Каратэшілеріміз Мәскеуді мойындатып қайтты

  • 11.10.2021

Өткен апта Қазақстан спортшылары үшін маңызды жарыстарға толы болды. Норвегияның Осло қаласында әлем балуандары бақ сынаған дүниежүзілік дода мәресіне жетті. Сонымен қатар, волейболдан әйелдер арасында клубтық Азия чемпионаты өтіп, онда біздің бойжеткендер бас жүлдемен оралды. Ал, Италияда қысқы Олимпиада ойындарының жолдамасын сарапқа салған хоккейші қыздарымыз шешуші ойында ұтылып, қысқы Олимпиада ойындарынан тыс қалды. Осы және тағы да басқа айтулы жарыстардың нәтижелері «Malim.kz»-тің бүгінгі топтамасында.

***

Алдымен бүкіл әлем көз тіккен балуандар бәсекесіне келейік. Еліміздің балуандары кезекті рет әлем біріншілігінен алтын медальсіз қайтты. Сонау 1999 жылдан бері жаһандық жарыстың бас жүлдесіне жете алмай жүрген балуандарымыздың жеңілістеріне өкінішке  қарай, етіміз үйрене бастады. 

Осыдан үш жыл бұрын әлем біріншілігі Нұр-Сұлтанда ұйымдастырылған кезде балуандарымыздан кемі бір алтын медаль күтіп едік. Өз елімізде, өз жерімізде, миллиондаған жанкүйерлердің алдында балуандарымыз барын салатын шығар дедік. Жоқ, ол кезде де үмітіміз ақталмады. Жігеріміз құм болды. Алтын біткеннің бәрін Ресей, Иран, Жапония, Грузия балуандары қиша сыпырып әкетті. Қазаққа бұйырмаған алтын медаль сол кезде қырғыз бауырларға бұйырды. 

Қырғыз демекші, осы әлем чемпионатында Қырғызстан балуандары айды аспанған шығарып, 2 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль алды. Олар мұндай жетістікке әлем чемпионатының тарихында тұңғыш рет қол жеткізді.

Ал Қазақтан балуандары не істеді? Жарысқа алғашқы болып шыққан еркін күрес балуандары бірде-бір жүлде алмай, Норвегия астанасынан құралақан қайтты. Ал, қыздар күресінде Жәмилә Бақбергенова мен грек-рим күресінде Алмат Кебісбаев аз да болса абыройымызды сақтап қалды.

72 келі салмақта күрескен Жәмилә Бақбергенова финалдық белдесуде жапониялық қарсыласынан ұтылып, әлем чемпионатын күміс медальмен аяқтады. Жәмиләнің бұл жетістігін бас бармақпен бағалауға болады.

Грек-рим күресінде қоржынымызға жалғыз қола медаль салған Алмат Кебісбаевқа айтар сөз жоқ. Ол осымен әлем чемпионатындағы бесінші жүлдесін алды. 2010 жылы қола медальмен қайтса, 2011 жылы финалда ұтылып, күміс медальді қанағат тұтты. Одан бері үш бірдей әлем чемпионатында үздік үштікті түйіндеді. Әлем немесе Олимпиада чемпионы деген атағы жоқ демесеңіз, дәл қазір әлемде Алматтай күресетін балуан кем де кем. 

Жалпы соңғы жылдары Алматтың ардагер балуан екенін, жастарға орын босату керектігі көп айтылып жүр. Бірақ, Алматтың өзі әлі де жастарға қарағанда тәжірибесі мол, әлемдік деңгейде әлі де болса күресе алатынын осы әлем чемпионатында тағы бір мәрте көрсетті. Елімізде Алматты жеңетін балуандар жоқ емес, бар. Бірақ, дәл Алматтай күресетін балуан жоқтың қасы.

 

***

Хоккейден Қазақстанның әйелдер құрамасы қысқы Олимпиада ойындарына қатыспайды. Италияда өткен алғашқы іріктеу турнирінде еліміздің бойжеткендері Испания, Тайпей және айдын иелерімен бір топқа түскен. Алғашқы ойын қыздарымыз үшін сәтті өтіп, Тайпей құрамасын 7:1 есебімен жеңдік. 

Екінші ойында хоккейшілеріміз Испаниядан бір ұпай ғана алды. Ойын 2:2 есебімен тең аяқталған-ды. Булит сериясында Пиреней түбегінен келген ұжым басымдық танытты. 

Қазақстан құрамасын соңғы ойында Италияны ұтқанда екінші іріктеу кезеңіне қадам басар еді. Алайда, олай болмады. Италия шешуші сәтте екі шайба соқты. Қазақстандықтар бір шайбамен жауап қайтарғанымен таразы басын теңестіруге шамалары келмеді. 

Осылайша, Қазақстан хоккейшілері келесі жылы Қытайда өтетін Олимпиада ойындарынан тыс қалды. Бұған дейін ерлер де іріктеу сайысынан сүрініп, Олимпида жолдамасынан қағылған.

 

***

Өткен аптаның тағы бір айтулы оқиғаларының бірі – «Алтайдың» чемпион атануы.  Өскемендік волейбол клубы Таиландтың Накхонратчасима қаласында өткен клубтар арасындағы Азия чемпионатында қарсылас шыдатпады.

Құрлық біріншілігі жыл сайын өтеді. Тек былтыр пандемияға байланысты жарыс ұйымдастырылмады.

«Алтай» топтық сайыста «Ребиско» (Филиппин), «Сайпа» (Иран) және «Суприм Чонбури» (Тайланд) командаларымен ойнады. Сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын өскемендіктер топтан еш кедергісіз шықты. Үш ойында жеңіске жеткен волейболшыларымыз бірден жартылай финалға жолдама алды.

Финалға шығар жолда «Алтай» қыздары  Иранның «Сайпа» командасымен қайта жолықты. Ирандық бойжеткендер ширек финалда Талдықорғанның «Жетісу» клубынан айласын асырған еді. Финалдық жолдама сарапқа салынған ойын 3:1 есебімен «Алтайдың» пайдасына шешілді.

 Финалда Марко Гршичтің командасы жергілікті «Нахон Ратчасима Qmin C» клубын оңай ұтты. Үш кезеңге созылған матч «Алтайдың» айқын басымдығымен өтті – 3:0.

Осылайша клубтар арасындағы Азия чемпионатының бас жүлдесі араға он төрт жыл салып, Қазақстанға оралды. 2007 жылы дәл осындай турнирде Алматының «Рахаты» жеңімпаз атанған болатын. 

         ***

 Токио олимпиадасынан кейін біраз тыныққан каратэшілеріміз Мәскеуді мойындатып қайтты. Олимпиада ойындарынан кейін алғаш рет ұйымдастырылған Премьер-лига жарысында Асқар Молдағалидің шәкірттері 3 алтын, 1 күміс медаль жеңіп алды. 

 Ерлер арасында 60 келіде өнер көрсеткен Кайсар Алпысбай финалда ресейлік Евгений Плахутиннен басым түсіп, ел қоржынына алтын медаль салды. Сондай-ақ, қыздар арасында 50 келіде ел намысын қорғаған Мөлдір Жаңбырбай да Мәскеу төрінде топ жарды. Мөлдір алтын үшін болған айқаста австриялық Беттина Плантен айласын асырды. 

55 келі салмақта өнер көрсеткен Забина Захарова да іріктеу сайыстарын сәтті өткізіп, финалға шығып еді. Алайда, Сабинаға сәл сәттілік жетіспеді. Ол финалда ресейлік Анна Чернышевадан ұтылды. 

Қазақстан қоржынына үшінші алтын медальді Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Софья Берульцева салды. +68 келі салмақта күш сынасқан Софья қызымыз жекпе-жектерінің барлығын айқын басымдықпен жеңді. Финалда ресейлік Вера Коволевадан күшті екенін дәлелдеді. 

Енді каратэшілеріміз Марокконың Рабат қаласында өтетін Премьер-лигаға қатысады. Одан кейін Молдағалидің шәкірттерін Дубайдағы (БАЭ) әлем чемпионаты мен Алматыда өтетін Азия чемпионаты күтіп тұр. Биылғы құрлық біріншілігі 19-22 желтоқсан аралығында ұйымдастырылады.

Суреттер «ihf.com» «volley.kz», «wkf.net», «uww.org» сайттарынан

 

 

 

 

 

 

Байланысты жаналықтар

Асу Алмабаев UFC рейтингінде 7-орынға көтерілді

22.10.2024

Әйелдердің сөзін сөйлейтіндердің қатарынанмын - Елдос Сметов

22.10.2024

Жәнібек Әлімханұлы келесі жекпе-жегін кіммен өткізетіні анықталды

21.10.2024

Асу Алмабаев UFC-де төртінші қарсыласын жеңді

20.10.2024

«Қалжыңымды түсінбесе, менікі дұрыс болмағаны». Черчесов айтқан сөзіне түсініктеме берді

19.10.2024

«Барыс» легионерлерден бас тартты

18.10.2024
MalimBlocks
Асу Алмабаев UFC рейтингінде 7-орынға көтерілді

Бұған дейін ол 14-орында тұрған.

Әйелдердің сөзін сөйлейтіндердің қатарынанмын - Елдос Сметов

Спортшы әрдайым анасын қорғауға дайын тұратынын айтты

Жәнібек Әлімханұлы келесі жекпе-жегін кіммен өткізетіні анықталды

Асу Алмабаев UFC-де төртінші қарсыласын жеңді

Ол жалпы карьерасында 16 жеңістен тұратын сериясын жалғастыра түсті

«Қалжыңымды түсінбесе, менікі дұрыс болмағаны». Черчесов айтқан сөзіне түсініктеме берді

Ол қазақша сұрақ қойған журналиске қалжыңдаймын деп дауға қалған болатын

«Барыс» легионерлерден бас тартты

Елорда клубы енді легионерлерге мұқтаж емес.