Әбіш Кекілбайұлы. Хан Тәңірінің етегінде немесе «Тянь-Шань эскиздері»

Malim Админ

  • 15.12.2020

Ол кезде Мұқағалидың жайбарақат қоңыр даусын радиодан күнде естиміз. Өзін, бірақ, баспасөз бетінен көп кездестіре қоймайтынбыз.
Еркіннің атын баспасөзде анда-санда көріп қаламыз. Ал өзін ешқашан естіген, тыңдаған емеспіз.
Ең алғаш «Жұлдыз» («Әдебиет және искусство») журналынан көрдім. «Тянь-Шань эскиздері» дейтін тақырыппен бір топ өлеңдері беріліпті.
Бас салып оқи жөнелдім. Тянь-Шаньды кинодан жиі көріп жүретінмін. Таулы аймақты оператор әрлі-берлі қызықтап, аспандатып ала жөнелетін. Тіпті, ол жерде емес, аспанда қалықтап жүргендей сезілетін. Дәйім біреулер шұрқыратып жылқы қуып келе жатады. Арна бермес асау өзенге жолығады. Кілт кідіреді. Таңырқап тұрады-тұрады да, көзіне түсіп кеткен айыр қалпағын қамшының сабымен жоғары қарай ысырып, астындағы сәйгүлікке қамшы басады. Асқақ сеңгірлердің ара-арасынан жылт-жылт етіп, қайтадан бұлтқа сіңіп жоғалатын. Тау жайлаған тарпаң жұрт етекте жайлағандарды ел екен деп менсінбей, дәйім көктен тұмсық шүйіретіндей.
Ал журнал бетіндегі мына өлеңдер атымен басқаша әсер етеді екен. Қияда өмір сүріп жатқан қиқар жандар көзіңе соншама таныс, жаныңа мейлінше жақын көрінеді екен. Тым бала кезімде оқыдым ғой. Көп жерлері жадымнан шығыпты. Дүниені өзінше ойлантатын, өзінше көретін «тентек» ақын бір өлеңінде тау өңірін тамаша бейнелепті.
«Таудағы қар тастан тасқа сырғиды, ойда тұман өрге қарай жылжиды. Су алған қыз сылдыратса шелегін, арғы бетте елік үркіп ырғиды».
Қанеки, осылай емес деп айтып көрі­ңізші. Аузы-мұрныңыз көз алды­ңыз­да қисайып кетсін!
Сөйткен Тянь-Шаньның етегіне де жеттік. Қазақстанның қиыр-қиырынан жиналған өңшең түбіт иек сабақ тыңдау­­дың орнына терезеден көз айырмаймыз. Бұлтқа оранған ақар-шақар шыңдарға көзді сатып, қараймыз да отырамыз.
Бірауық көзің тайып кетсе болды, жаңағы көрініс із-түзсіз жоғалады. Аспан лайытып, жердің өңі бұзылып, дүниенің шәт-шәлекейі шығады. Әлгінде ғана жер-жаһанның жарқырап ашылып тұрғаны қайда?! Қиялыңа сыймас сұлулық патшасы бірте-бірте ұлғайып, тіпті, іргеңе дейін жақындай түскен. Енді болмаса, бұлар жүрген бульварлар мен көшелерді де көркейтіп, шуақтарын сіңіріп, жұмаққа айналдыра бастаған.
Кенет етектен дымқыл көтерілді. Ол буланып бірте-бірте тұманға айналды. Олар ұлғайып бұлтқа ұласты. Қала қарауыта түсті. Мұнар екеш мұнар да аяқ астында жатқысы келмейді. Тауға қарай тырмысады. Көше бойлап, жөңкіліп барады. Әне, етектен дөңестерге көтерілді. Одан баурайдағы жота-жотаны қуалады. Одан биіктей-биіктей будақ-будақ бұлтқа айналды. Төбеден-төбеге көтеріле жүре, аспан төріне ұйыса бастады.
Күнгейдегі көзді арбап тұрған таңғажайып сұлулықты бірте-бірте қылғытып жұта бастады. Әдетінше бас салған қара тажалдың араны әбден ашылып алған. Жалмай береді. Жалмай береді. Сөйтіп, іргеңе келіп, атбасын іріккен Тянь-Шань керуені қайтадан бірте-бірте мысық табандап алыстай түсуге мәжбүр болады.
Ойыңа баяғыда оқыған өлең түседі. Көз алдыңа сырғасы бұлғақтаған сұлу қыз келеді. Сыңғыр еткізіп шелегін суға малады. Арғы беттен айдынға енді бас сала бергенде сол сыңғырдан селт ете қалған бір топ еліктің үрке қашып, безе жөнелгені келеді.
Есіңе мыж-мыжы шыққанша оқылған көне журнал түседі. Кітапханаға тарта­сың. Шұбатылып тұрған ұзын кезек. Өліп-талып сіз де жетесіз. Жалт-жұлт еткен әдемі келіншек жайнаңдаған сұлу жанарын әрлі-берлі ойнақшытып, тап­сы­рысыңызды тексереді. «Мынау қолда. Мынау жоғалып кеткен. Мынау бар екен». Тайтаң-тайтаң бұлғақтай басып, кітап қоймасына кетеді. Ұзын баспал­дақпен төмен түсіп кеткен сұлу келіншек қайтып келгенше көзіңізді сатып сіз қа­ласыз. Әрі күтесіз, бері күтесіз. Уһ, көрінді-ау ақыры. Іздеген журналыңыз да келді.
Адам құжынаған оқу залының бір түкпіріне барып жайғасасыз. Енді оқи бастағаныңызда, таяғы тақ-тұқ етіп, кітапхана директоры ағай кіреді. Соңында шұбырған адам. Шашу шашқалы келе жатқандай, шетінен ыржия күледі. «Жә, бастарыңды көтеріңіздер. Бізге бүгін жазушылар қонаққа келді».
Сіз де басыңызды көтеріп, жазушы­ларға қарайсыз. Жарықтықтардан ешкім қалмапты ғой. Сәбит Мұқановтың өзі келіпті. Соңындағыларын қара – Тайыр Жароков, Ғали Орманов, Әлжаппар Әбішев, Дихан Әбілов, Жұмағали Саин, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайылов, Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев, Қалижан Бекхожин, Қызылордадан келіп жүрген Асқар Тоқмағамбетовтер алшаң басып, төрге озды. Оларға ілесе кірген ұзын бойлы Сафуан Шаймерденов пен сәндене басқан сылаң мұрт Қуандық Шаңғытбаев, қастарындағы қоңқақ мұрын Ғафу Қайырбеков. Бәрін де мектеп оқулықтары мен газет-журналдардан көріп жүрміз. Ең соңында көрінген төрт-бес жылтыр қараны әзір танымаймыз. Олар тұңғыш кітаптарын енді шығарып жатқан жас «арқарлар» шығар.
Біреулер төрге, біреулер алдыңғы қатарға жайғасты. Төрдегілерден Ғали Орманов орнынан тұрды. «Әй, әлгі бала қайда?» – деп, есік жаққа жалтақтады. Ентелей басып, асыға аттаған бала жігіт көрінді. Құжынап отырған көп кісіге көзі түсіп, ыржия күліп қойды. «Е, міне, келді, – деп қуанды Ғали аға. – Көп ұзамай, автобусы жолға шығады. Ауылына бара жатыр. Асығыс. Алдымен осыған сөз берейік. Негізгі шараларға сосын кіріссек қайтеді. Еркін, ортаға шық, оқы!».
Құлағым селт ете түсті. Төрге көз тіктім. Бала жігіт төрге қарай батыл аттады. Қалтасынан бір бума қағаз суырды. Даусын кенеді. «Қойшылар». Поэма», – деп сәл тоқталып барып, оқи жөнелді. Жұрт аң-таң. «Е, бәлем, солай ма екен. Мен сендерге таңғалғанды көрсетейін», – дегендей: «Бабамыз әлде моңғол, әлде түрік: бұл өзі әлде шындық, әлде өтірік. Ақиқатын білетін адамдарды, жіберген уақыт өзі көрге тығып», – деп қолындағы қағазды қалтасына салып қойды. Сосын екі қолын тарақтап алып, жатқа айта бас­тады. Айтып тұр. Айтып тұр.
Жұрт аузын ашқан да қалған. Біздің ақындар әдетте жын-шайтанды арбаған бақсыдай өз-өзінен осқырынып, ыңыранып, қолын сермелеп, бақырып-шақырып, қаралай жұлынып, тұлынын түтіп бітетін. Ал мынау өйтіп тебіреніп, теңселмейді. Тісін ақситып, көзін бағжитпайды. Қараптан-қарап әркімге бір тиісіп, жұдырығын түйіп, өткен-кеткендерге кіжінбейді. Нәрестесіне босана алмай жатқан тұмса келіншектей тістене күшенбейді.
Зәреңді зәр түбіне жіберейін деп, едірейіп, ежіреңдемейді. Түк болма­ған­дай. Жайбарақат. Жайына тұр. Тау басынан ылдиға, баурайда бытырай жайылып жатқан қойға қарап, өз-өзімен толғанып тұрғандай. Көз алдыңда тізбектеліп, көп ғасырлар өтіп жатқандай. Ойыңа нелер келіп, нелер кетпейді?!
Тарихтың тарғыл-тарғыл талай белес­­­­терінен анталаған ата жау жан-жақтан жамыраса құйылып келеді де жатады, келеді де жатады. Сарт-сұрт садақ атысады. Жалт-жұлт найзаласады. Жарқ-жұрқ сем­серлеседі. Кім жеңіліп, кім жеңіп жат­­қанын айыра да алмайсың. Атырап қанға малынады. Жайрап түсіп жатқан боздақтар.
Бастарын шайқап бабалар өледі. Тістерін қайрап әкелер мерт табады. Тістеніп балалар өседі. Өлке қайтадан малға толады. Тағы да жау шабады. Тағы да жер мен көк қызыл қанға боялады. Тағы да телміру. Тағы да тентіреу. Тағы да тоналу. Тағы да талану. Жан-жағына жирене түксиген жетім көздер. «Өмір сүргім келеді», – деп біреуі буырқанады. «Мен өмір сүремін», – деп біреуі қасарысады. Жылдар жылжи түседі. Тістене-тістене тістенгендер де сарқылады. Белбеулер босатылады. Бұғаулар ағытылады. Есіктегілер төрге шығып, төрдегілер есікке ығыстырылады. Қайта-қайта орын алмасады. Тектен жаңылғандар шептен жаңылады. Басқыншылар босқыншыларға, босқыншылар басқыншыларға орын босатады. Кімнің кім екені, не екені ұмытылады.
Жайбарақат жайланғандар көбейеді. Көген біткенді төл толтырады. Өріс біткенді мал толтырады. Төбе сайын төңкеріле жайылып, қойлар жатады. Отар шетінде егін шебіндегі қарақшыдай қалқиып, жападан жалғыз қойшы тұрады, бар уайымы – шөп тістелеп жалмаңдаған қошақандардың аман өргені, өрістен аман келгені. Одан басқадан қам жемейді. Одан басқа ештеңе демейді. Қой шетінде көсегесі көгереді. Қой шетінен ұшпаққа да шығады. Жалпақ жатқан атамекен, айналып келгенде қойшылардың еліне айналып барады. Баба біткен, «құдайдың мұнысына да шүкір», деп қауғасын арқалап, қой суарады. Бала біткен қолдарындағы сақпандарына тас салып, сатыр-сұтыр атқылап, қой қайырады. Қой бағамыз деп жүріп, ой бағатындар да бар. Ойлай берсең, тойлай бермейсің. Белін бекем буған жастар не істеп, не қоймақ…
Ол дастанын оқыған сайын сен де жарыса толғанасың.
Ортаға шығып алып, қараны қайырып, төрені төндіріп, қарасөзден қаймақ айырып тұрған ақын: «Көк өгіздей моп-момын менің бабам, мендей ұрпақ қалдырған, қайран қалам», – деп, жайбарақат сөзін аяқтайды.
Жұрт бұрын-соңды естімеген соны дүние екендігін аңғарды. Дуылдатып қол соқты. Төрдегілер аз ғана аңтарылды. Ақырында біреуі: «Дұрыс қой. Жастарға мал бағыңыздар деп жатқан жоқпыз ба?! Поэма да соны айтады емес пе?! Тездетіп газетке беру керек. Кітапқа бастырған жөн», – деді. Жұрт тағы да қол шапалақтады. Жігіт бір жымиып күлді де, есікке қарай аяңдады.
Сәбит Мұқанов мінбеге көтерілді. Әлдебір елге барып келгенін айтып берді. Жұрт дуылдап, қайта-қайта қол шапалақтап отырды.
Менің есімнен әлгінде ғана ауыздарымызды аңқитып, алдымызға шығып, өлең оқыған албырт жігіт кетпей қойды. Еркін десе еркін екен. «Тянь-Шань эскиздерін» жазған эскиз емес, нағыз сом кескіндер кескіндейтін шоң ақынның өзі келіп кеткендей. Сөз қандай! Әр теңеуі кісіні есеңгіреткендей. Сөзінде жатқан мән қандай? Қараптан қарап босқа мәңгүрт болып жүргеніңе қорынасың. Пай-пай, неткен пайым! Неткен уайым! Неткен қырық құлта қыршаңқылық! Құлағыңа жеткен сөз бен көз алдыңа келген елес, біріне-бірі шот салып, тыраң асырып жатқандары… Айтқанының – бәрі дұрыс. Ойлап көрсең – бәрінің де шиі шығып тұрған бір күмәні бардай…
«Қойшылар» көп ұзамай газетке шықты. Жаңылмасам, жас ақындардың «Жырға сапар» жинағында басылды ғой деймін. Еркіннің аты гуілдей жөнелді. Анада Нарынқолға аттаныпты. Сол жақта тұратын көрінеді. ҚазМУ-да оқыған деседі. Оқып жүріп, апта сайын ауылына кетіп қалып тұрады екен. «Таудың ауасын сағынам, қалада жүрсем, қаралай тұншығып қаламын», – дейді деседі. Атқа шапса, шатқалдарды шатырлата, дүрсілдете жөнелетін көрінеді. Студент кезінде Қадыр Мырзалиев болған екен. Еркінді ел-жұртты дүркірететін де жүретін жойқын ақын еді дейді. Жойқындығы жаңа оқыған поэмасында да көрініп тұр ғой. Небәрі бес жүз-алты жүз жолдан аспас лирикалық дастан азаматтық поэзиямыздың тағы да бір шоқтықты туындысына айналғалы тұр.
Оны біреулер ұқты. Біреулер ұқпады. Әдеби сын ләм-мим аузын ашпады. Ұқпағандар ұқпай-ақ қойсын. Ұққандар тектен-текке істі насырға шаптырғылары келмеді. Еркіннің ел ішіндегі жағдайы жақсы екенін біліп жаттық.
Біздер үшінші курста оқып жүрдік. Бірде Алматы мен Талдықорған облыстарының ақындарының айтысы болды. Соғыстан кейін Алматыда айтыс өтіп көрмепті. Болғалы тұрған айтысқа жұрт көп дәме артты. Ол кезде Жамбыл тобындағы ақындардың бірен-саран көздері бар еді. Жұрт ағыл-тегіл көп жиналды. Тіпті, алғашқы күні Мұхтар Әуезов та қатысты. Бір топ әде­биетші жастарға ақындардың айтысын қа­ғазға түсіріп отыру тапсырылған. Мұ­қаң тым сиректеу езу тартады. Өңі қара­қош­қылданып, барған сайын түнере түсті.
Бір уақытта сахнаға Еркін мен талдықорғандық ақын шығатыны хабарланды. Екеуі де жазба поэзияның өкілдері, баспасөзде жарияланып жүрген танымал есімдер. Мұқаң: «Бұл қалай болады?» дейді ғой деймін, Есмағамбет Ысмайыловқа бірдеңе деп жатыр.
Сол кезде сахнаға жайраңдап қос ақын шыға келді. Жұрт дуылдаса шапалақ ұрды. Ет қызуымен екі ақын да бір-біріне сөзбен шот салып жатыр. Баяғының ақындарындай. Аянар емес. Біресе Талдықорған, біресе Алматы басым түседі. Барған сайын айтыс қыза берді. Екі ақынның екеуінің де азу тістері қайраулы тұрған балтадай. Қарш-қарш етеді. Уақыт таяп қалды. Кім жеңері әлі белгісіз. Бір кезде тіпті бусанып, арқасы әбден қызып алған Еркін мал қыстатудағы кемшіліктерді қазбалап тақымдай түскен талдықорғандыққа: «Мұз қатып, аяз қысқан ала қыста, шөп сұрап келмей-ақ қой, пожалуйста!» – деп қолын бір сілтеп, ұшып тұра келгенде, риза болған жұрт қиқуласып өре түрегелді. Залда ес жоқ. Шапалақты аямай ұрып жатыр, ұрып жатыр.
Үзіліс жарияланды. Біздің желкеміз­дегі үлкен бөлмеге самауыр қойылыпты. Сыйлы қонақтарға шай әзірленіпті. Соған қарай өтіп бара жатып, Мұхтар Әуезов жүзі жадырап, қасындағыларға: «Соңғы екі жігіт жарады. Баяғы айтыстарда осылай айтысқан ғой. Былайғылар үйден жаттап алған бірдеңелерін айтқан болады. Бір шатысып кетсе, қайтып үйір­ге қосыла алмай, бос сандалады. Пәлі, анау Ұзынағаштағы Әбекең де, Талды­қор­ғандағы Темекең де көптен айтысқа түспе­гендіктен бе, қаралай міңгірлеп қалыпты. Бұл бетімізбен жібере берсек, бір кездегі даңқы асқан айтыстың өзін де таба алмай, ата-дәстүрімізден айырылып, әбден мас­қара болар түріміз бар екен», – деді.
Сөйткен Мұқаңмен ел-жұрты көп ұзамай қоштасты. Университетті бітірдік. Екі жыл жарымдай «Қазақ әдебиетінде», екі жылдай «Лениншіл жаста», үш жылдай Мәдениет министрлігінде, екі жыл әскер қатарында, бес жыл киностудияда істеп жүргенде Еркінмен кездесудің еш реті түспепті.
Орталық комитетте жүргенде бір күні бөлім меңгерушісі шақырып алып, жер-жерде болып, мал қыстатуды көріп қайтасыңдар деді. Мен Нарынқол ауданына сұрандым. Қасыма оқу, денсаулық, мәдениет мамандарын қосты.
Жетісудың талай жерін көріп жүргем. Топырағының айрықша құнарын да естіп жүрміз. Таңертең тұрып таяқ шаншысаң, кешке дейін терек өсіп шығады десе, дегендей-ақ! Жол бойында құлазып келе жатқаныңда Түлкібастан бастап төгіліп жататын молшылық ту сонау Жаркентке жеткеніңше созылады. Ал күрең алмалар, теңкиген-теңкиген қауындар мен қарбыздардың жұпар иісі аңқиды да тұрады. Лағмандарын құлаштай созып, шашлықтарын шыжылдатып, кәуаптарын быжылдатып жатқан аршын төс аспаз еркектер мен самса, бәліш, күлше сатып жүрген ала көйлек саудагер әйелдерден көз тұнады. Бұл жолмен жүрген жолаушылар осындай мол-ырзық, берекені Жаркенттен де асып, Құлжа, Үрімшіге жеткенше кешіп отыратын шығар.
Біз Шелектен асып, Сөгетіден өте бергенде, оңтүстікке қарай бұлтарған жолға бұрылдық. Тәңіртаудың ішіне бойлап, мұнша сұғынуым бірінші рет. Қос қапталдан қаусыра құшқан қатпар-қатпар тастар барған сайын биіктей түсті. Бір кезде ол қатпардан да шықтық. Қайтадан жазыққа түстік. Ол да көпке ұзамады. Тас қоршаудың арасына қайта тап болдық.
Ұзақ жүрдік. Сарыжаздан әрі асқа­сын-ақ, Тәңіртаудың нағыз төріне жет­ке­німізді байқадық. Сол қапталы­мызда дөң­­кие маңқиған жекетау – Ел­шен­бүй­­рек. Одан өткен соң көп ұзамай оң жағы­­­мыз­­да шөк­кен үлектей Ілебасы жо­лық­­ты. Іле өзені осы арадан бастау алады. Біраз­ға дейін Қытай жерін аралай­ды. Бал­­­қаш­қа сосын барып оралатын көрі­неді.
Кенет қапталымыздан сопаң етіп шыға келген оқыс көріністен есім ауып кете жаздады. «Тәңірді жолықтырғың келсе, тауға бар», демейтін бе еді. Сонда тауда Тәңірі тұрады десін мейлі, бірақ таудың өзі Тәңірі десін мейлі, сол тауы осы қара жерді қақырата жарып шыққан Хан Тәңірінен аса қояды дейсің бе?!
Жер астынан жұлқына атылған тылсым күш бір ауық төңірегіне көзі түсіп кеткендей, оқыс тоқтапты. Ол едірейіп бізге қарайды. Біз ту төменнен телміре көз сатып, қатыппыз да қалыппыз. Аузымызға сөз түспейді. Қайран қалып, басымызды үнсіз шайқай береміз. Ойымызға жалт етіп Мұқағали оралады. «Шаншылып анау тұрған Хантәңірі – шапшыған Тянь-Шаньның емшегіндей». Аппақ шыңы аспанның, апай төсін жанға бермей, жалқы емгендей қайсың бар дегендей, жан-жағына миығынан күліп, асқақтай қарайды. Құдірет құдіретті қалай ұққан! Ақын қалай тауып айтқан.
Содан ешқайда бұрылып қарай алмадым. Басқа ештеңеге назар аудара алмадым. Өйтер болсақ, анау сиқырлана, бой көтерген қиқар шыңның қаһарына ұшырап қаламыз ба деп қорықтым. Нарынқолға жеткенімше, жанарым шашақты найзадай көкке шапшыған жеке шыңға біржолата желімделіп қалатындай, екі көзім аспанда болды.
…Аудан басшысы біздер келеді деп күтіп отыр екен. Құшақ жая қарсы алды. Жолдастарымның әрқайсысына барар жерлерді алдын ала белгілеп қойыпты. Қастарына еретін адамдары да әзір екен. Оларды жолға салып оңаша қалдық.
Ол кезде Нарынқолдың бірінші хатшысы осы жүрген Бақыт Оспанов еді дейді біреулер. Білмеймін, анық есімде жоқ. Сол болса, сол шығар әйтеуір, таңдайынан жарылып тұрған аса ділмар жігіт еді. Ол кезде алыстағы малшы аудандардың басшылары жөн-жосыққа жетік, сөзге жүйрік жігіттерден таңдап қойылатын. Әйтпесе, анау-мынауыңды менсіне қоймайтын малшы қауыммен тіл табысу да оңай емес-ті.
Нарынқолда бізді қарсы алған басшы да әңгімесін әдебиеттен бастады. «Жаңа жолда келе жатып, өзіңіз де байқаған шығарсыз. Бұл өлкенің әуелден ақын-жазушылардан салымы зор. Кеген ауылының құбыла жағында Әуезов жазған Қарқара жайлауы бар. Одан беріде Ілияс Жансүгіров жазған Ілебасы мен Елшенбүйрек тауы тұр. Одан былай Ғабдол Сланов жазған Айғайтас андыздап тұр. Шығыс іргемізде Бердібек Соқпақбаевтың туған ауылы Көктөбе жатыр. Одан былай үлкен үміт артып отырған ініміз Сағат Әшімбаев өскен ауыл бар. Қазір сіз Тельман Жанұзақовтың туған ауылында отырсыз. Осы ауылдан Баққожа Мұқаев деген бауырыңыз түлеп ұшқан. Сіздің Мұқағали досыңыздың аяғы тиген жер­лерді аралап көргіңіз келіп келе жатқа­нымызды ішіміз сезіп отыр. Оған аман болса, ертең барасыз. Бүгін сізді солар­дың бәрінің атынан Еркін досыңыз қабыл­дамақ. Бірде осында жұмыс бас­талмай жатып, кіріп келді. «Менің Мәс­кеуде басылғанымды білесіз бе? – дейді. – Білмесеңіз, біліп қойыңыз!» «Дружба народов» журналын көрсетті. Онда сіздің «Ханша дария хикаясы» дейтін шығар­маңыз басылыпты. Оған Еркін­нің бір шумақ өлеңін эпиграф қылып алған екенсіз. Ол да аударылыпты. Тағы бірде тағы келді. Әлгі шығармаңызды немістер шығарыпты. «Көріп қой, қарап жүрмей, орыс пен неміс түгел білетін Еркін дейтін ақын біз боламыз», – дейді. Дуылдап күліп жатырмыз. Әрине, қалжыңдайды ғой. Әйтсе де, жақсы көреді ғой. Мұқағали туралы мақалаңызды газеттен де, журналдан да оқыдық. Қуанып қалдық. Еркіннің әлгі әзілдері де сізді жақсы көргендіктен айтылған ғой?!» деп әлдекімге телефон соқты. «Сендер осындамысыңдар. Кіріп кетіңіздерші!» – деді.
«Мәссаған! Еркін Ібітанов! «Тянь-Шань эскиздері!» – деп ойладым қуанып.
Есікті жұлқып ашып, дәл баяғы «Қойшыларды» оқитын алпамса жігіт ыржия күліп кіріп келді. Қасында жымиып күлген тағы бір жігіті бар. Орнымнан ұшып тұрдым.
Содан кете-кеткенше құшағымыз жазылған жоқ. Ертеңіне ертеңмен Елшенбүйрекке тарттық. Анадайда оқшау қарауытып тұрған оңаша тау екен. Етегінде Мұқағали туған Қарасаз ауылы шашырап жатыр. Шет жағындағы үйге жете бере тоқтадық.
«Мынау жатқан Қарасаз – Елшен­бүйрек етегі – бір шетімен бір шеті тайжарысқа жетеді. Жылап аққан жыл­ғалар жамырап келіп, қосылып, Қарасу деп аталған өзен болып кетеді, Қарасудың бойында алақандай бір ауыл, малын бағып күн кешкен момын елдің мекені, тұнық елдің осы еді сәулеті де дәулеті; бұл ауылда болмайды содыр сойқан, әулекі; Қарасудай мөп-мөлдір ынтымағы шайқалмас, Райымбек батырдың ырыс қонған әулеті», – деп толғанып келе жатқан Еркін: «Келдік!» – деп машинадан қарғып түсті. Есіктен қара домалақтар шауып шықты. Еркінге жақындай беріп, қасындағы бізді көріп, аңтарылып тұрып, тоқтап қалысты. «Бұл – біздің үй, мынау – менің ағам, ана тұрған – жеңешем». Еркін туған-туыстарына мені таныстырды.
«Ол менің Әбдіразақ әкем еді; есіме алсам ойға нұр әкеледі; білемін тура жол­ға бағыт беріп, мен сияқты талай­ды жете­леді; ақылы бізге айтқан тек кет­пей­ді, бағыты жамандыққа беттетпейді, Мұқа­ғали, Еркінді қарсы алатын, жүйрігі мен жор­ғасын ерттеп беріп», – деп жыр­лай­­тын Еркін ақын бұл үйдің иесі туралы.
Үй иелері ішке шақырды. Кіріп-шығып жатқан кісілері мол, қора-қопсысы бос тұрмайтын, қонақжай үй екені сезіліп тұр. Дастарқанында да ұзақ отырдық. Еркін ағасының үйіне келген соң, тіпті, көңілденіп кетті. Жағасы жайлау, жайбарақат отыр. Мен тықыршып отырмын. Онымды байқап қалып: «Әбіш, асықпаңыз. Бәрін көрсетеміз. Бұл үй – Мұқағалидың да үйі. Өле-өлгенше жұптарымыз жазылмай өткен ағайынбыз», – деп қалды.
Сонда да: «Такаппар таулар жатқан жан-жағында, барып қайт салқын жайлау, малды ауылға; бір жер бар Қарасаз деп аталатын, көресің жолың түсіп бар­ғаныңда; көресің көк орманын, жылға­ларын, мөп-мөлдір қайнап шыққан тұнба­ларын; жылғаның жағасында бұзылған үй, сен соған, ей, жолаушым, бір қарағын», деп жырлаған киелі топырақты қашан басамыз деп тықыршып отырмын.
Сөйтіп, үйден шыққан бір топ адам көп ұзамай бір төмпектің басына шығып, ірметіле тоқтадық. «Мына бір үйілген топырақтың іздері жағалай жалғасқан шағын шаршыны байқап тұрсыңдар ма?! Міне, бұл бұзылған үйдің орны. Мұқағалилар осында тұрған. Қасынан қалмаушы едім. Арамыз төрт жас. Ертелі-кеш үйінен шықпаймын. Төрінде талай асырды салушы едім. Қашан көрші үйге кеткен әжеміз қайта көрінгенше, үйінің шат-шәлекейін шығарушы едік. Әжей қолындағы ұршығын ала жүгіргенде, төрдегі тапырақтағанымды тыйып, үйіме қарай жұлдыздай зымыраушы едім».
Еркіннің айтып тұрғаны ойымдағы Мұқағали сөздеріне ұласады. «Кеспестен кісі жолын торымаған, осында тірлік еткен момын адам; қаншама тырбанса да шаруаның, дәулеті бір-біріне қорымаған; өңірде өзін-өзі құл көріпті; киіпті ауыс­тырмай бір бөрікті; байғұстың барша жұрты тілек тілеп, үйіне тұңғышы боп ұл келіпті».
Қабырғалары әлдеқашан құлап, іргеліктің тек орны ағараңдап жатқан шымкесек үйдің көрінісі бір кездегі көз алдыңызға қайта тірілгендей болады. «Той жасап, торқа төсеп, шабылмаған, демек, тойдың жабдығы табылмаған; өмір дейтін өзгермес мекеменің, алдын­да әжем мені қабылдаған; кейін әкем ел-жұртын басқарыпты, қашанғы жарғақ бөр­кі тасталыпты; жағасында жыл­ға­ның бұзылған үй, өмірім осы жерден басталыпты».
Бүгінде әлемге ыстық Мұқағали ғұмыры осы арадан бастау алған.
Иә, иіссіңді ұлтжанды адамда­рымыздың көпшілігінің туған үйлерінің бүгінде іздерін де іздеп таба алмайсың. Олардың шым кесектен салынған қабырғаларын әлдеқашан жаңбыр мүжіп, қар сорып, жермен-жексен еткен. Оларды қайтадан қалпына келтіреміз деп тыраштану бос әурешілік. Бәрібір мына бір қара орындай жүрегіңді елжірете алмайды.
Бұл жерде Мұқағали бесіктен түсіп, қара жерге тік тұрып, тәй-тәй бас­ты. Мектепке барды. Қолына қағаз, қарындаш, қалам ұстады. Он жасында әкесін майданға аттандырды. «Жарты ай тұр жар астында – тозған таға, үскірік үрлей ме әлде қозғалта ма; әжем жүр туған жердің топырағын, тұмар ғып тігіп жатыр бөз қалтаға; ол отыр, аямай-ақ ішіп алған; санасын мазалайды күшік арман; аттан, әке, таныс қой күрес саған; күресуі керек қой күші бар жан…».
Біз бала Мұқағалидың ізін қуалап, Қарасаз маңын шарлай бастадық. «Сонау бір жазда жайлауда, соғыстың кезі қой баққам, көңілім келмей байламға, көп нәрсені ойлантқан; астымда тарпаң дөненім, торсықта шырын қымызым, миымда шикі өлеңім, қайнайтын келіп күн ұзын; қайнатқам, шіркін, піспейтін, маздатып қойып оттығын, өзімді өзім күштейтін, қазіргі жағдай жоқ-тұғын; қолымда дәптер, қаламым, қайтатын үйге жазылмай, сағымы сайын даланың, айта алмай жүрген назымдай…».
Соғыс кезінде бала Мұқағалидың қой баққан ойлы-қырлы қарлы далаларымен шоқақ-шоқақ жүріп келеміз. Жымпиып жатқан жылпос жазықтар дымдары іштерінде болып, қанша қарасақ та сыр ашпайды. Кей жерде қымтай жабылған қар астынан бозаңытып бу ұшады. Жылға түбінен сылдырап су ағады. Жер астынан шып-шып аққан қыстағы бұлақтан қиқарлана үн шыққандай. Тебірене құлақ тосамыз.
«Сондағы көздің жасынан ләззат алғам, нансаңыз; сұраңыз әрбір тасынан, еліме менің барсаңыз… Бұлақтан барып сұраңыз, көрді екен, кімді білді екен,.. бұғынып қалған бір аңыз, бұйығып тағы жүр ме екен; жартастың жанын ұрғылап, кеудесін сайдың тепкілеп, сұрар ма екен сұм бұлақ: «Сол бала қайда кетті?» деп».
Сұм бұлақ сол баланың қайда жүрге­нін, қайтып жүргенін сұрамай-ақ біліп отыр ғой. Қарасаздың жаздағы будақ-будақ ақ шаңдағына, күздегі миға айнал­ған балшығына белшесінен малтығып жүр-дағы. Көресіні көріп жүр. Маңдайы жалақ-жалақ. Еріні тілім-тілім. Бірде арба айдап, астық тасиды. Бірде атқа мініп, қырман басады. Көң аударып, қора тазалайтыны тағы бар. Таусылмайтын жұмыс табылып тұр, тәйірі. Қайтсін көнеді де… Көнбейтіні – тек анада майданнан келген қара қағаз. Ігір де жоқ, мігір де жоқ, жетіп келіп: «Әкең өлді!», – деген. «Сенбеймін әкең өлді дегенге мен, себебі ол үйімізден тірі аттанған…».
Мұқағалидың осы сөзін әрі қарай Еркін жалғастырады: «Қара қағаз тапқан­да тұрақтайтын бекетін, суық хабар тым жүрдек сумаңдап жылдам жететін; сор маңдай үйге халайық боздақты жалғыз жоқтатпай, қаралы бүкіл Қарасаз күңіреніп кететін… Құдіретті екен-ау сондағы өмір толқыны, құдіретті екен-ау, сондағы көздің тамшысы; еңіреп барып жетімек етпетінен түседі, жотаны жонып өткенде бейнеттің зілдей қамшысы; естісе ұрыс біреуден, еңіреп барып құлайтын; бәрі де заңды секілді, бәріне төзіп шыдайтын, бригадир аға атынан қарғып түсіп жұбатып, жұбатып тұрып өзі де еңкілдеп келіп жылайтын… Қатыгез еді-ау қысы да, азынап боран кететін, Аяздың табы әп-сәтте көк сірне тоннан өтетін: «Бойды да жылдам жылытпайтын ақ қырау шалған мектебі, кебеже қарын пештерге жағатын отын жетпеді; бір партаға үш-төрттен сығылысқан баламыз, қызылшақа саусағы, домбыққан күрең беттері; бір класс үшін табылса, бір оқулық жетеді; күйеден еді сиясы, газеттен еді дәптері…».
Солайы солай ғой. Ауылдағы соны көріп өскен бала боздақтардың енді-енді қылтиып бойларын жаза бастағанда майданға тағы шақырылғандарын айтсайшы.
Қанша дегенмен, ондайды өмірге ерте келіп, ерте түсінген Мұқағалидың сөйлегені дұрыс шығар. «Боздақтарын аттандырған шақтарда, боздап еді-ау боркемік боп қарттар да, бір орманның бір түп өндір шыбығын, тиеп алып күнбатысқа тартты арба; «ал, енді сен азаматсың!» деп маған, арбасына отырды да, кетті ағам, тағы да бір қайырылмас па екен деп, тозаңдатқан қара жолды бетке алам; қайырылмады олар, олар ұзап барады; ән естілді, әлдиледі даланы; қарап тұрмын құйын болып ағады, қара жолмен көршіміздің Жанары, талай рет хат апарып бергем-ді, тани кеттім үйге енбеген жеңгемді; қайсар қыздың қайсарлығын ел көрді; қайсар қыздың қылығына ел көнді; қайран аға, қайсар жанды таңдапты; қарсы ұшты; жұрт күрсінді салмақты; екеуінің араларын шаң жапты; екеуінің ортасында жау жатты…».
Сондағы қара жол қарауытып әлі жатыр. Өн бойынан әрі өткен, бері өткеннің қайсысының қайда қалғанымен еш шаруасы жоқтай. Бірде жүйткітіп, бірде сыбырлап қалған жүрісімізді өндірмей, қаралай мұң болып келеміз. Еркіннің аузында тыным жоқ. Баяғыда бала күніндегі бастан кешкендерінің арасында әлі жүр.
Неге екенін білмеймін. Ойыма Мұқағалидың «Арулары» түсті. «Арулар – асыл жандар. Шуақ боп шашылғандар. Қуат боп талпынғандар. Құшақ боп ашылғандар. Арулар – асыл жандар. Арулар – асыл жарлар. Арулар – әрбір үйдің шаңырағы, әрбір үйге от болып жағылады, әрбір үйде таң болып атты-дағы, әрбір үйге сәуле боп шашырады. Жимайды-ау бір шашылған шуақтарын. Саясына келеді-ау шуақтағың. Жамандыққа қиярсыз қалай ғана, жайнаған бір-бір үйдің шырақтарын. Арулар – асыл жандар. Сағыныштар. Өтініштер, құшақтар, жалыныштар… Жек көрсе олар жүрегін мұз жасайды. Жақсы көрсе, балқытып жанына ұстар. Арулар – аяулылар, ардақтылар. Өмірдің жылуы боп қалмақ бұлар. Арулар – тіршілікке күретамыр, өмірін бір-біріне жалғап тұрар…».
Бұл ақынның отыздан асқандағы сыры. Бірақ бұны отыздағылардың бәрі-бәрі ұғына бермейді. Шамасы, сабазға мұның бәрін соғыс жылдарының жылау-сықтаулары ерте аңғартқан-ау. Сол ойымды Еркін сезіп қалғандай. Қапталдағы таудың бір аңғарында қалып бара жатқан шағын ауылға саусағын шошайтты. «Сонау Көмірші деген ауыл. Бұл арада көмір бар. Тұсында көмір қазған. Содан солай аталған. Сол ауылдан бір қыз біздің мектепке мұғалім болып келді. Ұзын бойлы, ақ маңдай, талдырмаштау қыз екен. Ол кезде бір көшенің арғы беті, бергі беті боп таласатынбыз», – деп Еркін бір қызық әңгіме бастады.
Сөйтіп, Қарасаздың балалары көрші ауылдан келген қызға әрі таңыр­қай, әрі тосырқай қарады. Мұқағали­дың онда есейіп қалған шағы еді. Ойын балаларының көшедегі көп «қызық­­тары­на» араласа бермейтін. Жаңа апайдың ауыл шетіне қадам басқан әр адымын аңдуда болды. Жас қыз сабаққа жүрек­сіне кірді. Балалар бір-біріне жымың­­дасып, сыбырласып, жыбырласа жөнелді. Сол кезде терезе жақтан біреу: «Жә, қойыңдар, түге!» деп жекірді. Мұғалима жалт қарады. Жайбарақат сабақ тыңдап отырған қыр мұрын, орақ тұмсық сары баланы көрді. Іші жылып қоя берді.
Оттан жаңа алынған таба нанның табындай ыстық сезім қалай шарпып өткенін білмей де қалды. Бірте-бірте өрши түсті. Әлгі балаға жас мұғалима көзінің қырын салып, оқтын-оқтын қарап та қояды. Өзі сабаққа алғыр. Саулап тұр. Қай тақырыпқа да қамшы салдырмайды. Арындап аға жөнеледі.
Мұғалима да оқушысын сынап көруге құмар. Жаңа сабақты түсіндірген бойда: «Кәне, қайталап айтып беретін қайсың бар?» – дейді. Тағы да сол сары бала қол көтереді. Бірте-бірте еліктіре түсті. Кейде не ойлап отыр екен деп, төбеден түскендей оқыс сауал қояды. Еш жаңылыспайды.
Бірде парта астына жасырып, әлдене жазып отырғанын байқады. Сабақ түсіндіріп жүріп, білдіртпей қасына барды. Қолындағы қағазды жұлып алды. Оқып еді, екі беті ду ете қалды. Оқушысының да құлағы күреңітіп, кітапқа үңіліп, тұқшия түсті.
Содан былай сары баланың маңына жуымайтын болды. Бала да меңірейіп ешкімге ешқандай тіл қатпайды. Сазарады да отырады. Күндер өте берді. Бір күні қатты аяз болды. Бүрсеңдеп мектептен қайтып келе жатыр еді. Соңынан бір бала қуып жетті. «Апай, мына қағаз сізден түсіп қалды», – деп асығыс ұстата салды да, сырт айналып қаша жөнелді. Кім екенін де білмей қалды. Ашып қарап еді, «ақ қаздар арасында аққуымды ажырата алмаған сор маңдаймын», – деп жазылыпты.
Ойнап жүріп, ойыннан от шықты деген осы. Терезе жақта күдірейіп отыратын сары баланы жек көрерін де, аярын да білмей қалды. Сырттай аяйды. Көрсе, тәкаппарлана қалады. Бір-бірінен қашқақтаған екі жас бір-біріне жіпсіз байлана түсті.
Бір күні бәрі сабақта отыр еді. Сырт­тан: «Сүйінші! Сүйінші!» деген дауыс шықты. «Есімде жоқ, бала боп өсіп пе едім?! Болсам, неге жылы сөз есітпедім? Есімде тек, білемін жеңіс-құстың, біздің жаққа бір апта кешіккенін».
Жұрт мәре-сәре. Бір-біріне жабысып, көрісіп жатыр. Бір-бірін көре сала бас салып сүйісіп жатыр. Мұғалима да асығып үйіне бара жатыр еді. Қасынан шыға келген бір жігіт ерніне сүліктей қадала кетті. Шашы дудырап көзіне түсіп тұр. Мұғалима қапияда не істерін білмей, бұлқынып жатыр. Қараса – Мұқағали. «Мақатаев, сен маған ашуланып жүрсің бе?» – депті сасқанынан. Содан екеуінің де тілегені оныншының қашан бітетіні болды.
Машина әлі итеңдеп келеді. Еркін әлі сөйлеп отыр. Ұйқылы-ояу түс көріп отырғандай. Әлгі бір елес көз алдыңнан кетпей жалғасып келеді. Кенет қапталдан бұларды іздеп келе жатқан «Газик» жолықты. «Біздің ауыл жаққа барасыздар ма?» деді қара тонды қағылез жігіт терезеден басын шығарып. «Иә», – деп Еркін мен қасымдағы аупартком жігіті қосарлана жауап қатты.
«Газик» алға түсті. Біз соңына ердік. «Жолымыз болады екен. Мынау әлгі мұғалиманың ағасы. Фамилиясы – Әзімжанов. Осында шаруашылық басқарады. Сізге малшыларын көрсетпек болып келе жатыр ғой», – десті.
Жаңа танысымыз салған жерден сөйлей жөнелмейтін ұстамды кісі екен. Сұрағымызға жауап беріп, мал отарларын көрсетті. Жас шопандар бригадасына бардық. Жігіттерді көрдім. Қыздарды көре алмадым. Шамасы, салт жатып, шаруа істеу оларға қиын тиеді ғой деймін. Жалпақ жатқан Шалкөдені шарлап бақтық.
Қалмақта Көде деген кәртамыс батыр болған екен. Қалған қалмақты дүркіретіп қуып шықса да, ол шал тістесіп болмапты. Ақырына дейін алысыпты. Сарбаздар оны ұстап алып, Райымбек батырға әкеле жатыпты. Сонда жол-жөнекей осы жайлаудың басында түйелерін шөгеріп, сәл мызғып алмақшы екен. Түрегелсе, түйеге таңулы Көде батыр өзіне-өзі қол жұмсапты. Қасарысқан жауына көнбеген қарт батырдың құрметіне әлгі жайлау әлі күнге дейін Шалкөде деп аталады екен.
Шалкөденің қиыр шетінде әлгі Ғабдол Сланов жазған Айғайтас бар екен. Қар қалың, машина жүре алмады. Ол түгілі қарасы көрініп тұрған Диқанбайдың моласына да жете алмадық. Әрі қарай баруға күдер үзіп, орта жолдан қайттық.
Кешке қарай бізге жол көрсетіп жүрген шаруашылық басшысы шоферіне: «Үйге соға жүрейік», – деді. Үй-іші де кілең сыпайы жандар екен. Ізетпен иіліп-бүгіліп тұр. Біразға дейін шаруа жайын әңгімелеп отырды. Дастарқан жазылып, үлкен тамақтың алдында сыртқа шықтық. Айдың қалай туғанын, жұлдыздың қалай шыққанын әңгімелеп біраз тұрдық. Бір уақытта Еркін үй иесіне мен туралы кеңірек айта бастады. «Білеміз ғой. Естуіміз бар!» – деп қойды үй иесі.
Одан әрі қарай Мұқағали мен Лашынды сөз еттік. Мектеп бітірген соң Мұқағали біразға дейін шыдапты. Біраздан соң Лашынға сөз салыпты. Жастардың бір-біріне көңілі кетіп тұрғасын, үлкендер қарсы болмапты. Қосылған соң, біраз жыл ауылда тұрыпты. Мұқағали ауылдық кеңестің хатшысы, қызыл отаудың меңгерушісі, комсомол қызметкері болып істепті. Өлең жазуды көбірек күйттепті. Алматыдан келген жігіттер қоярда қоймай, бізбен бірге жүр деп азғырыпты. Сонымен, анасын алып, Алматыға көшіпті.
«Әке, сенің тастап кеткен мұраңды, төрт немерең көрген шақта қуанды; терің сіңген тақияңа жармасып, алма кезек бірінен соң бірі алды; иіскейді танауларын шүйіріп, шешем отыр тәубе жасап, сүйініп, мазалаған әлдеқандай бір сезім тұрды менің алқымымда түйіліп; кейіс пішін; келінің де тұр қарап; сәбилер-ай, сәби кімді таңдамақ; сездің бе, әке, сенің қалған мұраңды, ұрпақтарың жатыр, әке, жұлмалап; сезбейсің-ау, сезбейсің-ау, ардағым, осыншама сыртыңда ұрпақ қалғанын; пай-пай, шіркін, орталарында отырсаң, ию-қию базар болып жан-жағың; сезбейсің-ау өшпегенін отыңның, ортасында өзің шашқан қоқымның, өзің жоқсың, өзіңе ұқсап отырмын».
Дәл осындай халды, дәл осындай күйді өз басымыздан да өткердік. Мұқағалидың да бастан кешкенін көрдік. Анасымен жүздестік. Онда Тастақтағы үшінші линиядан үй жалдап тұратын. Балаларының бәрі кішкентай еді. Тіпті, Майгүл де тірі еді. Артынан Майгүлдің жерлеуінде де бірге болғанбыз. «Қалақтай едің, қабіріңде қалақ тұр; туғаныңды, өлгеніңді санап құр; сенің аңқау құлағыңдай қалқайып, қыр басынан қала жаққа қарап тұр».
Ол кезде Кеңсай бос еді. Кейін екінші төбені толтырды. Сол биіктің басында өзі жатыр. Одан әлдеқайда бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде бірге істедік. «Лениншіл жаста» бөлім меңгерушісі болып жүріп, «Апассионата», «Шушада, Саян таудың бөктерінде» дастандарын жариялағанбыз. Бұрынғы Горький көшесінің бойындағы «Алатау» ресторанында газетте шыққан шығармаларының бірін жуып отырып: «Әкелші, ата, бар болса, насыбайың» деген өлеңін оқыттым. Керемет өлең! Тек осындай өлеңдерден, ауыл туралы еш боя­масыз жазылған жырлардан кітап шығарыңызшы деп қолқа салдым. Ойланып отырды. «Егер де жаза қалсам, өзіңе апарып көрсетемін», – деді.
1968 жылы 23 мартта таңертең үйге келді. Жұмысқа шақыртып, асығып кетіп бара жатыр ем. Жөнімді айтып, рұқсат сұрадым. Оныма түк қиналған жоқ. Асқар Сүлейменов екеумізге «ілім соққандар» дейтін. «Әй, ілім соққан, бара бер. Маған мынау апам үйде болса, жарайды», – деп анам екеуі шай ішіп қалды. Кешке келсем анам: «Манағы бала тастап кетті», – деп кітап берді. Ол «Қарлығашым, келдің бе?» екен. Ертеңіне оқып шығып, Мұқағалиға телефон соққым келді. «Бірақ, әуелі мақаламды жазып бітірейін!» деп ойладым. Сол екі арада әскери комиссариаттан шақыру алдым. Бардым. «Жуырда шақыртамыз», – деп қол қойдырып алып қалды. Сол жаз бойы әуреге салды. Күзде екі жылға әскерге алды. Мұқағалиға берген уәдем еске түсті. Қағазға түсіріп, Сейдахмет Бердіқұловқа апарып бердім. Көп ұзамай әскерге кеттім.
Екі-үш айдан соң, ауылға соғып кетуге келсем, мақала шығыпты. Бірер данасын Мұқағали үйге әкеліп беріп кетіпті. Сол бойда телефон шылдырады. Алсам – Мұқағали. Асқар екеумізді үй-ішімізбен шақырды. Кеш бата өлең оқыды. Бірінен бірі өтеді. Мұқағали барған сайын арқалана түсіпті. Жыр арнасы ағытылып кетіпті. Енді оны тоқтату еш мүмкін емес. Жарайсың, Мұқағали!
Өлеңіндегінің бәрі өмірде де дәл сол қалпында екен. Соған көз жеткізгіңіз келсе, Қарасазға барыңыз. Оның адам түгілі тауы мен тасы да Мұқағалиды еске түсіреді. Қасқая қарап, қабақ түйіп алған Елшенбүйрекке жалтақтай қарап, құбылаға қарай бет түзедік.
Бұл жақта күн шығып тұр екен. Жер бетін тұп-тұтас ақ қар көмкеріпті. Одан жоғарыда аспан кілкіп тұр. Ойыма тағы да Мұқағали жазған жолдар түсті. «Бәрі жасыл; жер жасыл; аспан жасыл; жасыл бұлт жағалай кеп, аспанға асыл; жабырқап жартастардан қашқанда сұр, жиып ап ағыта көр тастарға сыр; бәрі жасыл; жасыл қыр; жасыл белес; жа

Байланысты жаналықтар

Мұқағали минуттары

07.10.2021

Әбіш Кекілбайұлы. Фариза

25.12.2020

Тұрлашов "тірілтіп" жіберген Еркін Ібітановты Президент Әкімшілігі білмей ме?

15.12.2020

ӨМІРЛІ ӨНЕГЕ

28.08.2020

Сарсаңмен өткен сол бір кез... (Жалғасы)

06.04.2020

Сарсаңда өткен сол бір кез...

04.04.2020
MalimBlocks
Мұқағали минуттары

Әбіш Кекілбайұлы. Фариза

Тұрлашов "тірілтіп" жіберген Еркін Ібітановты Президент Әкімшілігі білмей ме?

ӨМІРЛІ ӨНЕГЕ

Сарсаңмен өткен сол бір кез... (Жалғасы)

Сарсаңда өткен сол бір кез...