БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ ЖӘНЕ НҰРДӘУЛЕТ АҚЫШ

Malim Админ

  • 07.12.2020

«Жұмбақ іздер», «Момақан қыз», «Қиырдан келген көгершін» қатарлы балалар мен жасөспірімдерге жыға таныс кітаптардың авторы, белгілі балалар жазушысы, әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұрдәулет Ақыш жетпіс деген асқаралы шыңға көтеріліп отыр. Туған ұлтының әдебиетіне, мәдениетіне, ғылымына өлшеусіз үлес қосқан аға буын қаламгердің шығармашылық зертханасы, жазушы ретіндегі шеберлігі туралы айтуды міндет санадық. Әуелгі әңгіме – оның жазушылығы хақында, дұрысы – балалар әдебиеті саласына қосқан үлесі турасында. Сонымен, Н. Ақыш өзінің шығармашылық жолын аталмыш жанрдан бастаған-ды. Сөзіміз дәлелді болсын, сол себепті қаламгердің тырнақалды туындыларына назар аударсаңыздар. Мәнді мәтінге Сіз де көз жүгірте отырыңыз, ойлы оқырман.

Мақаламыздың бас кейіпкері – Н. Ақыш кезінде шығармашылық жолын балаларға арнап түрлі қызыққа толы әңгіме мен хикаяттар жазудан бастаған еді. Солардың қатарына «Сабалақ ит», «Ақ кесте», «Құттықтау жәшігі», «Сурет пен ұшқалақ», «Әбдіреден шыққан қылыш», «Іні», «Ықылассыз бозбала», «Момақан қыз», «Құз хикаясы» және т.б. туындылары кіреді. Сол бірнеше көркем туындысын түрлі газет-журналдарға жариялап, кейін уақыт өте келе жеке жинақ етіп жариялаған. Жазушы балалар әдебиеті саласындағы ертегі жанрына да ерекше көңіл бөлген. Оның жекелеген ертегілері мектеп оқулықтарына, хрестоматияларға енген. Солардың арасында ең көп оқылған әрі шетел қауымына танымал шығармалардың бірі – «Жұмбақ іздер» повесі.

«Жұмбақ іздер» повесі – бүгіндері аға буын өкіліне айналған жазушының жастау кезінде жазған сәтті шығармаларының бірі. Уақытында көптеген замандас, қатарлас қаламгер осы туындыға байланысты ойларын газет-журналдар беттерінде жариялап, лайықты бағалапты. Ол 1980 жылы жинақ күйінде басылып та шыққан. Повестің кейіпкерлері – мазасыз, өмір сырын тануға құштар, ел алдындағы борышты терең түсіне білген, Кеңес заманында өмір сүрген мектеп оқушылары. Бұлар – өздерінің жасына сәйкес таңғажайып оқиғалар мен асқақ романтикаға құмар. Әділ мен Жанболатты туған жер тарихы қызықтырса, «Покровка» мектебіндегі балалардың бәріне тән қасиет – шекараны теріс пиғылмен жіберілген адамдардан қорғау, халық алдындағы жауапкершілікті сезінуі.

Повестегі оқиғалар үш желіде өрбиді: бірінші желі – құпия үңгірдегі жазуларды зерттеуге аттанған Әділ, Жанболат, Бақыт пен кейіннен бұл топқа қосылған Гүлмираттың іс-әрекеттері, екіншісі – үңгірге барар жолды іздеп жеке кеткен Бақыт желісі; үшіншісі – жас шекарашылар отряды және оның мүшелері: Нұржан, Қайрат пен Төкеннің желісі. Ерлікке, өмір сырын тануға іңкәр балалар үшін бұл жылғы пионер жазы – зұлымдыққа қарсы тұра білуді үйреткен, өмірді, адамдарды терең түсіну қажеттігіне үндеген, батылдық пен жігерлі болуға шыңдаған ерекше жаз. Балалардың белсенділігі, бірлескен батыл қимылы арқасында шекараны бұзғандар қолға түседі. Повестің негізгі нысанасы – кейінгі ұрпақты Отанын, елін сүюге тәрбиелеу, білімге деген құштарлыққа және қырағылыққа баулу. Тәрбиелік мәні зор бұл мақсаттар повесте Әділ, Жанболат, Бақыт, Гүлмират, Нұржан, Қайрат, Төкен бейнелері арқылы жүзеге асады.

Нұрдәулет Ақыш – өз аудиториясының қыр-сырын әбден зерттеген, баланың ойлау, сезіну, түйсіну қабілеттеріне сай өмірдің өзінен алынған, жеткіншекке таныс оқиғаларды шебер әрі келістіре суреттейтін жазушы. Анық байқағанымыз, автор тілі, балалардың әдеби бейнесін кескіндеудегі шеберлігі, образ ашудағы поэтикалық қуаты айрықша. Мәселен, жоғарыда атап өткен әңгіме, повестеріндегі идеялық-тақырыптық ерекшелік, сюжеттік-композициялық құрылыстары шығарма мәтінінде айқын көрініс тапқан. Н. Ақыштың балаларға бағытталған туындысының көбі кеңестік уақытта жазылса да, ой желісі, көтерген мәселесі, өзектілігі әлі ескірген емес. Құндылығын жоймаған әңгіме-хикаяттар бүгінгі күннің жас оқырманына да қызмет етіп, оның рухани қажеттілігін өтейді деген ойдамыз. Балалар танымын кеңейтетін автор шығармалары сюжеттік желісі жағынан әрқилы болса да, тағылымдық мәні зор. «Максим Горький: «Балаларға арналған әдебиет көркемдігі жағынан кем дегенде ересектерге арналған әдебиеттің алдыңғы қатарындағыларымен иық тірестіре алатындай болуы керек», – деген. Аса биік те абыройлы міндет. Қуаныштысы – жазушы Нұрдәулет Ақышев осы талап биігінен табылуға тырысқан» деп сол кездегі Қорғантұз орта мектебінің мұғалімі Мақсат Дүйісмағанбетов повесті оқығаннан кейін осындай ой айтып, жылы лебіз білдірген екен.

2010 жылы қаламгердің осы повесіне Мәскеу қаласында өткен «Страны СНГ и Балтии: единое межкультурное пространство» атты аудармашылар семинарында «Таллинн» журналының Бас редакторы Нэлли Абашина-Мэльц талдау жасап, тіпті оны басқа тілге аударуды ұсыныпты. Сондай-ақ, аталмыш повесть орыс тіліне тәржімаланып, «Необыкновенное лето» атымен 1987 жылы балаларға арналған «Дружные ребята» атты газетте толық нұсқасы шыққан. Ал, оқырмандар арасындағы танымалдылықтың артуы арқасында 1989 жылы кітап болып жарық көрген болатын. «Необыкновенное лето» повесін танымал қаламгер Эдуард Жылқыбаев (лақап аты – Константин Кешин) орыс тіліне аударған.

Н. Ақыштың балаларға арналған шығармалары – оқиғалар түйіні, тосын шешіммен қызғылықты. «Киелі көлдің қарақшылары» хикаяты жас натуралистер әрекетін шытырман оқиға негізінде баяндайды. Бұл – әлем әдебиетіндегі ең оңтайлы көркемдік тәсіл, оқырманды үйірудің тамаша үлгісі. Ал, өскелең ұрпақты адалдыққа, батылдыққа, өмірді сүйе білуге үндейтін келесі шығармасы – «Құз хикаясы». Бұл – қазақ прозасында бұрын-соңды көп қаузалмаған альпинизм жөнінде. Автор өмірбаянына зер салсақ, ол кезінде мектеп мұғалімі, пионер лагерінің жетекшісі ретінде балалармен тығыз араласып, олардың жан сырына терең үңіліп, психологиясын зерттеген-ді.

Жазушы тілге аса сақтықпен, асқан жауапкершілікпен қарайтыны байқалады. Көркем тілді ұштай түсіп, бейнелі етіп қолдануға ұмтылатын жазушы қаламынан туған тың теңеулер мен соны тіркестерге сыншылардың назар аударуы тегін емес. Соның өзінде ол балаларға арналған шығармаларды ұғынықты, оқуға жеңіл тілмен жазуға тырысады. Оның «Жұмбақ іздер» (1977), «Таң алдындағы дабыл» (1985), «Батпақты тоғай басында» (1986), «Киелі көлдің қарақшылары» (1987) повестері кезінде «Жалын» баспасының жабық конкурсында жүлдегер атанған-тұғын.

Расында да, жазушы болудың қандай қиын екендігі туралы қаламгер қауым да, әдебиетші-ғалымдар да айтып жүр. Проза өзге жанрлардан қасиетіне қарай ерекшеленіп тұрады, ал соның ішіндегі балалар әдебиеті – көбіне бағына бермейтін күрделі сала. Осы ретте, Нұрдәулет Ақыштың балдырғанға бағытталған шығармалары ойлылығымен ерекше және танымдылығымен тамсандырады.

Әлібек БАЙБОЛ, жазушы-драматург,

әдебиеттанушы.

Жібек ҚҰСАЙЫН әдебиеттанушы.