Тоқсейітов орнын Тұрлыбековке босата ма?
Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітовтің басқа аудан әкімдеріне қарағанда әлеуметтік желідегі белсенділігін ракетаның ұшу жылдамдығымен теңестіруге болады. Өйткені, бұған дейін біреудің үйіне құтты болсын айтып немесе базардағы мал бағасы мен жәрмеңкені салыстырса да барғанын жариялап жүретін әкім ретінде танымал еді. Бірақ, қазіргі күнде аудан басшысы Нұржан Тілеужанұлының халықпен кездесіп тұрған сәтін кездестіру қиынға айналып отыр.
Себебі, аудан әкімінің қайда жүргенін ешкім білмейді. Есесіне, оның орынбасарларының (нақтысын айтқанда Б. Тұрлыбековтің) талай шаруаны атқарып жүргені әлеуметтік желілерден айғайлап тұр. Оны осы салаға жауапты Үржар аудандық ішкі саясат бөлімі емес, (басшысы- Елдос Бейсенов) аудан әкімінің өзі «Фейсбукте» бөлісіп, жарнамалатып мәз болып отырған жайы бар.
Айталық,
Бүгін облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовтің төрағалығымен өткен селекторлық жиынға орынбасарым Б.Тұрлыбеков қатысты. Жиын барысында коронавирус індетінің алдын-алу мен облыс көлеміндегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды бақылау бойынша нақты тапсырмалар берілді. Сонымен бірге жауапты бөлім, мекеме басшыларымен жиналыс өткізіп, әр іске жауапкершілікпен қарауға шақырды,-деп мәлімдеді аудан әкімі Н. Тоқсейітов,-5 маусым күнгі мәлімдемесінде.
Байқап отырғанымыздай Тұрлыбековке сенген Тоқсейітов қазір еш себебін айтпастан, теріс қарап жатқан сыңайы бар. Ең қызығы осы Б. Тұрлыбековтің өзінің орнына нық қонатынына тілектестігін білдіргендей Тоқсейтіов бір емес, бірнеше пост жариялапты.
«Бүгін облыс әкімінің орынбасары Ш.Буктугутовтың төрағалығымен өткен селекторлық жиынға орынбасарым Б.Тұрлыбеков қатысты. Жиын барысында коронавирус індетінің алдын-алу мен облыс көлеміндегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды бақылау бойынша нақты тапсырмалар берілді. Сонымен бірге жауапты бөлім, мекеме басшыларымен жиналыс өткізіп, әр іске жауапкершілікпен қарауға шақырды»,-деп көсілді 2 маусым күнгі мәлімдемесінде.
«Бүгін облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовтің төрағалығымен өткен селекторлық жиынға орынбасарым Б.Тұрлыбеков қатысты. Жиын барысында коронавирус індетінің алдын-алу мен облыс көлеміндегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды бақылау бойынша нақты тапсырмалар берілді. Сонымен бірге жауапты бөлім, мекеме басшыларымен жиналыс өткізіп, әр іске жауапкершілікпен қарауға шақырды»,-деп ағынан жарылды аудан әкімі 1 маусым күнгі жазбасында.
Әкімді ...хатшысы тағайындады
Жалпы, бұған дейін Бесқарағай, Алтай аудандарын басқарған бай тәжірибесі бар Нұржан Тоқсейітовтің мұншалықты «кеңдігіне» әлдебір себеп те бар шығар. Бірақ, ауыл әкімінің тағайындалуына өзі бармай аудандық мәслихат хатшысын жібергені де түсініксіз жағдай болғаны рас. Оны да ел білмес еді, аудан әкімі өзінің парақшасында «әйгілеп» бермегенде.
«Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерін қызметке сайлау, өкілеттігін тоқтату және қызметтен босату туралы қағидаларына сәйкес, Келдімұрат ауылдық округінің әкімін тағайындау рәсімін маслихат хатшысы К.Қарашев және аудандық аппарат басшысы Ә.Баймұрзаев өткізді.
Сайлау қорытындысы бойынша, Үржар аумақтық аудандық сайлау комиссиясының шешіміне сәйкес менің өкіміммен Келдімұрат ауылдық округі әкімі лауазымына Адаев Мұрат Имашұлы тағайындалды.
Ауылдық округі әкімін Қазақстан Республикасының "Сайлау" Заңына сәйкес Үржар аудандық маслихат депутаттары 4 жылға сайлады».
Көріп отырғанымыздай Үржар аудандық мәслихат хатшысы К. Қарашев пен аудан әкімдігінің аппарат басшысы (аудандық аппарат басшысы емес-ред) Ә. Баймұрзаев ауыл әкімін де сайлап қайта алады екен. Егер қандай да бір жағдай болып қалмаса, бұл аудан әкімі өзі барып қатысып, ауыл әкімін тұғырына қондырып кететін міндеті екені белгілі. Сонда Үржар ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов осы күнге дейін қайда жүр?!...
Міне, сізге еститін Үкімет!
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ