Қожахметов Цойдың "тірі екенін" айтты
Алексей Цой неге журналистердің алдына шықпайды? Бұл сұраққа ДСМ ресми өкілі Бағдат Қожахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингте жауап берді.
Журналистер ДСМ өкілінен министрдің халық алдына шығуын талап етіп, "неге жоғалып кеткенін" сұрады.
"Министрмен мен күнделікті кездесемін. Сіздерден ешкім қашқақтап жүрген жоқ... Сізге айтайын дегенім. Қасымда, міне, отырған біздің Денсаулық министрлігінің өкілдері, басшылары, министр сіздердің сұрақтарыңызға әрқашан жауап беруге дайын. Алдағы жоспарлы баспасөз мәслихаты министрдің қатысуымен 1 қазанда осы ОКҚ-да болады. Естеріңізде болса, мен өткен апта 30 қыркүйекте болады деп едім. Бүгін қарасақ, кестесі бойынша ол келесі сәрсенбі - 30 қыркүйекте ол кісі Мәжілісте, Сенатта және Үкіметтің отырысына қатысады екен. Сондықтан, өкінішке қарай, уақыты жоқ. Бірақ 1 қазанда, бейсенбіде ОКҚ-ға келіп, сіздердің алдарыңызда кез келген сұрақтарыңызға жауап береді", - деді Қожахметов онлайн-брифингте.
Осыған дейін Алексей Цойдың журналистердің алдына шықпай жүргенін тілшілер сынаған еді. Артынан Алматыда Денсаулық министрі орыстілді блогерлермен кездескен болатын. Бұл да қазақтілді журналистердің ашуына тиген. Енді 1 қазанда министрдің жауабын күтеміз.