Сот ашық диалогқа дайын болу керек

  • 25.08.2021

Үшінші билік саналатын Қазақстанның сот саласындағы кез келген реформа немесе өзгерістер қашан да халықтың көз алдында өтуге тиіс. Және қоғамдық пікірді ескеріп отырмай болмайды. Бұл тұрғыда сот саласын реформалау кезінде жиі айтылады. Ал, жалпы, сот саласының азаматтардың пікірін тыңдауға, қоғаммен ашық диалог орнатуда қандай жетістіктері бар? Бұл мәселе сөз болғанда, қазіргі уақытта әлеуметтік желінің дамығанын ескеруіміз керек. Мәселен, сот саласына байланысты мәселе туындаса азаматтық қоғам өз ойы мен пікірін осы әлеуметтік желі арқылы білдіріп жатады. Қазақстандық сот осындай кездерде айтылатын сынға немесе ұсыныстарға қандай реакция танытып жүр? Әрине, интернет дамыған заманда қоғамға жауап беру аса қиын шаруа емес. Дегенмен, жауап жазу бір бөлек те, жеке азаматтарды қабылдап, оынң мұң-мұқтадын тыңдау, жеке мәселесіне қатысты консултация берудің жөні бір бөлек. Бұрын мұндай қабылдаулар бетпе-бет өтіп келсе, пандемияға байланысты онлайн қабылдау түсінігі пайда болды. Алдағы уақытта да ел маскасын шешіп, қалыпты тіршілігіне кіріскенде де онлайн қабылдау жалғаса беретіні даусыз. Өйткені, бұл ең алдымен сот қызметкерлері үшін оңтайлы болса, азаматтар үшін де уақыт үнемдеу мәселесінде маңызы зор.

         Осындай қабылдаулардың жиі өтіп келе жатқанын ескерсек, қазақстандық сот халыққа барынша жақын, ашық диалогқа қашанда дайын. Оны Жоғарғы Соттан бастап әрбір аудандық соттың күнделікті жұмысынан аңғару қиын емес. Бүгінде кез келген соттың азаматтармен тікелей байланыс орнатып, ақпаратымен дер кезінде бөлісіп отыруына арналған арнайы сайттары бар. Соттар мен судьялардың әлеуметтік желілерде де белсенді екенін көзіқарақты оқырман байқаса керек. Әлеуметтік желілерде үнемі онлайн қабылдаулар өткізіп, халықтың сұрағына жауап беруді Қызылорда облысы соттарының судьялары да әдемі дәстүрге айналдырған.  Қызылорда облыстық сотының судьясы, Судьялар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы Сәбит Әбдіқанов осындай игілікті істердің үнемі басы-қасында жүреді. Жақында онлайн қабылдау өткізген С.Әбдіқанов сот жұмысын жандандыруда азаматтардың пікірі, тілегі, ұсынысы өте маңызды екенін алға тартты. Сонымен бірге төраға әлеуметтік желідегі жауаптылық, пікір білдіру мәдениеті туралы ойларымен бөлісті. Мұндай келелі кеңес расында да халыққа пайдалы.

– Елімізде судьяларға қатысты талаптың күшеюі, қоғамдық қатынастардың белсенді дамуы, судьялардың кәсіби әдеп нормаларын сақтауы  халық көңілінен шығатын мінсіз сот жүйесін құрудың кепілі. Сот саласында жүргізіп жатқан реформалардың мақсаты, ашық қоғам қалыптастыра отырып, әлеуметтік, құқықтық  жүйені  жетілдіру  болып  табылады. Бүгінде қоғам қажеттілігіне сай түрлі бастамалардың қолға алынып, көптеген жобалардың жүргізіліп жатқанын халық көріп, біліп отыр. Бірақ осы жаңашылдықтардың нәтижелі болуы тұтынушыларға байланысты. Сондықтан, халықпен ашық диалог орнатып, талап-тілегін біліп отыру судьялардың міндеті, – деді С.Әбдіқанов.

         Сот өкілдерінің бұл қадамы шын мәнінде халыққа жақындатады. Дегенмен, кейде азаматтардан түсетін өтініш, сын, ескертпелер заң талабына қайшы келіп жатады. Мәселен Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабында "Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады. Сот төрелігін іске асыру жөніндегі соттың қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді және ол заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Нақты істер бойынша судьялар есеп бермейді" деп нақты көрсетілген. Алайда, осыған қарамастан судьяның жұмысына араласу әлі де кездеседі. Азаматтар судьяның тәуелсiздiгi  Конституциямен және заңмен қорғалатынын, судьялар сот төрелiгiн жүзеге асыру кезiнде тәуелсiз және Қазақстан Республикасының  Конституциясы мен заңына ғана бағынатынын ескермейді.

         Сот пен судьялар жұмысына қатысты заңдылықтарға жан-жақты тоқталған Сәбит Әбдіқанов әлеуметтік желілердегі негізсіз сын, орынсыз жала сотқа деген сенімді төмендетіп, судьяның ісіне кедергі келтіретінін атап өтті. Мұның тағы бір анықтамасы – сотқа қысым көрсету деп те аталады. Яғни, адам қолында бар ресурстар арқылы судьяларды бопсалауы мүмкін. Былай қарағанда, судьялар да адам, олардың да отбасы, өзі үшін қымбат жандары бар. Солардың алдында әлеуметтік желідегі пікірлер үшін жауап беруге, ақталуға тура келуі мүмкін. Осы тұрғыда моральдық тұрғыда судьялар қолайсыз жағдайда аз қалмайды.

    – Қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы адвокаттар, заңгерлер, өкілдер тарапынан  іске немесе  іс қарап жатқан  судьяның  жеке  басына  қатысты  түрлі  сын-пікірлер жазылып жатқаны жасырын емес. Әсіресе «Facebook» әлеуметтік  желісі  арқылы теріс пікір қалдырып, процеске ықпал ету белең алып, сот билігінің абыройына сызат түсіріп, жұртшылықтың назарын аудартып, дау тудыртып жататыны жиі байқалады. Негізсіз  теріс  пікір жазған азаматтардың әрекеттері жауапсыз қалған соң, олар жазуды  одан әрі өршітіп, әлеуметтік  желілер арқылы дау тудыртуды  тоқтатар емес. Әлеуметтік желі - соттан жауап алатын, сотқа сауал қоятын орын емес. Қазақстан  Республикасының  АПК, ҚПК, ӘҚБтК-не сай  азаматтар сот актілеріне  апелляциялық, кассациялық  шағым жасау тәртібі дәйектелген. Заңның бұл талабынан заңгерлер мен адвокаттарды айтпағанда, қарапайым халық та  хабардар. Алайда, қабылданған сот актісімен  келіспеген  тарап заңмен  белгілінген  тәртіп  бойынша шағымданудың орнына, істі әлеуметтік  желі арқылы  талқылауды үрдіске  айналдырды,  – деген төраға сөзі ақиқат.

Желі қолданушылардың сауалына жауап берген С.Әбдіқанов сот қызметіне қатысты айтылған сынның ешқайсысы назардан тыс қалмайды деп сендірді. Себебі, әрбір сын шын болса саладағы кемшілікті жоюға көмектеседі, жұмысты ширатады. Сын судьяларды да өсіреді, әр істі сергек қарауға итермелейді. Сондықтан, сот саласы дамысын деген азаматтар өзі көрген, өзі бетпе-бет келген кемшілікті жасырып қалмай, сенім телефондарына хабарласып, соттың сайтына хабарлама жіберіп, мәселенің оң шешілуіне табандылық танытқаны абзал. Сонда ғана қоғам мен билік арасында біз жиі айтып жүрген екі жақты диалог қалыптасады. Бұл өз кезегінде билік пен халық арасын жақындатудың басты тетігі қызметін атқарады. Былайша айтқанда, өз көзқарасын білдірген азаматтар тек қана орынды, орынсыз сын айтып отыра бермей, сот жүйесін біріздендіріп, жетілдіре түсуге ынталы, мүдделі болуы керек. Сонда ғана қоғамдық негізде азаматтардың құқық-заң тұрғысындағы сауаты артып, азаматтардың құқығы әділ қорғалатын болады.

 

Байланысты жаналықтар

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

22.03.2024

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

22.03.2024

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

22.03.2024

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады

22.03.2024
MalimBlocks
5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады