Талғарда дәрігерлер соққыға жығылды
Алматы облысы Талғар ауданында ауруханада қайтыс болған марқұмның туыстары жансақтау бөлімінің дәрігер-реаниматологы мен медқызметкерін ұрып кеткен.
Бұл туралы Алматы облысы денсаулыққа сақтау басқармасының басшысы Ләззат Ақтаева жазды.
«Біз жан тапсырған адамның туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Өткір инфарктқа шалдыққан адам жансақтау бөлімінде екі сағат қана болды. Ұлдары үшін орны толмас қаза. Иманды болсын», - деп жазды Ләззат Ақтаева.
Оның сөзінше, медицина қызметкерлері ол кезде жұмыс орнында өз жұмыстарын атқарып, талаптарды орындаған.
-Болған оқиға жайлы облыстық полиция басқармасына бірден хабар берілді. Топ боп келіп, медицина қызметкерлерін сабап кеткендердің әрекеті заңмен қаралатынын айтты. Аудандық ауруханада зардап шеккендердің жағдайын біліп қайттым. Өздері жансақтау бөлімінің бақылауында. Облыс мамандарына кеңес берілді. Зерттеу жүргізілді. Зардап шеккендер бастан жарақат алған. Маңдайы жырылған, көзі ісіп, сынған жері бар. Контузия бар. Екіншісінің мұрны сынған. Ем алып жатыр»,- дейді Ләззат Ақтаева.
Бұл оқиға бойынша қандай бір іс қозғалды ма, жоқ па, білу үшін Malim.kz тілшісі Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқан. Ведомство әзірге қай бап бойынша (қылмыстық я әкімшілік) іс қозғалатынын білмейтіндерін айтты.
– Бүгін олардың әкесінің жаназасы оқылып жатыр. Адам қаза болғандықтан оларды ұстаған жоқ. Кейін тергейді. Сараптама қорытындысы шыққан соң, іс қозғалады. Бірақ нақты қай бап бойынша қозғалатыны белгісіз,- деді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұл оқиға бойынша денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасап, дәрігерлерді соққыға жыққандарды жазалауды талап етті.
– Талғар ауданының АОА-да қызметтік міндеттерін атқару кезіндегі медицина қызметкерлеріне қатысты жол берілмейтін зорлық-зомбылық әрекеттері жасалған өрескел оқиға болды. Реаниматолог пен мейіргер пациенттің агрессивті туыстарының шабуылынан ауыр жарақат алды. Дәрігерлерге жасалған мұндай қаскүнемдік шабуылдар ауыр пациенттерге медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымның қызметіне араласуға мүлдем жол берілмейді және адамгершілікке жатпайды»,– дейді министрлік.
Ведомство денсаулық сақтау жүйесінде пациенттер мен дәрігерлердің қауіпсіздігі, науқастарға медициналық көмек көрсету үшін жағдай жасау қашан да бірінші орында екенін айтады.
– Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде оларға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері жасалған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, медицина қызметкерлерін құқықтық қорғау, қауіпсіздік және мәртебесін нығайту бастамасын көтереді. Заңнамаға енгізілген өзгерістер Парламент мәжілісінде қаралады және жақын арада бекітіледі деп үміттенеміз,- делінген ведомство мәлімдемесінде.