Бақанас, қайда барасың?..

Malim Админ

  • 11.06.2021

Аягөз ауданы, Бидайық ауылының тұрғыны Байжігіт Қырықбаев биыл да Бақанас өзенінің негізгі арнасынан бұрылып кетіп, соның салдарынан зардабын тартып отырғанын айтып MALIM. KZ тілшісіне шағымданған болатын. Басты себеп – өзен арнасы, әлдебір табиғи апат әсерінен емес, ауылдасы Айтқали Құрманғалиев пен көршілес Өркен ауылының әкімі Ғалымжан Сыдықовтың жөнсіз әрекеті салдарынан қуаңшылыққа ұрындырып отыр. Бұрын ұстаздықпен 40 жыл айналысқан қария бұл мәселеге байланысты аудандық әкімдіктен бастап, Экология министрлігіне дейін шағымданған екен.

-Өз жөнімен арнасымен ағып жатқан суды осы ауылда тұратын кәсіпкер Айтқали Құрманғалиев өзіне бұрып алып, өзінің жеріне су келтіріп, жылына 5-6 млн. теңге пайдаға кенеліп отыр. Айналып келгенде күзге қарай шөпті содан сатып алатын жағдайға жеттік. Бұл адам Өркен ауылының әкімі Ғалымжан Сыдықовтың бөлесі. Менің қолымда өзеннің табиғи қалпында ағуы тиістігі жөнінде аудан, облыстық әкімдіктің құжаттары бар. Өзенді бұзған жағдайда тиісті баптарына сәйкес жазаланатыны, жауапқа тартылатыны туралы заң бар. 2017, 2018, 2019  жылдары өзен арнасы қайта-қайта бұзылып кетті. Су бармауы салдарынан 8-10 қыстақтың әрқайсы 30-40 бас сиырды шөлден қырып алдық. Бірнеше бас жылқыдан да айырылдық. Жіберілген судың өзі құрттап кеткен. Мұны аудан әкімі Сейілбек Ысқақов та біліп отыр. Біздің ауыл іргесіндегі өзен қаншама шаруашылықты асырап отыр. Мұны сол кездегі аудан әкімі Бақытжан Баяхметов өзі бұздырып, кейіннен 2019 жылдың басында облысқа кетер алдында қайта жаптырып берген. Қайтадан бұрылып кетіп еді одан кейін аудан әкімі болып келген Ділдәбек Оразбаев келіп қайтадан жаптырып берді,-дейді бидайықтық Б.Қырықбаев.

Ақсақал мәселесінің жайын айта отырып, өзі жолдаған шағымдарға сәйкес келген жауаптарын да көрсетті. Оның ішінде бұрын аудандық мәслихат хатшысы болып отырған кезінде  жолдаған қазіргі аудан әкімі Сейілбек  Ысқақовтың қолы қойылып, мөрі соғылған жауап та бар. Байжігіт қария шаруасын дөңгелетер шақта өзен арнасын бұрып жіберіп шаужайға жармасқандай кейіп танытатын Өркен ауылының әкімі Ғалымжан Сыдықовтың биылғы сәуір айында бір топ жігіттермен келіп, дөңайбат көрсетіп, әдеттегідей ісін қайталағандығын да айтып қалды.

Сапар барысында кездескен Бидайық ауылдық округінің әкімі Жарқын Нағашыбеков совхоз кезінде мұндай су тапшылығы деген мүлдем болмағандығын айтты.

-Ауданның бұрынғы әкімі Ділдәбек Тәжібаев есеп беру жиынында дамбының қолдан бұрылып кету жайына назар аударып, мәселені шешуге тырысқанын да жасыруға болмас. Сол кісінің ұйымдастыруымен шаруа қожалықтары бірлесіп, үш жыл бойы осы дамбының шығынын бәрін көтеріп жасағанбыз. Биыл келіп, өркендіктер бұзып кеткенде түсіндіріп көрдік арнаны бітеп отырмағанымызды. Шын мәнінде олардың су тапшылығын сезінуіне бұл бөгеттің қатысы жоқ. Назар салып қарасақ, Бақанас, Байқошқар өзендері Абай ауданындағы Шыңғыыстаудан бастау алады. Ол жақта биыл қар түсуі аз, ылғал төмендеу болды. Соның салдарынан осы Шұбартау өңіріне дейін жайылатын өзеннің арнасы азайды. Өркен ауылының әкімі ақсақалдарын алып келді, біз де қар болмауы басты себеп, яғни, бөгеттің қатысы жоқтығын айтып өз әлімізше түсіндірдік. Отыз шақырымнан қашықтықта төмендеу орналасқан Өркенге су онсыз да бірақ кешігіп ағып барады. Ақсақалдармен бірге Аягөз аудандық табиғат қорғау инспекциясының мамандарын да әкеліпті. Төрт күн мерзім сұрағанбыз, көнбеді, ақыры, міне, шабындық жерлердің шөбі қурап өзен бойындағы шаруа қожалықтарына қиын тиіп отыр. Амал жоқ, Көксала, Мәдениет ауылдарынан сатып алып тасуға тура келеді. Бағасы қанша болатынын кім білсін, бірақ, қуаңшылық зардабын тартқан халыққа оңай тимейтіні анық,-дейді Ж. Нағашыбеков.

Бидайық ауылының іргесіндегі өзенге салынған дамбы расында да құлатылып, өзен арнасы бағытынан жаңылып кетіпті. Дегенмен, мәселеге біржақты қарамас үшін Өркен ауылының әкімі Ғалымжан Сыдықовпен де байланысқа шықтық.

-Қырықбаевтың барлық жерге шағымданып жүргенінен хабарым бар. Бірақ, мен мамандармен барып бөгеттің қойылуы дұрыс емес екенін дәлелдеп бергенмін. Дамбыны заңсыз жасаған. Оны бұзғаннан кейін барып, Өркен ауылына су келді. Халық енді сусыз қалып, қол қусырып отыра алмайды ғой. Жиналып барғанымыз рас. Бірақ, ақсақалдармен барып суды бөгеу жөнсіз екенін айтып бір күн бұрын ескерттік. Одан кейін Аягөздің ішкі істер бөлімінен құқықорғау өкілдерін әкелдік, табиғат қорғау инспекторы да келді. Өзен екі ауылға ортақ. Егер дұрыс жұмыс жасап отырса, біз барып бұздырмаймыз ғой. Әрі-беріден соң, Қырықбаев маған туыс болып та келеді. Өзім сол Бидайықта туып өскенмін. Күш қолданатындай әрекетке барғанымыз жоқ,-дейді Ғ. Сыдықов.

Ауыл әкімі сонымен қатар өз иелігінде ешқандай шаруашылық жоқтығын, ешкімге ықпал жасап, біреудің жайы үшін суға таласпағандығын да жасырмады. Бар ойы – өзі басшылық жасап отырған Өркен ауылы халқын қиын жағдайда қалдырмаудың қамы болған. Дәл осы тұста «екі ауылдың адамдары мен әкімі өзен суына таласып отырғанда аудан басшылығы қалайша бейқам отырған?» деген сұрақ туатыны сөзсіз. Аудан әкімі Сейілбек Ысқақов бұл жайды білетіндігін, бірақ, су тапшылығы қардың аз түсуінің әсерінен болып отырғандығын мәлімдеді.

Сәтжан Қасымжанұлы,

Шығыс Қазақстан облысы

Байланысты жаналықтар

Даниал Ахметовтің тапсырмасымен! «Вакцинацияға келмесе, дәрігер үйіне іздеп барсын»

20.07.2021

Сау болыңыз, Сақтағанов! Бәрекелді, Байахметов!..

28.06.2021

Ахметовты мақтатқан адам белгілі болды

15.06.2021

Тоқсейітов орнын Тұрлыбековке босата ма?

07.06.2021

«Ұлымды өлтірген полицейлер жазаланбады»

21.05.2021

Қуаттың «Мазасыз маусымы»

14.05.2021
MalimBlocks
Даниал Ахметовтің тапсырмасымен! «Вакцинацияға келмесе, дәрігер үйіне іздеп барсын»

Сау болыңыз, Сақтағанов! Бәрекелді, Байахметов!..

Ахметовты мақтатқан адам белгілі болды

Тоқсейітов орнын Тұрлыбековке босата ма?

«Ұлымды өлтірген полицейлер жазаланбады»

Қуаттың «Мазасыз маусымы»