Ақтоты Райымқұлова отставкаға өтініш бере алмай отыр...

  • 16.08.2021

Бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековке жемқорлыққа барғаны дәлелденіп, айыппұл салынғанына төрт күн өтті. Ал мамыр айында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова орынбасарының кінәсі егер дәлелденетін болса, отставкаға кететін күллі елдің алдында мәлімдеген. Алматы қаласы Түрксіб аудандық соты Сәкен Мұсайбековке 62 млн теңге  айыппұл салғаны төрткүл дүниеге жайылды. Сот шешіміне қарсылық білдіретін С. Мұсайбеков жоқ. Өйткені, ол 15 мың доллар пара алғанын тергеу кезінде-ақ мойындап, прокурормен келісімге келіп қойған.

Біздегі «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік қызметкер жемқорлықпен ұсталса, оның басшысы отставкаға кетуі тиіс.

Ақтоты Райымқұлова мамыр айында осы заңға бағынатынын айтқан.

Бірақ, қазіргі үнсіздігіне қарағанда президентке отставкаға кетуге өтініш жазуға жүрегі дауламай, тәуекелге бара алмай, кабинетінде бет орамалын шылқытып отырғандай. 

Олай болмаса, бұл ойланатын, уақыт созатын сәт емес қой. Сот шешімі шығып қойды, жауапты кінәсін мойындап қойған, мәдениет министрлігінде жемқорлық өршіп кеткені анықталған. Сонда Ақтоты Райымқұлова неге мың ойланып отыр?

Айтпақшы, отставкаға өтініш жазу деген қызметінен дереу айырылып қалады деген сөз емес. Президент ол өтінішті қабылдамай, кері қайтарып тастай алады. Яғни, Ақтоқты Райымқұлованың мәнсабы жардың қиыр шетінде де тұрған жоқ. Дегенмен, қалай болса да, бұрынғы мәдениет министрі әрі бірге қызмет істеген әріптесі Арыстанбек Мұхамедиұлының «кетсеңші енді» деген мысқыл табасына қалмай, кеудесін тік көтеріп «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға құрметін білдіріп, отставкаға өтінішін президенттің алдына неге тастай салмайды? Мәдениеті биік адамдар сөйтуіші еді ғой...