Халық санын 20 млн-ға жеткізген 5 нәрестенің есімі кім?
5 балаға 2 млн теңгеден берілді
Еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанған 5 бала қай аймақтарында өмірге келді? Олардың ата-анасы кім болып істейді? Нәрестелер қандай есімге ие болды?
20 миллионыншы сәбидің бірі Ұлытау облысы Жезқазған қаласында дүниеге келген. Ол Томирис есімді қыз бала, жас отбасының тұңғышы. Оның жағдайы қазір жақсы. Анасы - Молдашева Әйгерім, 19 жастағы үй шаруашылығындағы әйел. Әкесі Сейітжан Сұңғат, «Қазақмыс» корпорациясында құтқарушы.
Айтулы оқиғаға себепкер болған екінші нәресте Түркістан облысының Жетісай ауданында туған. 35 жастаға Гүлмира Ізтілеуова Асықата ауруханасында Әлімхан есімді сәбиді дүниеге әкелді. Бұл Шакеновтер отбасындағы 4-бала. Нәрестенің салмағы 3400 гр, бойы 51 см болып өмірге келді. Анасы Гүлмира мектепте биология пәнінің мұғалімі болса, әкесі Ерғалидің тұрақты жұмысы жоқ.
Еліміздің 20 млныншы азаматының тағы бірі Жетісу облысынан. Сәбидің есімі - Айсұлтан. Салмағы үш келі, бойы 50 см. Отбасындағы төртінші бала. Анасы Диана Әзімбаева. Ол қарашаның он төрті күні перзентханаға түсіп, дәрігерлер таңғы сегізде босандырып алды. Әкесінің аты Мұхтар Әзімбаев. 21751 әскери бөлімінің қызметкері. Қазір нәресте мен анасы мамандардың жіті бақылауына алынған.
Халқымыздың санын 20 млн-ға жеткізуге үлес қосқан мерейлі бала Ақмола облысында да тіркелген. Ол Бурабай ауданында дүниеге келді. Нәресте Динара мен энергетик Айдар Исеновтар отбасында дүниеге келген екінші бала. Дәрігерлердің айтуынша, ананың жүктілігі қалыпты болды, нәресте мен ананың жағдайы қанағаттанарлық. Қазіргі уақытта ана сәбиімен, "Авиценна - Бурабай" ана мен бала бөлімшесінде. Сондай-ақ атырау аймағында дүние есігін ашқан сәби отбасын да, елін де қуанышқа бөлеп жатыр.
«Отбасы» банкі еліміздің 20 млн-шы тұрғыны атанған 5 балаға 2 млн теңгеден берді. Бұл туралы «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді.