Қираған жаңа көпір, БҚО шенділерінде үн жоқ
БҚО-да екі мемлекеттік мекеме тұрғанның шағымын елемей отыр.
Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының тұрғыны Азамат Трумов ішкі аудит департаменті мен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы арыз-шағымын елемей отырғанын айтып шағынды. Сөзінше, маусым айының басында аталған ауданға қарасты Ақтау ауылында 42 млн теңгеге салынған көпірге тексеріс жүргізулерін сұрап, алдымен аудандық прокуратураға шағымданған. Ал прокуратура арыз-шағымды жоғарыда көрсетілген екі мемлекеттік мекемеге жолдаған. Содан бері бір айға жуық уақыт өтсе де, ешқайсысынан жауап болмаған.
Азаматтың арыз-шағым түсіруіне себеп болған – бюджеттен 42 млн теңге қаржы жұмсалып салынған көпірдің жарты жылға жетпей қирап қалуы. Ол көпір әу баста сапасыз салынғанын және жемқорлық фактісі болуы мүмкін екенін, сондықтан үнсіз қалуды жөн көрмегенін айтады.
Аудандық прокуратурға шағым түсіргенде прокурор Серік Орынғалиев «біз тексеріс жүргізе алмаймыз, құзыретімізге жатпайды» деді. Сосын олар менің арыз-шағымымды Батыс Қазақстан облыстық ішкі аудит департаменті мен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқарамасына жіберді. Енді содан бері бір айға жуық уақыт болды, әлі ешқандай жауап ала алмай отырмын,-дейді Азамат Трумов.
Ол ішкі аудит департаменті мен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы өз жұмыстарына немқұрайлы қарап отырғанын, тексеріс жүргізуге келгенде өгіз аяңға салынып отырғанын айтты.
Жауап болмаған соң, бұл екі мекемеге бірнеше рет хабарластым. Басында «әне барып тексереміз, міне барып тексереміз» деді. Ішкі аудиттың бір қызметкері «сіз арыз-шағымыңызда көрсетілген көпір – көпір емес екен. Ол көлік жүретін жол» деп қарап тұр. «Қайдағы жол, көпір ғой, астында өзен бар ғой?» десем, «бізге Шыңғырлау аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі солай атты» дейді. Бармай, көрмей жатып, айтып отырғандары мынау. Бұл – жұмыстарына деген салғырттық, заңсыз әрекеттерге көз жұма қарау деп есептеймін,-дейді Азамат.
Ал Батыс Қазақстан облыстық ішкі аудит департаментінің бас маманы Алуа Оспанова тексеріс ашылғанын айтып отыр.
Кеше Шыңғырлау ауданына барып қайттым. Бірақ көпір салынған жерге барғам жоқ. Оны енді барып тексереміз. Осы шілде айының соңына дейін тексерісті аяқтаймыз. Егер қандай да бір заңсыз әрекеттер анықталып жатса, құзырлы органдарға жолдаймыз,-деді.
Бірақ ол Азамат Трумовтың арыз-шағымына не себепті жауап бермей отырғандарына қатысты пікір білдірмеді.
Malim.kz тілшісі Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Мәди Отаровқа хабарласқан, алайда ол сұраққа жауап бермеді.
Есенжол Елекенов