Петропавлдағы полиция өлімі: Әйелі күдікке ілінді

25 мамырда қалалық полиция басқармасында жұмыс істеген 1990 жылғы инспектордың мәйіті өз үйінен табылған. Оқиғаға байланысты тергеу бөлімі қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі«Кісі өлтіру» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады.
Облыстық прокуратура жасалған қылмыс инспектордың кәсіби қызметімен байланысы жоқ деген тұжырымға келген. Тергеушілер бұл үй ішіндегі жанжал кезінде болған оқыс оқиға деген нұсқаны қарастырып жатыр. Яғни қайтыс болған адамның жары басты күдікті болып отыр.
«Қазір іс бойынша барлық жағдайды анықтауға бағытталған жедел тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы туралы тұжырым жасауға әлі ерте. Сот сараптамалары тағайындалып, қылмыс қаруы болуы мүмкін зат табылды. Тергеу барысы СҚО прокуратурасының бақылауына алынды», - деді облыстық прокуратурадан.
Қайтыс болған азаматтың артында екі кішкентай баласы қалды.


Ең көп оқылған
