Бас бостандығы шектелгендер көше сыпырып жүр
Кезінде есірткі өсіріп сатқан жігіт пен қызуқанды көше бұзақылары қазір күндерін Алматының көшелерін тазалаумен өткізіп жүр. Сот бұл азаматтарға бас бостандығынан айырмай, қоғамға пайдасын тигізер жаза тағайындаған. Malim.kz тілшісі пробация қызметі қалай жұмыс істейтіні мен аса ауыр емес қылмыс жасағандар жазаларын қалай өтейтіндерін біліп қайтты.
25 жастағы Алмас ұрлық пен бұзақылық жасап, заң алдында екі мәрте жазаланып, өз қатесін түсінген. Суретші жігіт енді күн сайын төрт сағат бойы көше сыпырып, аула тазалайды. Ал оның жұмысын Наурызбай аудандық пробация қызметі бақылап отырады.
Алмас, 25 жаста
«Алғашында жастықпен, қызу қандылықпен бірінші алған жазамның маңызын түсінген де жоқпын. Қазір ойланып қарасам, сабақ алып, түзу жолған түсер, ақыл тоқтатуға көмектесер бір кезең болған екен. Бірінші жазамды өтеп шыққан соң араға бес ай салып, қайта шалыс бастым. Қазір, міне, қолыма сыпыртқы алып, көше тазалаймын. Есесіне бұрын кез келген жерге сағыз лақтыра салмаймын. Қазір күн райына қарамастан, көшеде жұмыс істеудің қаншалықты қиын екенін түсіндім».
Наурызбай ауданының пробация қызметі басшысы, Әділет майоры Азамат Нақыпбек бюджетке салмақ салмайтын жаза түрінің қылмыскерлерді тәртіпке салушы, тәрбиелік мәні зор екенін айтады.
Аудан бойынша қоғамдық жұмысқа тартылған 33 адам, қала бойынша 85 азамат бар: алтауы – әйел, 79 – еркек. 80 сағат пен 240 сағат аралығында қоғамдық жұмысқа салу жазасына әдетте кішігірім ұрлық жасағандар, көше бұзақылары тартылады.
Егер жазасын өтеп жатқан азаматтың тіркелген жұмыс орны болса, күніне кемі төрт сағат бойы қоғамдық жұмыс істеуі керек. Кейде "Істемеймін" деп еркелейтіндер, ерініп жүріп істейтіндер де кездеседі. Ондай жағдайда біз олардың үстінен сотқа арыз жазамыз. Біздің ауданда соңғы рет осындай жағдай ақпанда болды. Сот ол азаматты 21 күнге қамаққа ауыстырды.
Азамат Нақыпбек - Наурызбай ауданының пробация қызметі басшысы
Азамат Мұхамеджанұлының сөзінше, қылмыскерлердің көбі жасы отызға толмағандар.
Қоғамдық жұмысқа тартылғандардың басты ісі – көше тазалау. Қыста қар күреп, жазда ернеулерді бояу осы азаматтардың мойнында. Тазалау аймақтарын әкімдік бөліп береді. Әр қылмыскер өзі тұратын ауданда жазасын өтегендіктен, таныстарынан қысылатынын есептемегенде, бұл жаза тәсілі өте тиімді. Ауланы тазалау арқылы болса да, бұл азаматтар қоғамға пайдасын тигізуде.
Қылмыскерлердің жас шамасына байланысты арнайы мониторинг жүргізілмегенмен, соңғы кездері жаза алып жатқандардың көбі жасы отызға толмағандар екені байқалды.
Қызығы, карантин шыққалы қылмыс азайды. Ұрлыққа карантин тұсау болды деуге болады. Жазасын өтеушілердің арасында еш жерде жұмыс істемейтіндер де бар, әрі қарай осы жұмысқа ресми орналасып, табыс табуға болатынын айтқанда, көбісі бас тартады,. Көше тазалағысы келмейді, жүз сағатын өтеп бітуге асығады. Әзірге жазасын өтеп, кейін тазалықшы боп, жұмысын жалғастырамын деген жағдай тіркелген жоқ.
Серік, 47 жаста
Серік, 47 жаста
296 бап, 1-бөлім мен 300 бап, 2-бөлім бойынша істі болып, есірткі өсіргенім үшін жазамды өтеудемін.Жарты жыл болмастан, ұсталдым. Алғаш рет совет заманында өзім тәжірбие үшін есірткі шегіп көргенім бар, кейінгі жылдары өсіріп, ақша табармын деп ойладым.
Қазір құрылыс компаниясында жұмыс істеймін. Түске дейін келіп, төрт сағат көше тазалап, жазамды өтеп кетемін.
Нұрбек, 32 жаста
107 бап, 1 бөлім бойынша көшедегі бұзақылық үшін жазамды өтеп жүрмін. Маған бір жыл бас бостандығын шектеу жазасы берілгендіктен, бір жыл бойы жүз сағат қоғамдық жұмыс істеуге тартылдым.
Ұнаса да, ұнамаса да, жаза берілген соң өтейсің. Сот жаза тағайындамастан, осы жағдайға ұрынған күннен-ақ жазамды өтеп келемін. Көшеде суық қару ұстанған жігіттермен қақтығысып, өзімді қорғаймын деп, жазалы болып қалдым. Артынан анама ота жасалды, туыстарым қиналып қалды. Өзің де өкінесің, осы бір рухани күйзеліс – адам баласы үшін ең ауыр жаза деп ойлаймын.
жұмыс барысы
Оның үстіне қоғамдық жұмыс сағатын әр қылмыскер өз тіркелген жерінде өтейтіндіктен, тума-туыс, таныстарыңның көзіне тазалықшы кейпінде түсуге жасқанады екенсің, бірақ уақыт өте үйреніп те кетесің.
Бірақ, бір нәрсені нақты білемін, енді бұл қателікті қайталағым келмейді. Кәсіп ашып, адал ақша тауып, үйленіп, анамды разы еткім келеді.