Зарина Диас Винус Уильямсты жеңді

Malim Админ

  • 24.03.2021

Қазақстандық теннисші Зарина Диас (WTA рейтингісі бойынша 89-орында) Майамиде өтіп жатқан Miami Open турнирінде әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, теннистен төрт мәрте Олимпиада чемпионы, "Уимбилдонның" бес мәрте жеңімпазы Винус Уильямсты (WTA рейтингісі бойынша 79-орында) жеңді.

Қазақстандық теннисші Зарина Диас АҚШ теннисшісі Винус Уильямсты екі сетте 6:2 және 7/6 ұпаймен жеңді. Екі сет бір жарым сағатқа созылды.

"Бұл жеңісіме қуаныштымын. Ол маған оңай келген жоқ. Бала кезімде Винус Уильямстың өнеріне қызығатынмын, ол мықты теннисші. Сондықтан бұл жеңіс мен үшін ерекше", - деді З.Диас.

27 жастағы Зарина Диас пен 40 жастағы Винус Уильямс үлкен турнирлерде осымен екінші мәрте кездесіп отыр. Бұған дейін 2015 жылы Цинциннатиде өткен турнирде Зарина Диас Винус Уильямстан жеңіліп қалған болатын.

Зарина Диас келесі айналымда әлемнің 12-ракеткасы швейцарилық Белинда Бенчичпен кездеседі.