Дәулеткерей Кәпұлы. Ертекті сүймеймін енді мен!
Өлеңдер
***
Тобылғы торы тіршілігім –ау,
Көбеңсіп қапсың көптен шын.
Дүлдүл тұяқтың дүрсілі дырау,
Дүр рухыма от берсін!
Сексеуіл шоқты жанарым менің,
Жасын ойнатшы жалғанға.
Бақытқа байтақ бала күндерім,
Алақан жайсын арманға.
Бала күндерім - балауыз бақыт,
Баяның кеткен жырақтап.
Қаймақ ерінге қара уыз қатып,
Қаймана жылдар жұбатпақ.
Жұбаныштарым – жыр ағыстарым,
Балауса белдің тұмасы.
Жанымның жазға құрақ ұшқанын,
Сарғалдақтардан сұрашы.
Бөрте жусанды,бұйырғын белді
Үйірлі жылқым жусаған.
Құйғыта шапқан құйын күндерді,
Талғажау етіп жүр санам.
* * *
Жота кездім, жүдедім,
Қыр басына түнедім.
Балбалтасқа бас сүйеп,
Қалғып кетсем – тілегім.
Таң нұрына боялсам,
Күнге құшақ жая алсам.
Балбалтастың жүрегі,
Бүлк еткенде оянсам.
Балбалтасым – балбөбек,
Саған да әлди ән керек.
Құсасы ма бабамның –
Құлағымда зар бөлек.
Балбалым-ай, мұңлығым,
Көк Тәңірге құлдығым.
Туған жерге сен ғана,
Байлап қойған кіндігін.
Құлағымда мұңлы үнің,
Іңір кештім, ілбідім.
...шекесін кеп қасып тұр,
Жұртта адасқан бір құлын.
* * *
Ақ сағымның ұлпасына,
Таң жиектеп жылт асыла.
Елік қызыл ерте ілінді,
Ерейменнің қырқасына.
Түн тынысын зорықтырып,
Ен далаға еніп кіріп.
Күн құлағы қылтиды, әне,
Елік қырды еліктіріп.
Бөбек қала бал тілегі,
Қараңғылық тәлтіреді.
Гүл етегін самал желпіп,
Түн етегін таң түреді.
Арда туған қазағынан,
«Қараөткелдің базарынан».
Күн қымсынып қызарады,
Астананың ажарынан.
Сарыарқаның төсіне құт,
Күн керуен көші жетіп.
Есіл бөбек есінейді,
Ескі арнаны бесік етіп.
Күн тілегін ұғынғанша,
Дала төсі суынғанша.
Оқжетпеске оқша атылып,
Ілбіс-іңір тығылғанша.
Күн құшағында Астана!
* * *
Қамырық оймен қамалып қалаға мәжнүн,
Шаттығын күтіп шаршап ем, шағала жаздың.
Көктемге көңіл ұмсынтып, көкке қаратты,
Санамда сарқыт даусы сарыала қаздың.
Жап-жасыл торғын жапырақ құшып әлемде,
(Айналса шіркін, түндегі түсім өлеңге!)
Көктемнің демін алқынған аспаннан сездім,
Кезқұйрықтар кенеттен кісінегенде.
Анау бір көлден сұқсұрлар сымпылдап ұшып,
Қыңсылап қалды сақманның жұртында күшік.
Жуасып қалған жусан да жал күдірейтті,
Құмырсқалар шаттықтан мұртын қағысып.
Қараторғайдың көк иіскеп тұмсығыменен,
Көктем ғой келген кешігіп, бұл шыныменен.
Сәуірге маңдай сүйеген балапан қайың,
Өмірге өлең арнап тұр бүршігіменен!
* * *
Мәрмәрдің жағасы мамыр күн,
Ақанның әнінде лағыл мұң.
Әніңді үзбеші, достым-ау,
Сағыныш соңында сарылдым.
Айлы ақшам, Стамбұл шаһары,
Ешкіммен жоқ сынды шатағы.
Еріксіз есіме түседі,
Балдырлы көлдерім, бақалы.
Топқапы сарайы – патшалық,
Баязит дүрлеген бақ шауып.
Бір тегім Күлтегін емес пе ед,
Білмеймін қай тұста ақсадық?!
Азаншы, мүлгіген мұнара,
Теңізде тербелген Күн ана.
Османлы түркінің бақыты,
Тәңірден тартылған сыбаға.
«Өтүкен қойнауы да Алтайда,
Үкөктің жайлауы да Алтайда.
Күлтегін құратын қағандық,
Түркінің байрағы да Алтайда.
Қағаннан қағаны алмасқан,
Алтайда басталып алғашқы ән.
Сондықтан тұғырым тым биік,
Содан да рухым алдаспан!
Ақтүтек боранын түтеткен,
Тарадық Алтайдан, Үкөктен.
Жалауын жау жыға алмаған,
Қағаны қадамын құт еткен!»
...Осы оймен теңізге телмірем,
Осқырына берді жел-күрең.
Cтамбұл, аштың-ау көзімді,
Ертекті сүймеймін енді мен!