Гүлімай Әбішқызы. Айттың тек жаман қыздар жылайтынын...

Malim Админ

  • 23.06.2021

Өмірзая!

Мендіктің зая бəрі.

Жек көргенім, сүйгенім...аяғаным.

Сиямын деп сүннеттің қалыбына,

қиямын бек құрметке сай ағаны.

Зая бəрі.

Зая бəрі!

Адалым,тазалығым,

естігенім ұжмақтық ғазал үнін.

Ай астында ашқанда аза бүрін

сəулесі өшіп үр сезім ғажабының,

мүрде аңқып,

маңып кетті мазалы күн.

Назалымын.

Өмірзая!

Сені де тоса ма мұң?

Əлі аңсаумен жүрмісің қосақ əнін?

Жерден,көктен екеуміз телміргенмен

жақтауына бір ғана босағаның;

маған да жолықтырмас дос адалын,

сен де өзгерт əпсанаңды боса амалың.

Сені "зая" атаған Жасағаның.

Мені зая матаған Жасағаным...

Өмірзая,

біздіктің зая бəрі.

 

                  ***

Қызалақ бала едім-ау
іс – шала, ойым – «дана»
Ақтөбе, қала едің ғой
сен қарапайым ғана.
Сөмкеме сыймай қалып сайын дала,
шыт көйлек, көз, көңілге
толтырып, уайымды ала
келгенмін саған сеніп.
Жаз. Маусым айында ма.
Өзіңе мұң шағушы ем,
жоқ, әлде қайыңға ма.
Ауылым, апамды ше?
Әлде... М. жайында ма?
Дегенсің;
«сағынышты мойындама!»

Айттың тек жаман қыздар жылайтынын
Әдемі болмайтынын бұлай түрім...
Содан шығар жетем деп сұлулыққа
«біз өкшемен» жүгіріп құлайтыным.
Содан шығар қойныңа күз кіргенде
Тәңірден саған көктем сұрайтыным.
Білсем-ші қаланың да құрылысын
жүректегі жылдардың құрайтынын.

Төсіңді талай қиқу дүбірлетіп
керуен оздырғанда.
Бәс тігіп бозашының «бәйгесіне»
бос қауыз, боз қырманда.
Бармағым тістегенде шер саулаған
бекерге сөз құрбанда
Біздің жалаң жанымыз
көзге, ұрғанда
Бір күні!
Берекеге кез қылғанда
Ақыры мерекеге кез қылғанда
Екеуміз
Тағы да шық сүйестіріп
Тұрайық та!
Күз келіп, бұйырғанша бір айыпқа.

Алшынның ақ қанатын төгілдіріп
көтердің бойың көкке
Менің де шашылып қап ойым көпке
Әйтеуір, екеумізде дос көбейді
Мақтайтын мұнайың деп, тойың деп те
«Мырзаң» да, «мүмінің» де төріңе озды
Сабырмен сойыңды епте,
Ақтөбем!

 

                       ***

...Ұштым ұждан жұмағынан

қанатымды сүйіп күн.

Қиялыңда дос көрдің бе,

қош келдім бе, сүйіктім?

Боздауық таң бауырында

безілдетіп ақ сырнай.

Бозаң қалам, жатырмысың

бағы қонған тақсырдай.

Өтіріктің өкшесіне

өрмегімді ілдім де,

тарқамайтын кемпірқосақ

тоқып қойдым,білдің бе?

Бүрме-бүрме бес күнімнің

қымтай-қымтай тақымын.

Сирағыма жетпей қалды

ырылдауық шақырым.

Жетім көңіл жылтың қағып

жұлығынан жалғанның.

Күнді əкеткен көкжиекке

кеште тағы алдандым.

Қарашаның құндағында

қалғығанда ызбай мұң,

кірпігімді кезек-кезек

күзеткен-ді жүз қайғым.

Жанарыма жасырынған

жарқылдан да жалықтым.

Бауырыңа енсем бе екен,

мен де сендей ғаріп,түн?

...Ұшсам ұждан жұмағынан

қайта айналып келем бе?

Қанатымды қайырып ап...

Құлап түссем!

ӨЛЕҢГЕ!!!

 

                       ***

Көкжиек көлеңдейді қиялды арбап,

құс жолы жер бауырлап.

Мысырдан мен деп ұшса, қайда қонды

əпенді, перғауын-бақ?!

Өткенге емексітіп ақ сағымның

үкісі бұлғақтайды.

Жүйкемнің əр тінінен əуен сауып,

тербейді ырғақ-қайғы.

Түйсікке тəу еткенсіп етпеттесе

талайсыз ақыл-қаған,

жалт ойнап жайлауында зар сезімнің

тайраң от лапылдаған.

Қатпаған бұғанасы біздік үміт

ғайыпқа сүйеніп құр,

құрдымға құлайтындай табан тайса.

Хақ,өзің иелік қыл.

Көпсініп мені ғалам,алқынады,

кілкілдеп төсі лайдан.

Тылсымның тасасында көп отырдым

шекесі тасырайған.

Аспанға апарар жол табар екем,

анашым,осы қайдан?

Ноқтасын ақ ботаңның түресің бе,

тігерге қосын айдан?

Ғайыпқа ерейінші! Табылмай тұр

ғапылға тосын айлам.

Өзіңе оғым тиіп кетпесін деп

...жеңілдім осы майдан...

Ғазиз анашым!!!

 

                     ***

Айырмастан соры қайда, бақ қайсы,

қыршып өтіп бара жатыр ақ қайшы.

Қойын-қонышы шұрық-тесік дүние-ай,

абайсызда түсіресің... таппайсың!

Көзің жасы араша емес, мақұлдау.

Мəртім еді, мұзды ақиқат шақырды-ау.

Жəннəт сынды жамбастағы ақ орам,

мəйіт кетті. Кетті мəйіт батылдау.

Намаз саптап тəубешіл мен сауғашыл,

жасық қалды жая жаздап жауға сыр.

Құба жонда қабырғасы қайысқан

құлындарын жұбатып жүр нау ғасыр.

Куə-куə,куəдүрім сан қайғы.

Бақи айтса,танбайды.

Фəни кештеу аңдайды.

О мен бұ-ның жігі--қара құлпытас!

Соғып жатыр,соғып жатыр маңдайды.

Ақиретке айтам ақтық бітімді,ел!

Тебен болам ақ қалтасын бүтіндер!

Тігіс тістеп,қалам мəңгі тіреліп!

Не жыртығын жамап қайтам.

Күтіңдер!

 

              ***

Қос өркеші дір-дір,
қоялығы үлбір,
жанары мөлтең-мөлтең,
жаратылысы көркем 
бір бота
боздап барады, боздап барады.
Баянсыз əлем бүйірі
бүлк ете жаздап қалады.

Қасіреті тірсегінен қағып,
көз жасынан қасаң тұмар тағып.
Үлпілдегі үп еткенмен билеп,
үміт жалғап, үзік ноқта сүйреп,
тұмсығымен түнек түртіп, ойнайтынын-ай
Шаршамай ма,
шер шайнауын қоймайтынын-ай!

Жетердей Балқан тауына,
көнердей арқандауына
тапырақтайды-ай,
жолына өсесің-ау сен,
өзегін тесесің-ау сен,
жапырақ-қайғы-ай! 

              

                  ***

Пашаның иті екеуміз
неге осы алаңдаймыз?
Білеміз ғой, тіріде таланбаймыз.
Арқаласқан екі үйдің "арқалысы
"– біз.
Көшеден жайлы бірақ қалтарысымыз.

 

Кететіндер шыққанша зыр қақтырамыз,
біреу құйрық, біреу қол бұлғап тұрамыз.
Ол түнімен қыңсылап,
мен тəңірден мұң сұрап,
кірпік ілінбей,
Таң толғатып ызбайланғанда,
көктің желіні сыздай қалғанда
үрпі білінбей.
Күңгірт əйнек бұлдырап,
шылбыр əнтек сылдырап,
елеңдесеміз.
Уа, жарық күн!
жайды ұқпайсыз ба,
ұяңыздан шықпайсыз ба,
келем десеңіз?!

 

                 ***

Құстар да құр қалқи ма
ұшу керек болғасын,
қарағашта қалғи ма
жасыл-жасыл қорғасын?
Мен мен емес бір міскін,
меңіреу түн жолдасым.
Мысық мұрты мегзеген
жақта-ау сірə,
жол басым.

Табыл-табыл,тыныштық
табылсаңшы маған бір.
Тереземнің ар жағын
тезге салған ағам жүр.
Түнгі бақтың тылсымы-ау,
сенің берген бағаң--дүр.
Таптаурынға оралсам
тиындық пұл табам кіл.
Өз жанымды өксіткен
тəнге қалай жағам бұл?
(Қалай-қалай заман бұл?)

 

                   ***

Ғазал бақтың əр күлтесін малданып,

көкжиектің көп түсіне алданып,

қыр асқам.

Жолай іздеп жүрек емін,

төбемді əркез тірегенім

бір аспан.

Жердің беті тұнған бақыт,

шалқып өтем думандатып,

деген ем.

Соңыма сан жол тарап құр,

талқанымды орталап тұр

тегенем...

Қанша мұңды жетектедім,

уіліңді етектедім,

тын,дауыл!

Бақсызбын деу-əсіре тым.

Бағы жанған қасіретім-

құмды ауыл.  

Байланысты жаналықтар

Бейімбет Майлиннің өлеңдері

25.07.2024

Ақын Жұматай Жақыпбаевтың өлеңдері

23.07.2024

Ақын Кеңшілік Мырзабековтың өлеңдері

23.07.2024

Сәкен Сейфуллиннің өлеңдері

19.07.2024

Жандарбек Болатбекұлы. Жанып-жанып басылады өз кеудем...

26.08.2021

Қалау Сәлеметбайұлы: Қасиетті көлім, сені сағындым!

10.03.2021
MalimBlocks
Бейімбет Майлиннің өлеңдері

Бейімбет Жармағамбетұлы Майлы 1894 15 қарашада Қостанай облысы, Бейімбет Майлин ауданында дүниеге келген. 1938 жылы 26 ақпанда Алматы қаласында қаза тапқан. Қазақтың көрнекті жазушысы, ақыны, драмашысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Ақын Жұматай Жақыпбаевтың өлеңдері

Жұматай Жақыпбаев (1945-1990) - Алматы облысы, Талдықорған ауданындағы Ешкіөлмес ауылында туған. Журналист. Ақын. Еңбек жолын кітапхана меңгерушісі болып бастаған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газетінде, облыстық радиода және «Жалын» альманахында поэзия бөлімінің редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болды. Алматы қаласы көшелерінің біріне есімі берілген.

Ақын Кеңшілік Мырзабековтың өлеңдері

Кеңшілік Ағытайұлы Мырзабеков 1946 жылы 6 маусымда Қостанай облысы, Жангелді ауданында дүниеге келген. 1989 жылы 30 қаңтарда Алматыда қайтыс болған. Журналист. Ақын. ҚазМУ-дың журналистика факултетін бітірген. Қостанай облысы “Коммунизм таңы” (қазіргі “Қостанай таңы”), “Лениншіл Жас” (қазіргі “Жас Алаш”), Алматы облысы “Жетісу”, “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газеттерінде, “Жазушы” баспасында, “Мәдениет және тұрмыс” (қазіргі “Парасат”) журналында қызмет атқарды. Ақынның алғашқы жинағы “Іңкәр дүние” 1972 жылы баспадан шықты.

Сәкен Сейфуллиннің өлеңдері

Сәкен (Сәдуақас) Сейфоллаұлы Сейфуллин (1894 жылы 15 қазанда Ақмола уезі, Ақмола облысында туған. 1938 жылы Алматы қаласында қаза тапқан. Қазіргі қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі, ақын, жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері. Қазақстан жазушылар одағының негізін қалаушысы.

Жандарбек Болатбекұлы. Жанып-жанып басылады өз кеудем...

Өлеңдер

Қалау Сәлеметбайұлы: Қасиетті көлім, сені сағындым!