Бауырым, бауырларым, қайтейік...
Сендердің еш кінәларың жоқ. Кінә бізде. Сендерге қорған бола алмаған...
Махмұд Сабырхан бәрін істеді. Бірінші раундтан бастап түре қуды. Тырқыратып қашырды. Бесінші раунд іздетіп сандалтып жіберді. Екінші раундтағы үзілісте Хосе Кильес Бротонстың өңі қашып, көзінен үрей араласқан белгісіздік көрдік.
Қорқыныш табы да аңғарылады, аузына құйған суды жұта алмай сыртқа ақтарды. Обьектив осыны көрсетті. Есепті естіген соң дүр сілкінгені анық.
Қашып жүрсе де екі раунд жеңіпті.
Үшіншісіне сілкініп шықты. Құлап қалмаса жеңіс өзінікі екен білді. Қолғапқа атты қылы тонналап салынған. Тып-тыныш тікесінен тік тұрғызып қойып ұрмасаң сұлатып салу қиын. Соңғы раундтың бітуіне жиырма секунд қалғанда Махмұд кері қайырылды. Оң қолын бір сілтеді. Ауаға. Бұрылып бара жатып тағы сілтеді. Ауаға.
«Бүйткен боксың құрып кетсін». Деген шығар ішінен. Түңілді. Түңілдірді. Түңілдірдік. Бекзат болмысты сайыпқыранымыздың жанына теледидар жанынан айқайлағаннан басқа еш қайран көрсете алмадық.
Ал, сосын біздің ұлтсыз диван батырлардың құдайы берді. Махмұд по факту жеңіліпті. Бұл бір ұрғанда қарсыласы екі соққымен жауап беріпті-мыс. Бір әңгүдік екіленіп таудай ақыл айтады. «Неге қашасың, неге қолыңды сілтейсің. Намысы жоқ ез екенсің»...
Айтуға ауыз бармайды. Содан соң пілге үрген кандендер қосылды.
«Айттым ғой жеңіледі деп». Шошқадан туған намыссыз сілімтіктер-ау, жаны күйіп тұрған батырға жұбату айтып, жарасын жалауға мұрсат бермедің дер ғой.
Мақсаттарың не?! Комменттерді саралап көрдік. Көбісі бокс қолғабын сөреден көрген мәнжубастар. Өткенде боксшы емес, қазақ боксының жақсы жанкүйері екенімді айтқанмын. Менің жанкүйерлік көзқарасым бүгін жеңілдіге шығарып, жерлеп отырған қазақ боксшыларының бәрі жеңді деп жаны шырқырайды.
Жақсы әдетім, білікті сарапшыларға жүгінемін. Алды әлем чемпионы болған інілерім, бокстың жілігін шағып, майын ішкен маман достарым бар.
Соның бірі - Абат Адырбеков. Бокстан спорт шебері. Мырзағали Айтжановтың шаршы алаңдағы қарсыласы болған оғлан. Менің өтінішіммен екі боксшының барлық соққыларын санап шықты. Үш раундта да Махмұд жеңген.
Спорт тарихының жылнамашысы Қыдырбек Рысбек досым хабарласты.
Қазақстандағы ең үлкен спорт ғылыми-әдістемелік орталығын директоры. Ең мықты сарапшылардың орталығы. Соларға талдатып көріпті. Махмұд күмәнсіз жеңген болып тұр. Кімдікі дұрыс?!
Ақмарал Молдиярқызы деген батыршалыс журналист қарындасым бар. Күйініп жазған постыма «аға, ана диванбатырларды бір-бір ұрып талдырып тастау керек қой» деп коммент жазыпты. Кейде ойлаймын. Біздің жігіттерден қыздар мықты, ұлтшыл екен-ау деп.
Төрешілердің шешімімен ту ұстаған батырымыз Асланбек жеңілді. Жалоловтың басты қарсыласы, осы жолы деп отырған Қамшыбек жеңілді. Қарағайдың қарсы біткен бұтағындай қайтпас қайсар ер Айбек жеңілді. Алтын алады деген Махмұд мынау. Жеңіске әбден қаталап шөліркіген, бір боксшы қалай қайрат көрсету керек десеңіз бәрі бір бойынан табылатын Мұхамедсабыр жеңілді.
Ал, бір қызық айтайын. Осы жігіттердің ұлты өзбек болып, сол елдің атынан шыққан болса бәрі де 5-0 есебімен таза жеңген болар еді. Базбіреулер ойлайтын шығар, «өзбекке қарсы, көре алмайды» деп. Тіптен, олай емес. Өзбек ибалы, өте жақсы ұлт. Олардың еңбекқорлығын, бір тиынды екі ете алатын іскерлігін, мал тапқыштығын бауыры қазаққа жұғысты болса деген тілек үстіндегі адамын.
Оңтүстіктегі өзбек-мәдени этноорталығын басқарған Икрам Хашимжанов тонның ішкі бауындай досым. ҚР Парламентінің сенаторы Әлішер Сатывалдиев әрі әріптесім, әрі туғандай інім.
Бірақ AIBA-ның тізгіні кезінде ұлты өзбек, криминалдық элементтің қолында болды. Қолына билік тигеннен бастап ол әлемдегі үздік қазақ боксын тұншықтырудың барлық әрекетін жасады. Дандайсығаны соншалық, Өзбекстанда Азия чемпионатын өткізіп, бар алтынды өздері алды. Қазаққа қиғаны біреу. Риода үш алтын алса, екеуі таза емес. Азамат екен. Ұлтшыл екен.
«Біз КСРО чемпионатын қазақтар үшін өткіземіз» дейтін өзбек ағайынның аз жылда жалын күдірейтіп, әлемдегі үздіктердің қатарына қосты.
Міне, өзбек боксшының дәуірлеуінің басында кім тұр?! Ол әлі де ықпалды. IBA-нің президенті Умар Кремлев соның қойған адамы. Парижде қазақтардың қирай қирап ұтылып жатқандығы «Ұры ой» деген постымызда тұспалдап жазған едік.
Сезігіміз алдамапты. Халықаралық олимпиада комитеті IBA-ны олимпиадаға кіргізбей, есіктің сыртын көрсеткен еді. ҰОК-нің преизденті Геннадий Головкин олимпиада алдында Қазақстанның IBA-дан шығатындығын мәлімдеген болатын.
IBA-ның төрешілері Парижде қазылық жасап отыр. Қазақстан боксына ата жау болып отырған да солар.
Екінші себеп. Олимпиада алдында қауқары қайтқан Куба есептен шығып, финалдық айқастар қазақ пен өзбектердің арасында өтетіндігі айтылды. Рас. Бұл кілемнің астымен ойнайтындарды қауіптендірді. Өз ойым, таза айқас болатын болса Баһадүр Жалоловқа сөз жоқ. Қалған боксшыларымен біздің баһадүрлер терезесі тең жекпе-жек өткізер еді. Жеңіп жатса түк те таңданбаймын. Ал, бұл әлемде үздік деген атаққа дайындалып жүрген өзбек боксына көлеңкесін түсірді.
Махмұд туралы салмағы кем, бойы, қолы қысқа деген айыптаулар көп айтылды.
Ал, айтайын. Атадан ер болып туған осы Махмұд екінші айналымға өткенде өзбектің бәске қойған Абдумалик Халоковымен тырнағының көбесі сөгілгенше, қасық қаны қалғанша соғысар еді. Шаршы алаңның шаңын қағып, аяғына тұрғызбас еді. Әттен-ай...
Опыра ұратын батыр Айбекте арманда кетті. Ташкентте жеңдіріп беріп жатқан Муйдинхужаевты үш рет талдырып тастап, жеңісті жұлып алған Асланбек қандай?!
Шегінуді білмейтін, қарсыласының есін жиғызбай ұратын Мұхамедсабыр қандай!
Біздегі диван батырлардың уәжі, «онда неге айқын жеңбейді. Нокаут керек» деп бөседі. Бокс қолғабы нокаут болмайтындай қалыңдатылған. Техникаңмен жеңбесең нокдаун, нокаут ана қырдың астында ұйықтап жатыр.
Олимпиадаға қазылық еткен төрешілердің дені өзбек боксшыларына жақ екендігі айтылып қалады. Италиян бокс федерациясы президентінің жанайқайын оқыңыз.
Біздің боксшылардың жартылай финалға жетпей баудай түсіп жатқанының астарында осындай да сыр бар.
Үшінші себеп. Біздің спортта тұлға қалмады. Қазақтың садағасы болған, қызыл империямен айқасқан Қаркен Ахметов қандай еді. Отыз жыл қазақ спортын басқарған Аманша Ақпаев, қайтпас қайсар Темірхан Досмұхамедов... Бокс және дзюдо федерациясының президенті болған Бекет Махмұдов. Бапкерлерден төбесімен тау көтерген қаһарлы Әбдісалан Нұрмаханов...
Сөзім жалаң болмас үшін бір мысал айтайын.
1980 жыл. Мәскеу олимпиадасының алды. Одақты бірінші. Әлем чемпионатын ұтқан Жақсылық Үшкемпіровтің Мәскеу олимпиадасына қатыспайтындығы белгілі болып қалды. Өзімен терезесі тең Шумаков жайлы көп айтылады. Одан соң гүрзінің жас перісі. Жасы келген Жак, Жақсылықтың олимпидаға шамасы жетпеуі мүмкін.
Осының бәрін естіген, спорттағы әділетсіздіктен түңілген Жақсылық ағамыз бәрін қойып, үйінде бүк түсіп жатып қалады. Көз жасын жұтып, көрпесін тас бүркеніп Телефон соғылады. Аманша Ақпаев.
- Тез, астына түс,-дейді.
Сүліктей Волга Үкімет үйінде тізгін тартады.
- Ер соңымнан!
Бұйрық рай. Басқа әңгіме жоқ. Күзетші, кезекші лыпылдап жүр. Келісіп қойған.
Қазақстан Компартиясының бірінші секретары, бүгінше Президент Дінмұхамед Қонаевтың кабинетінің алдынан бір-ақ шығады. Жақсылықтың көзі алақандай.
- Тұра тұр!
Аманша ішке кіріп кетеді. Аздан соң хатшы шығып, Жақсылыққа «кіріңіз» дейді.
Төрде алпамсадай, еңселі Қонаев. Бұған аңтарыла қарайды.
- Аманша, мынау ма чемпион?
- Йа, осы.
- Әй, мынауың қолтоқпақтай-ақ қой.
- Димеке, нақ осы қолтоқпақтай балуан олимпиаданың чемпионы болады.
КСРО бас хатшысы Брежнев пен Қонаев сыралғы дос. Жақсылық Үшкемпіровтің Мәскеудегі, атақты жеңісінің ар жағында осындай сыр бар.
Ал, сіз айбынды Қаркен, Аманшадай спорт басшыларын көрмегеніңізге қанша уақыт болды?!
Спорт министрі Маржықбаев. Облыс басқарыпты дейді. Танымал емес. Бердібек Сапарбаевтай мықты болмағандығы байқалады. Бокстан спорт шебері екен.
Ондайлар Қазақстанда мыңдап саналады. Тұлғалық қасиетін көрмедік. Әлем мықтылары алдында қоғадай жапырылатын Дәулет Тұрлыханова сияқты.
ҰОК-нің президенті Геннадий Головкин. Ұлы спортшы деп әбден айтуға болады. Бірақ, шенеунік ретінде тұлға емес. Қасына баласын ертіп, жанкүйерлердің ортасында ыржаңдап отыр. Ал, осы қызметте болған Темірхан Досмұхамедовтер құрметті қонақтар отыратын ложада қасқайып отыратын. Мұз жүзі жылымай. Бәрімен терезесі тең. Паң еді. Мәселе шеше алатын. Қазақ баласын қиянатқа бермейтін.
Міне, қазақ спортында тұлға жоқ екендігі, көрінген қағынды ит есігіміздің алдын көлдетіп кететіндігі осыдан көрінеді.
Махмұд, саған өкпе жоқ. Өз ауылыңның қандендерінің үргеніне қыңба. Сенің басқан ізіңнен садаға кетсін олар. Соңғы раундта түңіліп, бокстаспай артыңа қарап қолыңды қайта-қайта сілтеп бара жатқан эпизодты қайта-қайта көрдім. Көзіме жас тығылды. Жүрегім езілді. Екі күн ұйқы көрмедік.
Екі олимпиадаға қазылық еткен досым, белгілі балуан Бақытжан Жақсығұлов «Бәке, жартылай финалға дейін олимпиада ол олимпиада. Содан кейін сауда басталады» деп еді. Олимпиадалық дәрежедегі төреші 2007 жылдан бастап, осы уақыт аралығында ересектер арасындағы 6 әлем чемпионатында, 23 жасқа дейінгі үш әлем чемпионатында, жастар арасындағы төрт әлем чемпионатында, сондай-ақ екі Азия ойындары мен 14 Азия чемпионатында жұмыс істеген білікті маманның айтқаны рас екен. Көзіміз жетті.
Қалың қазақты жабырқатқан Париж екі жыныстыларды да жарысқа қосып, тарихтың бетіне қара дақ қалдырдың.
Асланбек, Қамшыбек, Махмұд, Айбек, Мұхамедсабыр. Сендердің еш кінәларың жоқ. Кінә, бізде. Сендерге қорған бола алмаған...
Бақтияр ТАЙЖАН, журналист
Facebook-парақшасынан
Фото: дереккөз