«Ботофермалар жақсы жұмыс істеп жатырған шығар». Алматы әкімі Ерболат Досаев отставкасына қатысты пікір білдірді
Бүгін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарымен кездесті. Осы кездесуде тіркелмеген «Демпартия» мүшесі Аружан Дүйсебаева Досаевтан отставкаға кетуіне қатысты сұрақ қойды.
«Мен бір адамның атынан емес, 57 мың адамның атынан келіп тұрмын. Сіздің жеке басыңызда даулы мәселелер өте көп. Соның бірі – Алматы қаласының 57 мың адамы, оның ішінде Алатау ауданының тұрғындары да бар, сіздің отставкаңызды талап етіп жатыр. Неге осы адамдардың үніне құлақ асып, орныңызды босатпасқа? Сіз де, қасыңыздағы әкімдер де, құрғақ уәде беріп жатырсыздар. Айтылған уәделер әлі орындалмағанын көбі айтып жатыр. Қалай мына әкімге (Ерболат Досаевты айтып тұр – ред.) сенесіздер? Бұл тағы да ертегі айтып жатыр»,- деді Аружан Дүйсебаева.
Өзінің отставкасына қатысты жауап берген Ерболат Досаев қызметтен кету-кетпеуін президент Тоқаев шешетінін айтты.
– Алматыда екі миллион, 200 мың халық бар. 57 мың адамның ішінде кім тірі, кім тірі емес. Ботофермалар жақсы жұмыс істеп жатқан шығар. Петицияға қарап отырмын, оның ішінде (адамдардың) фамилиясы, ЖСН-і жоқ. Мені тағайындаған мемлекет басшысы, өзінің шешімін шығаратын шығар,- деді Ерболат Досаев.
Кездесуде Досаевтың отставкасынан бөлек, тұрғындар аудан-ауылдарда мәселе шаш-етектен екенін, әлі күнге дейін шешімін таппай жатқанын айтып, наразылық білдірді.
«Көкқайнар» ықшам ауданы тұрғынының сөзінше, бұл ауданда не мектеп, не балабақша жоқ. «Мен осы Алатау ауданындағы бір мектебі, бір балабақшасы жоқ «Көкқайнар» деген ықшам ауданнан келіп отырмын. Енді мен сізден мектеп пен балабақша сұрайын деп тұрған жоқпын. Өткенде мен сізге келіп балалар ойын алаңын салып берулеріңізді сұрағанмын. Сіз сол кезде «иә» деп мақұлдаған болатынсыз. Бірақ әлі салынған жоқ. Балалар шаңға батып ойнап жүр. Ешқандай ойын алаңы жоқ. Сосын, Саялы ауылына баратын жолда асфальт жоқ. Көктемде балшыққа батамыз. ХХІ-ғасырда осындай жолмен қатынаймыз. Оқушыларға обал үстіндегі киімдері шаң-шаң, балшық-балшық боп келеді. Маршрут тағы жоқ,- деді ауылдағы мәселелерді жіпке тізген тұрғын.
Бұл сауалға Ерболат Досаев жолдарды жөндеуден өткізу үшін 550 млн теңге қаржы бөлінгенін, балалар ойын алаңын салу жұмыстары тамыз айында басталатынын айтты. Бірақ Досаев «Көкқайнар» ауылында мектеп, балабақша салына ма, жоқ па, ол жөнінде жақ ашпады.
Тұрғындар Алатау ауданына қарасты бірқатар көшеде жарық жоқ екенін, тратуарлардың тас-талқаны шығып жатқанын, Ерболат Досаевтан осы мәселелерге назар аударуын сұрады.
Алайда бұл сұраққа Ерболат Досаев емес, Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков жауап берді.
– Қазір жоба жасап жатырмыз. Келесі жылдың сәуір айында Алатау ауданы бойынша 379 көшені жарықтандырамыз. Енді салынған тратуарларда «ақау» бар, оны қалпына келтіреміз,- деді Азамат Қалдыбеков.
«Мәдениет» ықшам ауданы тұрғындары болса, бірнеше жылдан бері көмір жағып отырғандарын айтты. Олар Досаевқа «бармаған жер, баспаған тауымыз жоқ» деді.
Ал Ерболат Досаев «газ келеді» деп қысқа қайырды.
Кездесуде кей тұрғындар жер учаскесінің қаулысын ала алмай жүргендеріне біраз уақыт болғандарын айтып, Ерболат Досаевтан бұл мәселеге араласуын сұрады.
Әкім мырза! Жер 2022 жылы тиісті органдармен беріліп қойған. Бүкіл құжаты қолымызда. Енді тек қаулыны ғана күтіп отырмыз. Бұл бойынша қалалық прокуратураға шағымдандық. Олар толық тексеріп, қаулы қабылдау туралы ұсынысты сіздерге жіберген. Мына жерде прокурор да отыр. Жақсы біледі, бұл мәселені. Біз ешқандай да заң бұзған жоқпыз. Заңды – жер қатынастары басқармасы бұзып отыр,- деді бір топ тұрғын.
Ерболат Досаев Алатау аудандық прокурорынан «Тексердіңдер ме, ол қандай жер?» деп сұрады. Алайда прокурор «қазір толыққанды жауап бере алмаймын» деді.
Кейін Досаев бұл мәселені заң аясында қарайтындарын айтты.
Тұрғындар Ерболат Досаевтан орынбасары Әбдіқадыров өздерін қанша жазылса да қабылдамай жүргенін, алдына кіру мүмкін емес екенін айтып шағынып, шенеуніктен «Әбдіқадыровке кіргізіп беріңізші» деп өтінді. Досаев тамыздың 3-інде қабылдайды деп уәде етті.