Бес баланың өмірін қиған өрттің қайдан шыққаны айтылды

Malim Админ

  • 20.02.2021

Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақыт Ратаев бүгін арнайы жиынға шығып,  Жаңатас қаласындағы кеше қайғылы жағдай бойынша тергеу ісі басталғанын хабарлады. Оның айтуынша, сот-сараптама орталығынан алған алдын-ала мәліметі бойынша, балалар улы газдан уланып қаза тапқан. Ал өрттің ашық от көзі тұтанғыш материалдың, яғни төсек-орын жабындарының бетіне тиюінен болған.

Ал төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ермек Момбаев өрт-техника зертханасының алдын ала зерттеу мәліметтерін жариялады.

«Өрт бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы үш бөлмелі пәтерде болды. От балалар бөлмесінде тұтанған. Жалын 16 шаршы метр аумақты қамтыды. Жылжымалы өрт-техникалық зертханамен зерттеу жүргізу кезде оқиға орнында жанған сымдар мен электр жабдықтары, пеш немесе басқа да қосымша жылыту құралдары табылмады, үй орталық жылытуға қосылған», - деп атап өтті ТЖД басшысы.

Арнайы комиссияның төрағасы, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбектің айтуынша, қайғылы оқиғаға ұрынған отбасы толыққанды, отағасы медицина мекемесінде жұмыс істейді, анасы декреттік демалыста (мектепте мұғалім).

Сондай-ақ, ол әлеуметтік желілерде өрттен зардап шеккен 60 жастағы әйел туралы қауесетті жоққа шығарды. «Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Басқа зардап шеккендер жоқ», - деп атап өтті Ұ. Жазылбек.

Жаңатас қаласындағы өртте пәтер ішінде ата-ананың қарауынсыз қалып қойған, кәмелет жасына толмаған 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылдары туылған бес бала қаза тапқан еді.

MalimBlocks