саласындағы кәсіпкерлік қызметтен бастады. 2002 жылы полиграфия өнімдерін басып шығару және таратумен айналысатын «ERNUR-press» ЖШС-нің негізін қалады. 2007 жылдан бастап  «ERNUR» корпорациясы ЖШС-нің директоры қызметінде. Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының ІV және V шақырылымының, Түркістан облыстық мәслихатының VІІ шақырылымының депутаты қызметін атқарды. Қазіргі уақытта «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мүшесі.

Өз кезегінде Ерлан Нұрмаханов сенім артқан жергілікті тұрғындар мен аймақ басшысына алғысын айтып, ауданның дамуына бар күш-жігерін салатынын жеткізді.

Өткен жыл қорытындысымен Бәйдібек ауданы бюджетінің кіріс бөлігі нақты 16 млрд. 582,2 млн. теңгені құрап, жоспарлы түсімнен 52 млн. 578,8 мың теңгеге, ал 2023 жылдың 3 айында нақты 1,9 млрд. теңгені құрап, жоспарлы түсімнен 117,2 млн. теңгеге  артығымен орындалған. Жергілікті бюджет түсімдері өткен жылдың қорытындысымен нақты 1 млрд. 246,7 млн. теңгеге, осы жылы 3 айда 0,5 млрд. теңгені  құрап, артығымен орындалған. Былтыр ауданда 55,8 млрд. теңгенің жалпы өңірлік өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда  8,7  млрд. теңгеге, 2023 жылдың 3 айында ауданда 6 млрд. 447,6 млн. теңге болып өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 685  млн. теңгеге артып отыр.  Былтыр 21,6 млрд. теңге, 3 айда 2 млрд. 167,4 млн. теңгеге инвестиция тартылды.

Жалпы ауданда 11 ауылдық округ, 51 елді мекен, 48 936 халық бар. Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 35,6 млрд. теңге болып, нақты көлем индексі 112,7%-ға орындалды. Оның ішінде  мал шаруашылығы  – 17,6 млрд. теңге, өсімдік шаруашылығы – 17,9 млрд. теңгені құрады. 2023 жылдың 3 айында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 4 млрд. 389,6 млн. теңге болып, нақты көлем индексі  101,8%-ға орындалды. Оның ішінде  мал шаруашылығы  4 283,4 млн. теңгені, ал, өсімдік шаруашылығы 106,2 млн. теңгені  құрады.

Аудандағы өнеркәсіп өнім көлемі 2022 жылы 1 млрд. 387,3 млн. теңгеге немесе 100,7% пайызға, ал 2023 жылы 3 айда 157,6 млн.  теңгені құрады. Былтыр тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 011 бірлікті құрап, оның ішінде жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 4 932-ге жетті. 2023 жылы жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5465-ке жетті.

Аудан аумағында жалпы пайдаланымдағы және елді мекендердің ішкі көше автомобиль жолдарының ұзындығы 937,3 шақырымды құрайды. Республикалық маңызы бар 25 шақырым автомобиль жолының 100 пайызы асфальттанған. Облыстық маңызы бар 426 автомобиль жолының 410 шақырым асфальт, 16 шақырым шағал тас. Аудандық маңызы бар 116,8 шақырым жолдардың 112,6 шақырымы асфальтталған, 4,2 шақырымы – тас жол.

Жаңа әкімге осындай көрсеткіші бар аудан тапсырылып  отыр. Нақтысын айту керек, Бәйдібекте өндіріс орындары, тартылған инвестиция көлемі өте аз. Ендігі кезекте Ерлан Нұрмахановқа инвестиция тарту, кәсіпорындар, зауыттар ашу міндеті жүктеліп отыр. Жаңа жұмыс орындарын ашу – уақыт талабы.